astana-view

Мораторийді соза беруден еш пайда болмайды - А. Мырзахметов

2014 жылғы 13 Қараша
2140 просмотров

Мораторий аяқталғаннан соң кәсіпкерлерді жоспарлы тексеру де жойылып, жүйе реформаланады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов осылай мәлім етті.

Еске салсақ, биылғы жылдың басында кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторий алдағы жаңа жылдан бастап күшін жояды. Ал палата басшысының сөзіне қарағанда, өңірлердегі бизнес-қауымдастықтар тарапынан осы шараны ұзарта түсу туралы үндеулер жасалған. Алайда, Абылай Мырзахметов мораторийді соза беруден еш пайда болмайтынын алға тартады. 

«Мораторийді жылдан-жылға ұзарта бергеннен пайда аз, кәсіпкерліктің бәсекелестігіне теріс әсер етіп, тұтынушылар алдындағы олардың жауапкершілігін жоғалтып алуымыз да мүмкін. Ал биыл Елбасы тек мораторий жариялап қана қоймай, кәсіпкерлерді тексеру жұмысын түбегейлі реформалауды тапсырған болатын. Сондықтан да, жаңа жылдан бастап мораторий мерзімі аяқталғанда кәсіпкерлік қызметке қатысты жаңа заң да күшіне енеді, ол қазір Мәжілісте талқыланып жатыр. Ал ол бойынша жоспарлы тексерулер жойылып, ондай шараның бәрі автоматты түрге ауысады. Ең бастысы кәсіпкерлер өздеріне тиімді жолды таңдауға мүмкіндік алады», - деді А. Мырзахметов.

«Әрине, мораториймен, тексерушілерді күтпей өмір сүру жақсы, алайда оны тұтынушылар жапа шегетіндей қолдануға да еш жол беруге болмайды», - деді ол. 

Дерекнамасы: Казинформ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер