Ақтөбеде бизнес-жобалар байқауында 141 адам өз жобасын ұсынды
Байқауға тек ауыл тұрғындары қатысты. Облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған шараға 141 адам өз жобасын ұсынып, нәтижесінде 20 адам жеңімпаз атанды.
Байқауға қатысушылардың ең жасы 19-дағы студент болса, үлкені зейнет жасына жеткен жан.
Ауыл кәсіпкерлерін қолдау мақсатында ұйымдастырылған байқауға шалғайдағы Мұғалжар ауданының Ембі қаласынан Дания Рысқұлова да келген. Омарташылықпен айналысатын келіншек кәсібін кеңейткісі келеді. 30 ұядан жылына 100-деген келі бал алып, ауылдастарының сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Климаты құрғақ өңірде ара баптау оңай емес. Маусым сайын қолайлы жер іздеп көшіп жүреді. Дегенмен, өмірлік кәсібін тапқан Дания қиындыққа мойымаймын дейді.
Дания Рысқұлова, кәсіпкер
- Бұл байқауға қатысқан себебім шамалы қаражат керек. Өзімнің қазір жұмыс істеп жатқан жобам тек жанұя асырауға жетіп отыр, соны үлкейткім келеді.
Еділбай тұқымды қойдың басын көбейту, көкөніс сақтайтын қойма салу, тігін шеберханасы мен монша кешенін, наубайхана мен шаштараз ашу, тіпті құмды жерде құлпынай өсіру сынды жобалар үздік деп танылды. Аталған нысандардың бәрі ауылда ашылады. Кәсіпті бастап кетуге кәсіпкерлік палатасы мен облыс әкімдігі нақты қолдау жасап отыр.
Исламбек Салжанов, Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы
- Біз оларды ары қарай да қадағалаймыз, қолдан келгенше банктермен таныстырамыз. Осындағы аймақтық палатада бүкіл қолдау көрсетіледі.
Архимед Мұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі
- Қазір облыстағы 440 мың экономикалық белсенді тұрғындардың шағын және орта бизнесте 135700 адам жұмыспен қамтылған. Олардан 10 айда 94 млрд салық түскен, ол өткен уақытпен салыстырғанда 12 пайызға артық.
Байқауда берілген ақшаға ешқандай пайыздық үстеме қосылмайды. Кәсіпкер жобасын іске асырып, шаруасын дөңгелеткеннен кейін қаржыны қайтарады. Бұл өз кезегінде ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерге қолдау болмақ.
Жүлдегерлер жобаның күрделілігіне қарай 300 мың теңгеден бастап, 3 млн теңгеге дейін грант алды. Бұл жолы қаражат қоры 30 млн теңге болды. Оны халықаралық қайырымдылық қоры мен облыстық әкімдік бөлді. Байқау қорытындысы бойынша омарташы Дания жеңімпаз атанып, 1,5 млн теңге алды.
Дерекнамасы: Хабар
Пікір қалдыру:
Пікірлер: