astana-view

Қазақстанда ШОБ-ті тексеру жүйесі өзгертіледі - Н.Әлтаев

2014 жылғы 13 Қараша
2448 просмотров

Қазақстанда шағын және орта бизнесті тексеру олар атқаратын қызметтің қауіп-қатер дәрежесін ескере отырып, жүзеге асырылады, деп хабарлады бүгін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің бірлескен отырысында ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.

«Жалпы, тексеру жүйесін өзгерту керек, заңнамада өзгертулер енгізілді. 2015 жылы жоспарлы тексерулер болмайды. Мемлекеттік кіріс комитеті қауіп-қатерлерді бағалауға көшті. Яғни, келесі жылы тексеру жүйесі өзгереді», - деді Н.Әлтаев. 

Сонымен, оның айтуынша, қазыналық органдар тарапынан адам денсаулығына қауіп-қатер төндіретін бизнеске бақылау жүргізіледі. 

«Кәсіпкерлерді саралау жүргізіледі, қауіп-қатер факторы жоғары жерде нақты бір тексерулер болады, ал қауіп-қатер төмен жерге заңнама бұзылғанша немесе бір жағдай туындағанша тексеруге бармайды», - деп атап өтті ол. 

Жүйенің өзгеруіне байланысты Мемлекеттік кіріс комитеті мен аймақтық департаменттер құрылымында бизнесті қорғау бойынша басқармалар мен бөлімдер құру жоспарланған. 

«Таяу арада Мемлекеттік кіріс комитеті басшылығы мен ҚР ҰКП арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойлады, жер-жердегі аймақтық департаменттер соны басшылыққа алады», - деп толықтырды Астана қаласы бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің басшысы Әбілқайыр Ысқақов.

Бұдан өзге, департамент басшысы өндіріс зауыттары үшін өндіріс көлемін есептеудің жаңа жүйесі енгізілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, кезең-кезеңмен алкоголь өнімдерін шығаратын кәсіпорындардағы акциздік бекеттер алып тасталынады. 

Дерекнамасы: primeminister.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер