astana-view

Қуаныш Сұлтанов: Палата - кәсіпкерлердің қорғанына айналуы тиіс

2014 жылғы 30 Қараша
2522 просмотров

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауының басым бағыттарын сырбойылықтарға түсіндіру мақсатында келген республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасының жұмысымен танысты. 

Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

 Мәжіліс депутатымен бірге Палатада облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков және өзге де сала басшылары болды. 

 Алдымен кәсіпкерлерге кеңес беру орталығының қызметімен танысқан Мәжіліс депутаты кеңесшілерден «қызметін жаңа бастаушы кәсіпкер» ретінде кеңес алды. Мұнан кейін Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмаханов Палата қызметкерлерінің кәсіпкерлерге көрсететін қызметтерімен таныстырды.

 Атап айтқанда, Р. Досмаханов барлық ауданда Палатаның филиалдары мен ондағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының ашылғандығын, кәсіпкерлер құқықтарын қорғау мақсатында Палатада қоғамдық кеңес, мобильдік топ жұмыс жасайтындығын жеткізді.

 «Палата - кәсіпкерлердің қорғанына айналуы тиіс», - деген пікір білдірген Қуаныш Сұлтанов, Палатаның жұмысына оң бағасын берді.

Айта кету керек, кәсіпкерлердің өзекті мәселелерінің реестрі қалыптастырылған.

 Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өзекті мәселелерге арналған бірыңғай реестріне республика бойынша 380 мәселе енгізілсе, оның 54-і Қызылорда облысының кәсіпкерлік палатасымен ұсынылған. 

Дерекнамасы: Казинформ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер