КӘСІПКЕРГЕ ЖАНЫ ҚАС ШЕНЕУНІКТЕР АЗ ЕМЕС
Қазақстанның барлық өңірлерінде бизнеске кедергі келтіруді «жаны қалайтын» шенеуніктер бар. Әрине, оның түпкі мақсаты әкімшіліктік бюрократия арқылы кәсіпкерді пара беруге мәжбүрлеуі мүмкін.
Әсіресе, соңғы кездері Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аймақтарды аралап, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу кезінде кәсіпкерлер аталған жайтты жиі қозғап, көмек те сұраған. Олардың өтінішінен кейін палата жергілікті прокуратураларға шағымданып, әлгіндей басшылардың әрекетінің ақ-қарасын тексеруге шақырған. Жалпы, олардың қарасы 30-дан асады. Мұндай лауазым иелері бизнесмендерге Елбасының «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында артылған міндеттерді жүзеге асыруға зиянын тигізеді.
Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов осылай деп мәлімдеді. «Мемлекет басшысы біздерге орасан зор қолдау жасап келеді. Жаңадан жариялаған «Нұрлы жол» Жолдауында да бизнеске 100 млрд теңгені небәрі 6 пайызбен беретіндігін айтып отыр. Осыған орай палатаның атқаратын жұмысы аса ауқымды. Дегенмен елдің еңсесін көтеретін күш шағын және орта кәсіпкерлік екенін кейбір басшылар ескере бермейтіндей. Біз кәсіпкерлерге үнемі кедергі келтіретін шенеуніктердің атын атауды ұйғарғанбыз. 8-9 облысты аралап, түрлі басқосулар ұйымдастырған соң олардың 30-дан асатындығын анықтадық. Алайда құқықтық мемлекет болған соң бұлардың әрекетіне прокурорлық тексеру жүргізгеннен кейін ғана жариялауымыз керек» дейді Мырзахметов.
Палата төрағасының мәлімдеуінше, кәсіпкерлер Президент Жолдауындағы міндеттерді орындауға құлшына кірісуі қажет. «Рас, әлемдегі күрделі оқиғалар мен санкциялардан кейін елдегі бизнесте теріс құбылыстар байқалған жоқ. Бірақ алаңдаушылық жоқ емес. Оны өңірлердегі ірі кәсіпорындарда жүргізген сауалнамалар арқылы аңғардық. Енді Жолдау ол күмәннің барлығын сейілтіп, бизнеске жаңа күш-қуат береді. Өйткені Қазақстанның қандай бағытта дамитындығы маңызды құжатта анық етіп жазылған. Ең бастысы, мемлекеттің экономикалық серпілісіне біздің әріптестер аянбай үлес қосуға міндетті».
Белгілі кәсіпкер сонымен бірге бизнеске бөлінген 100 млрд теңгеден әркімнің де үміттенуге мүмкіндігі бар екендігін айтады. Әрине, ол үшін жеке кәсібін жоспарлап алуы қажет. Бұл мақсатта палата жақында «Шағын және орта бизнеске арналған 100 жоба» атты кәсіпкерлік туралы кітап шығарған болатын. Онда қазіргі қоғамда сұранысқа ие, азғантай капиталмен аяқтан тұрып кетуге ыңғайлы бизнес-жобалар жарияланып отыр. Негізінен, өмірде орындалған, тәжірибеде жүзеге асқан жобалардың нақты мысалдарымен құрастырылған еңбек 30 мың данамен жарық көрген. Бұған қызығушылық танытқандар кітапты Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайтынан да көшіріп алуға болады. Қазірдің өзінде Шығыс және Оңтүстік Қазақстан облысындағы іскер азаматтар кітаптағы жобаларды негізге алып, өзі кәсіптерін ашып, істерін ілгері жылжытып келеді.
Дерекнамасы: Айқын
Пікір қалдыру:
Пікірлер: