astana-view

Жер қойнауын пайдалануда бизнесті дамытуға арналған әріптестік бағдарламаларды енгізу қажет - Р. Досмаханов

2014 жылғы 02 Желтоқсан
2096 просмотров

Жер қойнауын пайдаланушылар төңірегіндегі шағын және орта бизнесті дамытуға арналған әріптестік бағдарламаларды енгізу қажет. 

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың, ҚР Мұнай және газ вице-министрі Мағзұм  Мырзағалиевтің қатысуымен өткен жер қойнауын пайдаланушылар және мұнай сервистік компаниялармен өткізілген кеңейтілген мәжілісте Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Р. Досмаханов осындай пікір білдірді. Бұл туралы  облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Өз хабарламасында Палата директоры мұнай өндіру көлемінің бәсеңсу кезеңінде аталмыш салада жаңа технологияларды енгізу және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында жергілікті мазмұндағы өнімдер көлемін арттыру - аймақ экономикасын дамытудың негізгі басымдықтарының бірі екендігін жеткізді. 

Бүгінде облыста жергілікті жұмыстар мен қызметтерді ұсынушы 28 мұнай сервистік компаниялардан арнайы белдеу қалыптастырылды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес жұмыс пен қызмет көрсету бойынша өңірде жергілікті мазмұнның үлесі 80 және 90 пайызды құраса, тауарларда 23,5 пайыз ғана.

Сондай-ақ, Руслан Досмаханов: «Әлемдік тәжірибеге сәйкес, мұнай-газ саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылатын аймақтарда шағын және орта кәсіпкерлікке арналған әлеует бар. Мұнай компанияларымен ұзақ мерзімді келісімшарт жасау - жергілікті кәсіпорындар үшін аса маңызды. Бұл ретте, жер қойнауын пайдаланушылар төңірегіндегі шағын және орта бизнесті дамытуға арналған әріптестік бағдарламаны жүзеге асыру  жергілікті мазмұндағы өнімдерді дамытуға арналған негізгі құралдардың бірі», - дей келе, оны жүзеге асыру тетіктері жайлы баяндады.

Бағдарлама мұнай-газ саласындағы ұзақ мерзімді және тұрақты сұранысқа ие тауарлар мен материалдардың жергілікті мазмұнын қалыптастыруға бағытталған.

Сала басшысының айтуынша, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру - өңдеуші өнеркәсіп саласындағы шағын және орта бизнесті дамытуға айтарлықтай ықпал ете отырып, облысқа жеке инвесторлар тартуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Дерекнамасы: Казинформ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер