astana-view

Қызылордада оқушылар бизнеске бет бұра бастады

2015 жылғы 19 Қаңтар
2882 просмотров

Қызылордалық оқушылар бизнестің қыр-сырын мектеп қабырғасында меңгере бастады.

Жаңа бастамаға өңірдегі кәсіпкерлік палатасы қолдау білдіріп отыр. Өскелең ұрпақты нарыққа бейімдеуді көздейтін жоба әзірге сынақ түрінде жүріп жатыр. Бірақ кәдімгідей «Кәсіпкерлік негіздері» дейтін пән ашылып, арнайы бағдарлама құрылған.

Қазірден-ақ кәсіпкерлікке ден қойған Рамазан Бектілеу өзінің бизнес жобасын мектеп қабырғасында жүріп әзірлеп қойды. Ол қазақтың қолөнері арқылы табысты іс бастауға талпынуда. Қанша қаржы керек, шикізаттың қоры, еңбек қолы, өндіріске керек технология түрінде әбден зерделеген.

Рамазан Бектілеу, оқушы:

- Бизнес жоспары бойынша, тауар шығаруды немесе қызмет көрсетуді анықтадық. Тауардың негізгі пайдасын түсіндірдік. Бұл тауардың ерекшелігі – сапалы, нарықтағы тауарларға қарағанда, өте арзан.

Рамазанның бизнеске икемдігі «Кәсіпкерлік негіздері» пәні арқылы ашылған. Оқушылар сабақ үстінде фирма құрып, табыс табу тәсілдерін ойын түрінде талқылайды екен.

Сәуле Шайхыисламова, мектеп мұғалімі:

- Сабақ көбіне модельдік ойындар түрінде өтеді. Теориямен бірге тәжірибені ұштастыра жүргізіледі. Мұның ерекшелігі – балалар бәрін іс жүзінде жүргізе алады.

Бизнеске баланы ерте бастан бейімдеуді Ерлан Райымов та мақұлдайды. Тоқырау жылдары тиыннан теңге құраған кәсіпкердің қазір орта бизнестен ойып орын алған жайы бар.

Ерлан Райымов, кәсіпкер:

- Ол заманда бізде білім де, кітапта болған жоқ. Тек нарықтық экономикада алғашқы қадамдарымызды жасадық.

Енді мектептерге кәсіпкерліктің қыр-сырына қанық педагогтар керек болары сөзсіз. Жобаны жүзеге асырушылар бұл мәселенің де шешімін тапқан.

Руслан Досмаханов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Кәсіпкерлер палатасы облыстық білім беру басқармасымен және «Жастар жетістіктері» өңірлік орталықтарымен бірге колледж оқытушылары мен мектеп мұғалімдеріне арналған кәсіпкерліктің жедел курсы атты семинарлар ұйымдастырып жатыр.

Айта кетейік, «Кәсіпкерлік негіздері» факультативтік пәні еліміз бойынша алғаш рет әзірге Қызылордағы №9 мектеп-гимназиясынан бастау алды. Біліктілік арттыру курстарынан өткен ұстаздар қатары артқан сайын аталмыш пәнді облыстың өзге де мектептеріне енгізу жоспарланып отыр.

Дерекнамасы: 24kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер