astana-view

Қазақстанда Кәсіпкерлік кодексті қабылдау үшін 11 заңның күшін жою керек болады - сарапшы

2014 жылғы 08 Қазан
2465 просмотров

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексін қабылдау үшін 11 заңның күшін жою керек болады. Бұл туралы бүгін Алматыда Кәсіпкерлік кодекстің жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел барысында Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Жанна Ахметова мәлімдеді.

Оның айтуынша, осыған байланысты, күшін жоятын заңдарға сілтеме жасайтын ағымдағы заңнамалық актілердегі тиісті нормаларды да толығымен қайта қарап шығу керек болады.  

«Бұл Кәсіпкерлік кодексті қабылдаудағы басты мақсат - мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы қарым-қатынастарды реттеу саласындағы барлық заңнамаларды жетілдіру, дамыту және кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуге арналған заңнамалық актілердің нормаларын осы кодекске шоғырландыру. Және кәсіпкерлік қатынастарды құқықтық реттеу жолында кездесетін барлық қарама-қайшылықтар мен кемшіліктерді болдырмау. Сонымен қатар, Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысу еркіндігін қамтамасыз ететін  құқықтық, экономикалық және әлеуметтік шарттарды белгілеу. Міне, осыған байланысты кейбір заңдардың күшін жойып, қайсыбір заңнамалық актілерді, олардың нормаларын Қазақстанда тұңғыш рет қабылданайын деп отырған Кәсіпкерлік кодекс жобасының ережелеріне сәйкестендіруі қажет болады. Бұл өте маңызды шаруа», - деді өз сөзінде Жанна Асанова.

Айта кетелік, елімізде Кәсіпкерлік кодекс жобасының, тіпті оны қабылдау туралы бастаманың талқыланып келе жатқанына 4 жылдың жүзі болды.  Дегенмен, Елбасының тапсырмасы бойынша қалай болғанда да Кәсіпкерлік кодекстің жобасы үстіміздегі жылдың соңына дейін ҚР Парламенті палаталарының  қарауына берілуі тиіс.

Бүгін Алматы қалалық кәсіпкелер палатасында өткен дөңгелек үстелге кәсіпкерлер, әр түрлі саладағы қауымдастықтардың өкілдері және бизнес саласындағы сарапшылар қатысты.

Дерекнамасы: Казинформ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер