astana-view

ШОБ-ты тексеруге салынған шектеу мерзімінің аяқталуына 1,5 ай қалды

2014 жылғы 13 Қараша
2152 просмотров

Шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторий мерзімінің аяқталуына 1,5 ай қалды. ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы уақытты тиімді пайдаланып, кәсіпкерлік қызметті заңдық нормаға сай жүзеге асыруға шақырады. Бұл туралы бүгін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің бірлескен отырысында ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев айтты.

Оның айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту бағытында жасалып жатқан мемлекеттік қолдау өте ауқымды. Әсіресе халықаралық нарықтағы тұрақсыздықты ескерсек, еліміздегі қолдау шаралары шағын және орта бизнесті дамыту үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр.

«Мораторий шарасының экономикаға әсерін мемлекеттік бюджетке салықтар мен төлемдер есебінен түскен түсімдер көлемі де аңғартады. Осылайша мораторий тек бизнеске ғана емес, сонымен қатар мемлекетке де тиімді екенін көруге болады. Тексерістерді шектеу шарасы бизнесті заңнаманы қатаң сақтауға міндеттеп, корпоративтік мәдениеттің қалыптасуына, тауар сапасының, қызметтер сапасының артуына мүмкіндік ашты», - деп атап өтті ол.

Н. Әлтаевтың айтуынша, елімізде мораторийді пайдаланып, заңды белшесінен басып отырған кәсіпкерлер де бар.

«Дегенмен, кейбір кәсіпкерлер мораторийді жамылып, заңбұзушылықтарға бару арқылы өз пайдаларын ойлап жүр. Бұл дұрыс емес, сондықтан біз ондай субъектілерді ешқашан қолдамаймыз. Ұлттық палатаның мұндай жағдайдағы ұстанымы: заңды бұздың ба - санкциялар аласың», - деді ол.

Дерекнамасы: Казинформ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер