astana-view

Тимур Құлыбаев "Атамекенге" қайта оралды

2015 жылғы 27 Қаңтар
2400 просмотров

Тимур Құлыбаев "Атамекенге" қайта оралды. Бүгін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы ұйымға алғаш құрылған кездегі атауын қайтаруды ұсынды.

Кезектен тыс съезд қатысушылары бұл бастаманы бірауыздан қолдап, дауыс берді. Содан кейін кәсіпкерлердің міндетті мүшелік жарнасын азайту мәселесі қаралды. Бұған дейін табысына қарай 300 мыңнан 8 миллионға дейін төлейтін бизнес өкілдеріне сәйкесінше 50 және 89 пайыздық жеңілдіктер бекітілмек. Сондай-ақ, жиында дағдарысқа қарсы шаралар талқыланды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, қазіргі жағдайға байланысты Ресейден әкелінетін бірқатар тауарға шектеу мәселесін көтерді. Тыйым салынатын өнімдер ішінде жаңа жылдан кейін қазақстандықтар жаппай сатып әкеліп жатқан көлік те бар. Бұл сұрақ Кедендік одаққа мүше елдердің арасында талқыланбақ. Қазақстандық делегация құрамына "Атамекен" палатасы тарапынан Рақым Ошақбаевты қосу ұсынылды.

РАҚЫМ ОШАҚБАЕВ, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

Бізде бұл жағдайдан шығатын 2 ғана жол бар. Біріншісі - Ресейдегі инфляция мен девальвацияны ескеру. Екіншісі - Ресеймен арадағы шекарада кедендік бақылауды қайта орнату. Бұл Кедендік одаққа қатысы жоқ, уақытша шешім. Ресейдегі жағдайға байланысты осылай етуге мәжбүрміз. Айта кетерлігі, палата мұнымен келіседі деген сөз емес, бұл менің жеке пікірім.

Дерекнамасы: 31 канал


Еншілес ұйымдар

Серіктестер