ҰКП мүше болғаны үшін кәсіпкерлер төлейтін жылдық жарнаның көлемі өзгеруі ықтимал
Бизнес өкілдерінің Ұлттық кәсіпкерлер палатасына мүше болғаны үшін төлейтін жылдық жарнасының көлемі өзгеруі ықтимал. Алдағы уақытта ол кәсіпорындардың табысына байланысты қайта есептеледі.
Бұл мәселе 28 қаңтарда өтеді деп жоспарланған қазақстандық кәсіпкерлердің съезінде шешілуі тиіс. Палата төрағасы Абылай Мырзахметов сондай-ақ жылдық жарна көлемін бекіту енді кәсіпкерлердің өз қарауына берілетіні туралы мәлімдеді. Бұған дейін оны үкімет пен депутаттар бекітіп келген. Еске салайық, бұған дейін отандық кәсіпкерлер аталған жарна көлемінің тым жоғары екенін бірнеше рет алға тартқан еді. Абылай Мырзахметовтің сөзінше, бүгінге дейін жарнаны бекіту кәсіпорындарды екі-ақ топқа жіктеу арқылы жүзеге асырылып келді. Ал бұдан былай бизнес иелері табысының көлеміне сай 10 топқа бөлінбек.
Абылай Мырзахметов, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:
2,7 млрд жылдық айналымы барлар, одан жоғарылар 8 млн, ең жоғары төлемді төледі. Соның ішінде бізге келіп үлкен сүт немесе ет комбинаттары айтады: «Мен өндіріспен айналысып жатырмын, менің 2,8 млрд оборотым бар, мен де 8 млн төлеймін, анау мұнайды тауып жатқан 40-50 млрд немесе 100 млрд теңгеден артық айналымы барлар да осындай төлейді». Сондықтан біз осы сатылардың барлығын съездің құзырына береміз, съезд шешім қабылдайды, бұл сатылардың барлығының араларын алшақтатамыз. 2,7 млрд айналымы барлар 8 млн емес, жаңа не болса 1,5-1 млн теңге төлейтін болады. 5-6 рет түседі.
Ал ауылдағы кәсіпкерлер 5 жылға дейін палата мүшелігінің төлемінен босатылады. Кәсіпкерлер палатасы биылғы жылды «Өңірлер жылы» деп бекітіп, ауылдағы жеке бизнес иелеріне демеу көрсетпек. Ал валютасы девальвацияға ұшырап, өндірген тауарының теңгеге шаққандағы құны төмендеген Ресей тауарларына қатысты Абылай Мырзахметов, отандық кәсіпкерлікті қолдап, шекаралық шектеулер енгізілуі керек деп мәлімдеді. «Бұл қажеттік» деген төраға Еуразиялық экономикалық одақтің келісіміне де қайшы келмейтін қадам екенін алға тартты.
Абылай Мырзахметов, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:
Рубльдің құлдырауына байланысты егер де ертең бәсекеге қатыса алмаса, оның өндірісі тоқтайды. Сондықтан біз оған жақсы көңіл бөлуіміз керек. Шартта айтылған лицензия енгізу, квоталау, келісімсөз арқылы жүргізуге болады. Біз қазір жұмыс тобын құрып, үкіметпен бұл туралы ақылдасып жатырмыз.
Дерекнамасы: Астана ТВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: