astana-view

ҚҰРЫЛТАЙ: ҚАУІПТІҢ БЕТІН ҚАЛАЙ ҚАЙТАРАМЫЗ?

2015 жылғы 14 Қаңтар
2263 просмотров

Соңғы кездері Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жарнасына қатысты мәселе жиі көтеріле бастады. 

Ұйымның бекітілген шартына сәйкес егер мүшелікке енген кәсіпорынның қаржылық айналымы 2,8 млрд теңгеден асса, онда жылына ҰКП-ға 8 миллион теңге көлемінде жарна төлеуге тиіс екен. Әрине, мұның тым шектен тыс көптігіне налыған кәсіпкерлер төбе көрсетіп, өз реніштерін білдіруге көшті. Кеше Астанада Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баспасөз мәслихатын өткізіп, туындаған сауалдардың шешімін айтып, 27 қаңтар күні палатаның кезектен тыс құрылтайы шақырылғанын мәлімдеді. Кенеттен жиылатын құрылтайда кәсіпкерлер халықаралық жағдайдың шиеленісуі салдарынан экономикаға төнген қауіп-қатерді ортаға салып, одан шығу жолдарын іздеуге күш салмақшы.

– Бiр жылда жиналған 6 млрд теңге қайда жұмсалды, түсіндіріп берейін – деді Абылай Исабекұлы. – Бiрiншiден, бiз жоспарланған штаттағы қызметкерлердің 40 пайызын жұмысқа алдық. Мұнда ешкiм ештеңе көбейткен жоқ. Орташа есеппен департаменттерде 5 адамнан ғана. Департаменттер көп, себебi қарастыратын салалар өте көп. Бiрақ қызметкерлер бе­сеуден алынды. Есесіне, жұмыс өте көп. Мәселен, биылғы жылы 24 мың арыз келіп түсті. Оның 10 мыңы меморгандардан жіберіл­ген. Сонда орташа есеппен біздің бір қызметкерге 100 арызбен жұ­мыс істеуіне тура келеді. Бонустар, сыйлықтар атымен жоқ. Жалпы санамалап айтқанда 6 млрд теңгенiң 60 пайызы жалақы мен салыққа, 12 пайызы кеңсе жал­дауға жұмсалды. 10-12 пайызы қарыз өтеуге, 2 пайызы – iс-сапарларға, 2 пайызы – кеңсе тауарларына, 5 пайызы техника мен жиһаз сатып алуға кетті. Ал жекелеген қызметкерлердің ала­тын жалақысына тоқталар бол­сам, ең жоғарғы айлықты бас­қарма мүшелері алады – 750 мың теңге көлемінде. Салық және өзге де міндеттемелер ұсталғандықтан қолдарына 600 мың теңге алады. Бұлардың бәрі, негізінен, ірі-ірі кәсіпкерлер болғандықтан, 600 мың теңге жалақымен оларды тіптен де таңғалдыра алмайсың. Сондай-ақ департамент дирек­торларына 500 мың теңге, үш санатты сарапшыларға 200-300 мың теңге аралығында еңбекақы төленеді. Әйтсе де, жұмыстың тым ауырлығынан осыншама айлық ұсынсақ та одан бас тар­тып, қызметін тастап кететіндер жиі кездеседі.

Басқарма төрағасы жарна төлеуді ауырсынатын кәсіпкер­лердің де уәждерімен келі­сетіндігін жасырмайды. «Біздің талапқа сай активтері 2,8 млрд теңгеден асатын компаниялар 8 млн теңге көлемінде жарна тө­лейді. Алайда, олар нақты өн­діріспен айналысып, өнім шы­ғарып, активін жоғарыдағы дең­гейге әрең жеткізген кәспорындар мен жай мұнай мен газ сатып пайда тауып отырған компания­лардың табысын бір талаппен қарастырып, бірдей жарна алу дұрыс емес деген ойда. Біз енді жаңа шарт дайындап жатырмыз. Оған сәйкес палата мүшелері әртүрлі категориялармен қара­ла­тын болады. Сонда 8 млн теңгелік жарна 1 млн теңгеге дейін төмен­дейді. Ал мүшелікке жаңадан тіркелген кәсіпкерлерден 5 жылға дейін ештеңе жиналмайды. Бiз жан-жақты талқылай келе кәсiп­керлер палатасының мүшелiк жар­насына қатысты жүйелi ше­шiм таптық. Үкiметтiң және Парламент Мәжiлiсiнiң қолдауы­мен бiздiң заңға жаңа өзгерiстер ендi. Ендi 1 қаңтардан бастап, мүшелiк жарнаның көлемi мен белгiленуi, кәсiпкерлердiң кейбiр санаттарын одан босату мәсе­лелерiн Ұлттық кәсiпкерлер палатасының жоғары органы – Құрылтай шешедi. Бұл демокра­тиялық жол, адамдар жарнаны мемлекеттiк органдар немесе үкiмет белгiлейдi деп кiнә арт­пай­тын болады. Құрылтай делегат­тары шешiмдi өздерi қабылдайды Мұның барлығы 27 қаңтарға кезектен тыс белгіленген Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрыл­тайында шешіледі» дейді бас­қарма төрағасы А.Мырзахметов. 

Бұл құрылтайға Үкімет бас­шысы К.Мәсімовпен қатар бір­қатар министрлер де қатыспақшы. Басқосуда қазіргі кезде әлем бойынша қиын ахуал талқыға түседі. Мұнай бағасының күн сайын күрт құлдырауы барлығын тығырыққа тіреп барады. Ал оның қашан тоқтайтындығын ешкім де болжап біле алмай дал. Рубьлдің тұрақсыздығы мен Еуразиялық экономикалық одақ мемлекет­терiнiң сауда қатынастарында қазақстандық бизнесмендердің қалай әрекет етуі де кеңінен қоз­ғалмақшы. 

«Рубльдiң құлдырауы сал­дарынан бiздiң тауар өндiрушiлер бәсекелестiк ортада тең жағ­дайлардан қағылды. Әсiресе, шекара маңындағы аймақтар. Бiз оны айтуымыз керек. Мұнда қан­дай шаралар қолданамыз? Ең негiзгi және сезiмтал салаларды квоталауымыз шарт. Ең бірінші кезекте – көлiк саласы. Ресейден мыңдаған көлік әкелiндi. Бұл Қазақстан машина жасаушыла­рына, жалпы экономикаға ауыр соққы болды. Тиісті қауым­дас­тықтың мәлімдеуінше, iшкi са­тылым 60 пайызға төмендедi. Бiздiң көлiк өндiрiсiмiз аяғынан ендi тұрып келе жатыр, сондықтан бұған мән бергенiмiз жөн. Бiз шекара маңын­дағы 500-ге жуық кә­сiпорыннан сауалнама жинап, нақты мәліметтерді Үкіметке жолдап тұрмыз. Мұның барлығы билік пен бизнестің бірлесіп атқаратын ісіне айналды» деді Мырзахметов.

Дерекнамасы: Айқын


Еншілес ұйымдар

Серіктестер