astana-view

Атырауда кәсіпкерлер палатасы жастарды жұмысқа орналастыруға атсалысты

2014 жылғы 10 Қараша
3250 просмотров

Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы Marriott және Renaissance Atyrau қонақүйлерімен бірлесіп бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

«Бүгінгі таңда қонақ үй бизнесі мен қоғамдық тамақтандыру саласына маман таңдаудың өзіндік қиындықтар бар. Оны осы салаларда жұмыс істейтін мамандардың ағылшын тілін меңгермеуімен байланыстыруға болады. Сол себептен, біздің колледждеріміз халықаралық талаптарға сәйкес аспаздар даярлауды бастады. Осы орайда Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы Германиядан халықаралық сарапшыны шақырды. Ол кәсіптік және техникалық білім саласының оқытушылары үшін шеберлік класын өткізді. Бұл маман тапшылығын жоюда жемісін береді деп сенеміз», – деді Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржан Ғанимұрат.

Жәрмеңкеде 20 бос жұмыс орны ұсынылды. Жұмысқа орналасудан үміттілер арнайы сауалдама парақтарын толтырып, әңгімелесуден өтті. Жұмыс берушілердің пікірінше, жұмысқа орналасушының еңбек өтілі маңызды емес, бастысы – жұмыс істеуге ынталылық. Қонақүйлер басшылары жұмысқа орналасушыларды өздері оқытуды көздеп отыр.

«Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы мамандар таңдауға белсенді атсалысып келеді. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін палата ұсынысымен өткізуді бастадық. Біздің бөлімдерімізде бос жұмыс орындары жиі болып тұрады. Сол себептен біз мұндай жәрмеңкені тұрақты өткізбекшіміз. Өйткені, бізде мансаптық өсу, білім жетілдіру және мамандарды қайта оқыту мүмкіндігі бар», – дейді Marriott және Renaissance Atyrau қонақүйлерінің HR-менеджері Елена Поленова.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 80 жұмыс іздеушінің резюмесі іріктеліп алынды. Олардың арасынан 20 жұмыс іздеуші аталған қонақ үйлерде жұмыс істеуге шақырылды.

Дерекнамасы: Егемен Қазақстан


Еншілес ұйымдар

Серіктестер