astana-view

Бәсеке жоғары нәтижеге жеткізеді

2015 жылғы 15 Қаңтар
2937 просмотров

«Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – облысымыз ғана емес, еліміздегі әлеуетті әрі ірі кәсіпорынның бірі. Экспортқа бағдарланған өнім шығаратын серіктестік өндірісті қайта жарақтандыру және инновациялық технологияны кеңінен енгізу нәтижесінде өнім өндіруде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп келеді. Компания әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан өткен жылды да тәуір нәтижемен қорытындылады. Өндірістің ауыр жүгін өрге сүйреп, бизнес әлемінде биіктерді бағындырған «Казфосфат» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мұқаш Ескендіров еңбек жолы және өндірістің тыныс-тіршілігі туралы әңгіме өрбітеді.

– Мұқаш Зұлқарнайұлы, «Казфосфат» сынды алып кәсіпорынның әрбір қадамы көпшілік назарынан тыс қалған емес. Сіз басқарған соңғы он жылдықта серіктестік дамудың даңғыл жолына түсті деп те айтуға болады. Сәйкесінше, компаниямен қатар соңғы онжылдықтағы сіздің өмір жолыңыз да халықтың көз алдында. Сондықтан, бүгінгі әңгімемізді Мұқаш Зұлқарнайұлының өндіріске дейінгі өмір жолынан бастасақ. Қайда туып-өстіңіз? Балалық шағыңыз қалай өтті? Өндірісте жұмыс істеу бала күнгі арманыңыз ба еді?

– 1960 жылы 7 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының Черноводск (қазіргі Қарасу) ауылында дүниеге келдім. Ата-анам сол колхозда еңбек етті. Әкем малшы, анам сауыншы болды. Біз бір отбасында алты ағайынды едік. Ата-анам, әжем бар тоғыз адам бір шаңырақта өмір сүрдік. Ауылдағы негізгі тіршілік егін егу, мал өсіру болғандықтан осы шаруаның барлығын атқардық. Он сегіз соттық жеріміз болатын. Сол жерге көкөніс егетінбіз. Үйдің үлкені болғандықтан, сол шағын бақшамызда өсірген көкөністерімізді мен Шымкентке апарып сататынмын. Одан бөлек жылқы ұстап, бие байлайтынбыз. Таңғы алтыдан тұрып сегізге дейін қалаға барып қымыз сатып келем. Мен келгенше анам да азанғы сауыннан оралып, бақшадағы қияр, қызанақтарды қапшықтарға толтырып дайындап қояды. Сосын оларды арқалап тағы кетем.

– Қысқасы, бизнеспен бала кезден айналысқан екенсіз ғой…

– Иә, солай деп айтса да болады. Бірақ, ол кезде сауда-саттық жасайтын қазақтар аз болатын. Көбіне саудада басқа ұлттың өкілдері жүретін. Қазақтар бірен-саран еді. Сол аз қазақтың ішінде үйдің үлкені болғандықтан мен де жүрдім. Бірақ, таң атпай тұрып, табыс табудың соңында жүрсем де оқу-білімсіз қатарымнан оза алмайтынымды түсіндім. Сондықтан, сабақ оқуға да көп көңіл бөлетінмін. Әсіресе, химия пәні қатты ұнайтын. Химиядан беретін Қоңыржан Талқанбаева есімді мұғалімімнің үйіне аптасына 3-4 рет барып қосымша сабақ алатынмын. Нәтижесінде, химия пәнінен аудандық олимпиадалардың жеңімпазы болып, облыстық олимпиадаларға да талай қатыстым. Мектепті жақсы оқыдым. Тіпті, алтын белгіге де үміткер болдым. Бірақ, соңғы емтихандардың бірінде қоғамтану пәнінен төрттік баға алып қалдым да, алтын белгі уыстан шығып кетті. Химияға деген қызығушылығым сол мектеп қабырғасынан қалыптасқандықтан, болашақта кім болам деген сұрақ төңірегінде көп ойланған жоқпын. Өзімді осы саланың маманы ретінде сезінетінмін. Мектеп бітірген соң да көп ойланбастан химия саласын таңдадым. Ол кезде Одақ көлемінде ірі 5 химия-технологиялық институт болатын. Соның бірі – Шымкент қаласында орналасқан Қазақ химия-технология институты еді. Осы оқу орнына құжаттарымды тапсырып, оқуға түстім. Содан кейінгі өмір жолымның барлығы өндіріспен байланысты.

1982 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң жолдамамен Жаңа Жамбыл фосфор зауытына келдім. Ол кезде Жаңа Жамбыл фосфор зауытының екінші кезеңінің құрылысы жүріп жатқан-ды. Осында ауысым шебері болып жұмысқа орналастым. Жас маман болғандықтан, өзімді көрсетуім керек деген мақсат қойдым алдыма. Осы бағытта күндіз-түні тынбай еңбек еттім. Сол жылдардағы төккен тер, еткен еңбек нәтижесіз болған жоқ. 1982-1996 жылдар аралығында 4,5 цехтар бастығы, зауыттың партия комитетінің хатшысы, директордың сыртқы экономикалық қызмет жөніндегі орынбасары сынды қызметтерді атқардым.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылық компаниямызды да айналып өткен жоқ. 1996 жылы басшылыққа шетелдік компания өкілдері келіп бәрімізді жұмыстан шығарып жіберген кезі де болған. Сөйтіп, жұмыс істеп тұрған зауыттардың барлығы жарты жылдың ішінде тоқтап қалды. Ол, әрине, зауыт жұмысшылары үшін оңайға соқпады. Қаратау, Жаңатас қалаларындағы айлар бойы жалақысын ала алмаған кеншілердің ереуілге шыққан кезі де сол жылдар. Бұдан бөлек облыстағы көптеген әлеуметтік нысандар зауыттың қарамағында еді. Яғни, зауыт жұмысының тоқтауы тек өз жұмысшыларына ғана емес, әлеуметтік сала қызметкерлеріне де зардабын тигізді. 1998 жылы мені зауытқа директорлық қызметке шақырды. Содан өндірістегі тынымсыз тірлік қайта басталды. Екі жылдың ішінде талан-таражға түскен зауытты қайта табанынан тік тұрғызу оңай шаруа емес еді. Қиыншылық тек біздің елімізді ғана емес Кеңес Одағының құрамында болған өзге мемлекеттерде де орын алған. Біздің өнімдерімізді сатып ала қоятын олардың да қаржысы шамалы. Әйтеуір, тоқсаныншы жылдардың бас кезінде зауыттың сыртқы экономикалық қызмет саласына жетекшілік етіп жүргендегі тәжірибем көп көмектесті. Сол жылдардан қалған ескі достармен қайта байланыс орнатып, зауыт жұмысын қалпына келтіре бастадық. 1999 жылы Елбасымыздың ықпал етуімен алғашқы инвесторлар келіп құрамына бірнеше зауыт кіретін «Казфосфат» компаниясы құрылып, өндірістің тасы өрге қарай домалай бастады. Зауыттың бүгінгі жағдайына қарап осыдан 10-15 жыл бұрын сондай қиыншылықтардың болғанын көзге елестету мүмкін емес.

– Кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігіне де тоқтала кетсеңіз…

– Компания құрылғалы бергі 14 жылдың ішінде 380 миллиардтан астам теңгенің тауарын өндіріп, Қазақстанның химия өндірісіндегі көшбасшы компанияға айналды. Бүгінде химия өнімдерінің 20-дан астам түрін шығарамыз. Өндіріске осыған дейін 46,5 миллиард теңге инвестиция құйылса, биыл бұл мақсатқа 11 миллиард теңге қарастырылған. Өнімдеріміз әлемнің 33 еліне экспортталады. Өткен жылы кәсіпорын 69,3 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, 66 миллиард теңгенің өнімін өткерді. Әлемдік экономикалық дағдарыс бізге де кері әсерін тигізбей жатқан жоқ. Қолда бар мүмкіндікті сарқа пайдаланып, бірде-бір жұмысшыны қысқартпауға күш салудамыз. Биыл бұл көрсеткішті 70 миллиард теңгеге жеткізу көзделуде. Былтыр 2013 жылмен салыстырғанда еңбек өнімділігі 22 пайызға артып, өнім сату 15 пайызға өсті. Әр жұмысшыға шаққанда 11,5 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Жалпы, «Казфосфат» ЖШС-ның кәсіпорындарында 6 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық жалақысы 95 мың теңгені құрап отыр.

– Кәсіпорын ісін одан әрі жандандыру мақсатында қандай жұмыстар жоспарлануда?

– Кез-келген компания үшін алдағы жоспар маңызды. Әсіресе, бәсекелестік ортада жүретін кәсіпорындарды әрдайым жетілдіріп отыру қажет. Бұл мәселе біздің компанияның да басты ұстанымдарының бірі. Біз 2008-2013 жылдары сол кездердегі қаржылық дағдарыстың қиыншылықтарына қарамастан тоғыз инвестициялық жобаны жүзеге асырдық. Ал нақтылы кезеңде төрт инвестициялық жобаны жүзеге асырудамыз. Алдағы уақытта тағы да сегіз жобаны жүзеге асыру ойда бар. Оның ішінде, пештегі газдан этанол өндіру, ақ қышқыл, экстрациялық фосфор қышқылын өндіру, байыту фабрикасының құрылысын жүргізу сынды жобалар бар. Экстрациялық фосфор қышқылын өндіретін цех Тараздағы минералдық тыңайтқыш зауытының базасында салынатын болады. Жоба дайын, оның құны 9 миллиард теңге. Құрылысты өз қаржымызбен жүргіземіз. Ол іске қосылып, толық қуатында жұмыс істеген кезде зауытта жылына 1 миллион тоннаға дейін тыңайтқыш өндірілетін болады.

– Кәсіптік-техникалық мамандардың тапшылығы бүгінде қатты сезіледі. Бұл мәселе сіздің кәсіпорныңызда қалай шешімін табуда?

– Соңғы жылдары облыс аумағында бірқатар химия кәсіпорындарының ісі жандануымен кәсіптік-техникалық мамандарға деген сұраныс бұрынғыдан да арта түсті. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде зауыт тоқтап, экономикалық тоқырау белең алған шақта біздің мамандарымыздың көпшілігі жұмыстарын тастап шет елдерге кетіп қалды. Себебі, зауытта еңбек ететін инженерлердің дені орыс, грек, неміс және басқа да өзге ұлттың өкілдері болатын. Кәсіпорында жұмыс істейтін қазақтар аз еді. Мен зауытқа басшылыққа келгенде мұнда мұғалім де, заңгер де, экономист те инженер болып еңбек етіп жатты. Себебі, мамандығы сәйкес келетін маман табу қиын еді ол кезде. Қазір мұның барлығын ретке келтірдік. Жұмысшыларымыздың барлығы өз мамандықтары бойынша еңбек етті. Жаңадан келген жас мамандарды тәжірибесі толысқан аға буын өкілдері қастарына алып, кәсіптерінің қыр-сырын үйретіп, баулып жатады. Кәсіпорын жұмысшыларының үштен бірін 35 жасқа дейінгі жастар құрайды. Бұл өзге кәсіпорындармен салыстырғанда үлкен көрсеткіш. Дуальдық оқыту жүйесін де кеңінен қолданамыз. Өндіріс орындарында тәжірибеден өткен жастар бізге дайын маман болып келіп жатады. «Казфосфат» облыстағы кәсіптік-техникалық мамандардың ұстаханасы іспетті. Себебі, соңғы жылдары өңірде бой көтерген химия кәсіпорындарында жұмыс істеп жатқан мамандардың көпшілігі біздің кәсіпорындарымыздың қабырғасында жүріп шеберлігін шыңдаған жандар.

– Сіз ел экономикасының кеңестік кезеңдегі, тәуелсіздіктің алғашқы тоқырау жылдарындағы қиыншылықтарының барлығын көрген мамансыз. Бүгінгі Қазақстандағы бизнес ахуалға қандай баға бересіз?

– Қазір елімізде бизнесті дамытуға арналған көптеген бағдарламалар бар. Бірақ, солардың барлығы жобадағыдай жүзеге асып жатқан жоқ. Себебі, біз көптеген жобалар жасаймыз да, соған жетекшілік ететін мамандардың біліктілік деңгейіне мән бере бермейміз. Ол адам сол жобаны ойдағыдай жүзеге асыра ала ма деген сұрақтар екінші кезекте қалып қояды. Міне, содан барып жоба да жүзеге аспайды, оған бөлінген қыруар қаржы да игерілмей қалып жатады. Менің ойымша, біз бизнесті дамытудың жобасын жасамас бұрын сол бизнесті дамыту қолынан келетін адамды тауып алуымыз тиіс. Сосын, қабылданатын жобалар да сол адамның ерекшеліктеріне қарап жасалу керек сияқты. Себебі, адам өз ісінің маманы болған кезде ол нәтижелі болады деп ойлаймын. Ал біз небір керемет жобаларды әзірлейміз де оған тағайындаған жауапты адамымыз оның мәнін түсінбей жататын кездері аз емес. Екіншіден, негізгі күшті ауылдағы бизнесті дамытуға жұмсау керек. Өйткені, халқымыздың ауқымды бөлігі ауылда тұрғандықтан, олардың еңсесі тіктелмей экономикамыз оңалмайды. Ең бастысы, ел болып еңбек етуді үйренбесек, ешқандай жетістікке қол жеткізе алмаймыз.

– Сіз облыстық кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кеңестің төрағасысыз. Сіз басқарып отырған кеңес құрылғалы бері нендей шаралар атқарды? Жалпы бизнесті дамытуда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атқарып отырған ісі қаншалықты тиімді болады деп есептейсіз?

– Дәл бүгінгі жағдайда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуы еліміздегі бизнес саласына тың серпін беретіні сөзсіз. Құрылғанына бір жылдан жаңа асса да Палата бизнес үшін пайдалы ұйым екендігін дәлелдеп үлгерді. Оның жарқын мысалы ретінде Өңірлік кеңестің атқарған жұмыстарын сөз етсе де болады. Мысалы, бүгінге дейін Өңірлік кеңестің 7 отырысы өтіп, онда 21 мәселе қаралыпты. Соның ішінде 23 кәсіпкердің құқығы қорғалып, кәсіпкерлерге заңсыз салынған жалпы сомасы 50 миллион теңге көлеміндегі айыппұлдың күші жойылды. Кәсіпкерлерден заңсыз алынған 756 гектар жерді кері қайтаруға бастамашы болды. Жұмыс берушілердің қатысуымен жүргізілген ауқымды шаралар нәтижесінде облыста 8791 маманға сұраныс бары анықталды. 20 колледждің қатысуымен 35 кәсіпорында дуальды оқыту жүйесі енгізілді. Бұл біз атқарып жатқан жұмыстың бір парасы ғана. Егер, Ұлттық палата құрылмағанда бұл мәселелердің қай уақытта шешім табары белгісіз еді. Сондықтан да, кәсіпкерлер палатасының болашағынан өз басым кәсіпкер ретінде үлкен үміт күтемін.

– Еуразиялық экономикалық одақ туралы түрлі пікір бар. Бірі одаққа мүше болу арқылы ұтарымыз көп десе, енді бірі күмәнмен қарайды. Сіздің көзқарасыңыз қандай?

– «Казфосфат» экспорттық компания болғандықтан менің көзқарасым тура. Еуразиялық экономикалық одаққа қазір төрт ел мүше болды. Демек, жоғарыдағы мемлекеттер үшін 170 миллионнан астам тұтынушысы бар нарық ашылды. Таяуда одаққа қырғыз мемлекеті қосылады. Келешекте оған мүше болуға ниет еткен басқа да мемлекеттер бар. Одақ біз үшін пайдалы. Бұл – ең бастысы, бәсекелестік. Ал бәсекелестіктен қорықпау керек. Мысалы, біз бәсекелестік ортада өмір сүріп келе жатқан компаниямыз. Біздің тауарларымызға кезек күтіп тұрған ешкім жоқ. Еуроодақта, Қытайда, Вьетнамда, Индияда, Ресейде бәсекелестеріміз бар. Солармен бәсекелесіп жүріп тауарымызды сатып, күн көріп жатырмыз. Одан біз құлдырап кеткеніміз жоқ. Ал неге ауыл шаруашылығы саласында бәсеке болмауы керек? Жалпы, бәсеке тек экономикада ғана емес, күнделікті өмірімізде де болуы тиіс. Адам балабақшадан бастап, мектепте де, жоғары оқу орнында да, қызметте де бәсекелесе білуі тиіс. Сонда ғана даму болады.

– Таяуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» бағытында жаңа темір жол салынып, пайдалануға берілгені белгілі. Мұның өзі тың нарықтар ашу үшін сіздің компанияға да тиімді емес пе?

– Біз келешекте жаңа нарықтар игере беретін боламыз. Аталған темір жол арқылы Парсы шығанағына шығу да ойымызда бар. Әйтсе де бұл мәселеде байыппен шешетін жайлар аз емес. Біз әуелі темір жол тарифінің деңгейіне және біздің өнімімізді қабылдап алатын мемлекеттердің инфрақұрылымына қараймыз.

– Облыстық мәслихат депутатысыз. Депутат ретінде сайлаушылар алдындағы міндетіңізді қаншалықты атқарып жүрсіз?

– Депутат болу мақсатым емес еді. Біраз адамдар қолқалаған соң түстім. Депутаттық мандат менің уақытымды алмаса, одан басқа өзіме ешқандай пайда жоқ. Бірақ, азамат болғаннан кейін қоғамға пайда тигізу бәріміздің міндетіміз. Ал енді депутат екенмін деп жергілікті билікке еш уақытта міндет артқан емеспін, шешілуі тиіс проблемаларды өзімнің, компаниямның қажет болса достарымның көмегімен шешуге тырысамын. Кейбір жүйелі түрде шешілуі тиіс мәселелерді ғана сессия отырыстарында көтеріп, билік назарына ұсынамын.

– Сіз көптеген іс-шаралардың бел ортасында жүресіз. Көптеген комиссиялардың, қоғамдық кеңестердің мүшесіз. Соның барлығына уақытты қалай табасыз? Өз компанияңыздың жұмысы тағы бар.

– Оныңыз рас. Бәріне де уақыт табуға тырысамын. Себебі, қоғамда болып жатқан жайттарға бейжай қарай алмаймын. Жақсыға да, жаманға да бейжай қарайтын адам қоғамға залалын тигізеді. Сондықтан да, әр іске шамам келгенше өз үлесімді қосқым келеді.

– Бизнесте табысқа жету үшін адамға не керек деп ойлайсыз?

– Ең бірінші, кәсібилік керек. Менің адамдардың бойындағы сыйлайтын қасиетім де осы. Қай саланың иесі болса өз ісінің майталман маманы болуы тиіс. Ал ол үшін әрине, терең білім қажет. Міне, осы екі қасиет бойында бар адам табысқа жетеді деп ойлаймын.

– Сіз елге белгілі азаматсыз. Билікте де, бизнесте де сөзіңізді жерге тастамайтын адамдар көп. Өз бизнесіңіз бар. Үлкен компанияның басшысысыз. Осы жағдайыңызды пайдаланып сізден көмек сұрап келетін туысқандарыңыз көп пе?

– Көп. Бірақ, мен олардың ешқайсысына қызмет беріп, компанияма жұмысқа алған емеспін. Ал қаржылай қолдау көрсетем. Сонымен шектелем.

– Хоббиіңіз бар ма?

– Енді хобби дегенді әркім әрқалай түсінеді. Біреулер бір ерекше заттар жинаумен шұғылданады. Ал мен киноманмын. Жаңа шыққан кинолардың барлығын көруге тырысамын. Спортпен шұғылданам.

– Демалыс уақытын қалай өткізесіз?

– Достармен, әріптестермен отырғанды ұнатамын. Ең бастысы 8 немерем бар, солармен бірге болу маған ерекше көңіл-күй сыйлайды.

Дерекнамасы: Ақ жол


Еншілес ұйымдар

Серіктестер