astana-view

Тараздық кәсіпкерлер электр бағаналарын жалға алуға мәжбүр

2014 жылғы 27 Қазан
2206 просмотров

Тараз кәсіпкерлері монополистердің электр бағаналарын жалға алу туралы қосымша келісімдер бекітуді талап етіп жатқандарын айтып, «Жамбыл электр желілері» ЖШС әрекеттеріне шағым түсірді, деп хабарлайды BNews.kz ҚР ҰКП баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жамбыл облысының аймақтық кәсіпкерлер палатасының құқықтық қолдау және қоғамдық мониторинг бөлімінің сарапшысы Нұралы Ергебаевтың айтуынша, тараздық бизнесмендер 3000 теңге мөлшерінде жаңа тарифтің енгізілуіне байланысты «Жамбыл электр желілері» ЖШС әрекеттеріне шағымдануда. Осылайша, кәсіпкерлер электр бағандарын жалға алу туралы монополистермен қосымша келісім бекітуге мәжбүр болып отыр. 

«Осы айдың басынан бері осындай 10 арыз тіркелді. Кейбір кәсіпкерлерді электр беру ұйымы үш күн ішінде кеңсеге келуді талап етіп, олай болмаған жағдайда электр сымдарын бағаналардан ажыратып тастаймыз деп қорқытқан», - деп жазады palata.kz.

Кәсіпкерлердің шағымында айтылғандай, кеңес уақытында орнатылған ескі бағаналар әлі күнге дейін жөндеу көрмеген, ауыстырылмаған да, ал сымдар үзіліп қалған жағдайда бизнесмендер электр мамандарын өздері жалдап, жөндеуге қажет ақшаны да өз қалталарынан шығарады екен. 

Бұған қоса, кәсіпорынды ашар кезде олар электр беру қызметі мен ұйымдарының барлық қызметін төлеп, тиісті рұқсат алады. 

Қазір істің мән-жайын құзырлы органдар тексеріп жатыр. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер