astana-view

ПАЛАТА КӘСІПКЕР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАЙДЫ

2014 жылғы 25 Қазан
2888 просмотров

Өткен жылдың қыркүйек айында елімізде кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы құрылғаны белгілі. Ел үкіметінің сенімді серіктесіне айналуды мақсат тұтқан ұйымның өңірлік бөлімі біздің облыста осы тұста өз жұмысын бастаған -ды. Палатаның жыл ішінде атқарған жұмысы жайлы білу үшін біз Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаровты әңгімеге тартқан едік.

– Өңірлерде Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының ашылып, жұмыс жасай бастағанына 1 жыл толыпты. Әңгімені палатаның атқарған жұмыстарын айтудан бұрын, оны ашу қандай қажеттіліктен туындағанынан бастасаңыз?

– Оң жамбасына келген тірлікті айналдырып жүрген кез келген кәсіпкерді тыңдай бастасаң, оларда проблемалардың шаш етектен екенін байыптар едік. Бүгіндері жай ғана бизнесті ашуға рұқсат алудан бастап қадағалаушы органдардың қаптаған тексерулеріне дейінгі мәселелер реті олардың өздерін ғана емес, жалпы қоғамды ойландырып отыр. Демек, проблема бар және оны шешетін уақыт жетті. Міне, нақ осы себепті де палатаны ашу үлкен қажеттіліктен туындады деп есептеймін. Біздің негізгі мақсатымыз кәсіпкерлердің мүддесін көздеп, құқықтарын қорғау, оларға мейілінше қолдау көрсету, сөйтіп олардың сенімді өкіліне айналу. Бұған қоса, біз бизнестің ең өткір деген проблемаларына зерттеу жүргізіп, оларды шешуге күш салудамыз. Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру саласында да мемлекеттік мекемелермен өзара әрекеттесе отырып жұмыс жасап жатырмыз.

– Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы құрылғанға дейін бұл функцияны қандай мекеме немесе ұйым атқарып келді?

– Еліміз бойынша Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғанға дейін мұны белгілі бір дәрежеде «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы атқарды деуге болады. Ал, аймақтарда олардың бөлімшелері жұмыс істейді. Алайда, ол жай ғана қоғамдық ұйым болатын. Тіпті оның тәжірибелі, білікті сарапшыларды тартып, арнайы экономикалық зерттеулер, талдаулар жүргізуге де мүмкіншілігі болмады десем қателеспеймін. Яғни, құзыреті шектеулі болды. Ал, құрылғанына жыл толып отырған ұлттық палата өздеріңіз білетіндей, арнайы заң аясында жұмыс істейтін, Елбасының өзі қолдап, ашылуына мұрындық болып отырған қызмет аясы кең іргелі ұйым. Палатаға барлық деңгейдегі бизнес субъектілері мүше. Олардың мүшелігі заңмен айқындалған. Ал, палата жұмысына кәсіпкерлердің өздері бақылап, баға береді.

– Аталған палата шағын және орта бизнес өкілдеріне нақты қандай көмектер көрсетуде? Ұлттық палатада қазір қанша маман еңбек етеді?

– Нақты кезеңде Ұлттық палатаның жүйесі орнығу кезеңінен өтіп, негізгі ұйымдастыру шаралары аяқталды. Бүгінгі таңда Ұлттық палатада барлығы 866 қызметкер жұмыс жасайды, бұл жоспарға шаққанда 40 пайызды құрайды. Соның ішінде 30 пайызы – орталық аппаратта, 70 пайыз жергілікті жерлерде, яғни облыс орталықтарында және аудандарда. Ал, 16 өңірлік палатада 432, 137 аудандық филиалда 167, орталық аппаратта 267 эксперт еңбек етуде. Жалпы, Ұлттық палатының филиалы мен бөлімшелері барлық аудандарда ашылып жұмыс жасап келеді. Негізінен, кәсіпкерлер палатасы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік бағыттар бойынша, яғни үш бағыт бойынша жұмыс жасайды. Біз кәсіп иелеріне және кәсібін енді ашамын дегендерге де осы бағыттар бойынша көмек береміз.

– Енді осы үш бағытты тарқатып өтсеңіз...

[ПАЛАТА КӘСІПКЕР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАЙДЫ] – Бірінші, негізгі басым бағыт кәсіпкерлердің құқықтарын барынша қорғау және мүдделерін білдіру. Біздің басты мақсат бизнеспен айналысуға жағдай жасау болса, алғашқы қадамымыз кәсіпкердің құқығын қорғаудан басталады. Осы орайда, палатаның құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс жасайтынын баса айтқым келеді. Айталық, осы жылдың басында облыстық прокуратурамен әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. Осы келісім шарт аясында прокуратурамен бірлесіп, «Мобильдік топ» құрылды. Оның түпкі мақсаты – заңсыз тексерулердің алдын алу және әкімшілік кедергілерді болдырмау. Мәселен, осы кезге дейін 50-ден астам аса жедел шақыртулар түсіп, тиісті жұмыстар жасалды. Сонымен бірге, бізде кәсіп иелеріне жедел әрі сапалы қызмет көрсету үшін CALL-орталық ашылып, жұмыс жасауда. Нақты кезеңде 300-ден астам телефон қоңыраулары арқылы кәсіпкерлерге кеңес берілді. Айта кетейік, осы CALL-орталыққа үйіңізде, жұмыс орныңызда отырып-ақ 59-79-60 номеріне хабарласып, Қазақстанның кез келген аймағынан тегін кеңес алуыңызға болады. Палата құрылған кезден бастап, яки жыл ішінде бізге 1600 өтініш, сұраныс-хаттар келіп түсті. Оның ішінде 234-і нормативтік құқықтық актілерді сараптамадан өткізуге байланысты болса, есепті кезеңде оның 60-қа жуығына ұсыныстар мен ескертпелер беріліп, тиісті сараптамалық қорытындылар мемлекеттік органдарға ұсынылды.

– Демек, сіздер кәсіпкердің мұңын жоғары жаққа жеткізетін, жалпы кәсіпкерлер мен билік арасындағы алтын көпір қызметін атқарасыздар ғой..

– Иә, біздің үлкен құзыретіміз кәсіпкерлердің проблемаларын зерттей, сараптай келе тиісті қорытындылар шығарып, заңнамалық құжаттарға бизнестің мүддесі үшін өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасай аламыз. Біз ол мәселелерді шешіп, оны түпкілікті жою үшін кәсіпкерлердің танымын өзгертіп, белсенділігін арттыруға тиіспіз. Сондықтан, ең әуелі жыл бойы өз жұмысымызды көрсете отырып, олардың сеніміне ие болдық деп ойлаймын. Олардың сенімі – біз үшін ең маңызды фактор. Бизнесмен кез келген қиын жағдайда бізге үміт арта алатынына, қолдаушысы бар екеніне сенімді болса, біздің бір міндетіміздің орындалғаны. Қазірдің өзінде біршама жұмыстар атқардық. Мәселен, жыл басынан бастап Елбасының тапсырмасы бойынша барлық заң актілеріне тексерулер жүргізіліп, ҚР кәсіпкерлікті дамыту мақсатында заңдарға түбегейлі өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы дайындалуда. Осыған орай, нормативтік құқықтық актілерді (НАҚ) әзірлеу барысында жалпы, ҰҚП-мен заңдарға 410 өзгеріс әзірленді. Оның ішінде 239-ын Үкімет мақұлдады. Айта кетейік, сараптамаға жолданған барлық НАҚ-тың жобалары палатаның сайтына жарияланды. Бұл өз кезегінде онлайн режимінде ұсыныстар мен ескертпелер беруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 397 мәселенің 27-і өз шешімін тапты, 189-ы мемлекеттік органдармен мақұлданды. Ал, қалған 175-і орындалу үстінде.

– Негізгі үш бағыттың бірі – экономикалық бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тарқатып өтсеңіз?

– Экономикалық блок жұмысы – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі күретамыры болып табылады. Бұл бағытта да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мысалы, палата тарапынан жүргізілген талдаулар нәтижесінде облыс әкімдігіне бірнеше ұсыныс енгізілді. Олар: өңірлік инвестициялық орталық құру, мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігін онан әрі дамыту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту картасы жасалды, барлық ауданда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарын құру, индустриялды аймақтарды басқаратын мекеме құру және кәсіпкерлерге сервистік қызмет көрсету жұмысын ұйымдастыру. Сонымен қатар, «Даму» қорымен бірлесіп облыс орталығында 2 кеңес беру орталығы ашылып, жұмыс жасауда. Осындай сервистік қолдау орталықтары барлық аудандарда ашылып, жұмысты қарқынмен жүргізіп келеді. Бүгінгі күні 3 мыңға жуық кәсіп иесіне 5 мыңнан астам кеңес берілді. Олардың басым көпшілігі, яғни 72 пайызы несиелендіруге қатысты. Осы орталықтарда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында сервистік қызмет ақысыз көрсетілуде. Оның ішінде бухгалтерлік және салық есебін жүргізу, кедендік рәсімдеу, заңгерлік қызметтер, менеджмент жүйесін енгізу мен маркетингтік зерттеулер, ақпараттық технологиялар саласы және бизнес жоспарларын дайындап беру бойынша тегін қызмет көрсетіп келеміз.

Бүгінгі таңда 500-ге жуық кәсіпкерге қызмет көрсетілді. Негізінен кәсіп иелері бізден көбіне заң, бухгалтерлік, салық, бизнес жоспары және мемлекеттік сатып алу сұрақтары бойынша көмек сұрап келеді. Бұл жұмыстар жүйелі түрде және тегін жүргізілетінін баса айтқым келеді.

Жалпы, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен бизнесін енді бастаған азаматтарға инвестициялық жобаларды қолдау бөлімінде бизнесті ашудан бастап бизнес жобаны әзірлеуге, инвестиция көздерін іздестіруге, рұқсат беру құжаттарын алуға ықпал жасалып, бұл бағыттағы жұмыстар да жүйеге түсті. Осы орайда еліміз бойынша 30 мың данамен жарық көрген "Шағын бизнеске арналған 100 жоба” атты кітаптың 4 мың данасын облыс кәсіпкерлеріне тегін таратқанымызды айта кетейін. Бұған қоса, облыста жүзеге асырылатын серпінді жобалар мен ірі локомотивтік жобаларға мониторинг жүргізіліп, олардың бастамашыларымен тығыз байланыста жұмыс жасалуда. Осындай келелі жұмыстар әлеуметтік бағыт бойынша да атқарылып келеді.

Жоғарыда атап өткенімдей, біздің палатаның міндеті кәсіпкерлер қауымдастығын біріктіру арқылы билікпен диалог алаңын құру және олардың мүдделерін қорғау болып қала береді.

– Тағы бір функцияларыңыз – техникалық және кәсіби маман иелерін даярлау дедіңіз. Оның шеңберіне не кіреді?

– Бұл үшінші, яғни әлеуметтік бағыттағы жұмыстар. Бірінші кезекте біз облыс әкімшілігімен меморандум жасасып, маман дайындау бойынша үш бағытты айқындап алдық. Олар – корпоративті басқаруды енгізу, жастарды ерте бағдарлау жұмыстары және еңбек ресурстары картасын жасау. Өздеріңіз білетіндей, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, «Дуальды оқытуды енгізудің жол картасын» жасап шықты. Енді бизнес пен білім беру саласы арасында ынтымақтастық орнап, тараптар кадр дайындау мәселесінде бірлесіп жұмыс жасайтын болады. Яғни, алдағы уақытта нарыққа қажетті мамандық иелерін дайындауға басымдық беріледі. Сонымен қатар бүгінгі таңда біз облыс әкімдігімен бірлесіп экономиканың дамуы бойынша 4 басым бағытты анықтадық. Олар: сервис және қызмет көрсету, құрылыс, ауыл шаруашылығы және геология, тау-кен өндірісі салалары. Осы айқындалған бағыттар бойынша қазіргі күні облыстағы 8 колледжге дуальды оқытудың жол картасына енгізілді. Бұл біздің кәсіптік және техникалық мамандықтар бойынша да маман дайындау ісімен айналысып жатқанымызды айқындайды. Өйткені, біздің кәсіпорындарға білікті мамандар жетіспей жатыр. Кадр тапшылығы көп салада кездесуде. Кәсіпкерлердің басым бөлігінің алдынан осы мәселе көлденең шығады да тұрады.

Сонымен бірге, палата тарапынан корпоративті басқару пилоттық жобасы аясында облыстық білім беру басқармасы және «Сервис және қызмет көрсету саласының кәсіпкерлері Қауымдастығымен» бірлесіп Қызылорда индустриалды-техникалық колледжін басқару келісім-шартына қол қойылды. Бұл жоба бойынша «ВestServis Ltd», «К-Group» және «Райым» ЖШС-лары аталған колледждің корпоративті басқаруына кіріп, дуальды оқытудың элементтерін енгізуге өз үлестерін қосатын болады. Ал, жастарды ерте бағдарлау бағытында биылдан бастап орта мектептерде арнаулы дәрістер беріле бастады.

Міне, осы айтылған жұмыстардың бәрі де қысқа мерзімде атқарылды. Облысымыздағы кәсіпкерлер мен бизнесін енді бастаған азаматтар зор шаңырақ астына бірігіп, аймағымыздың экономикасын ілгерілетуге өз үлестерін қосатыны анық.

Дерекнамасы: syrboyi.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер