Атырауда жер телімдері мәліметтерінің электронды базасын құру жоспарлануда
Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы одан әрі инвестиция тарту мақсатында облыстың жер учаскелері мәліметтерінің электронды базасын құруды ұсынды. Палатаның бұл бастамасын экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы да қолдап отыр, деп хабарлайды BNews.kz.
Рalata.kz хабарлағандай, жер учаскелері мәліметтерінің онлайн базасын құру бойынша жұмыстың негізі бағыттары жұмыс тобының алғашқы отырысында талқыланды. Аталмыш жұмыс тобының құрамына кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы басқармаларының, сондай-ақ «Atyrau Innovations» ЖШС өкілдері енді.
«Электронды базаға Атырау облысының индустриялды аймағында орналасқан жер телімдері туралы мәліметтер енеді деп жоспарлануда. Яғни кез-келген инвестор, мейлі ол отандық немесе шетелдік болсын, интернеттің көмегімен жер аумағымен, индустриялды аймақта өндірістің, инфрақұрылымдық нысандардың бар-жоқтығы туралы деректермен таныса алады.Бұл өңірге қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді»,- деп санайды Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ардақ Төкенова.
Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілдері мәлімдегендей, бүгінгі таңда облыс орталығының электронды картасы жасалып жатыр.
Бұл картаның арқасында кез-келген адам өзіне қажетті нысан туралы мәліметпен таныса алады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: