astana-view

Шағын және орта бизнес

2015 жылғы 18 Ақпан
3119 просмотров

Оны мемлекеттік қолдаудың тиімді жолдары талқыланды.

Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті депутаттарының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылығымен кездесуінде Қазақстан Президентінің «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» халыққа Жолдауын іске асыру аясында шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау және іскерлік белсенділікті ынталандырудың тиімді шаралары мәселелері талқыланды.

Талқылауға қатысушыларға арнаған сөзінде Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Талғатбек Абайділдин Мемлекет басшысы алға қойған стратегиялық маңызды міндеттерді: 2050 жылға қарай республика экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін екі есе ұлғайту және 50 пайызға жеткізу қажеттігін атап өтті.

Т.Абайділдин бұл міндеттерді іске асыру үшін мемлекет қолайлы іскер ахуал қалыптастыру және бизнесті жүргізу үшін әкімшілік кедергілерді жою жөніндегі жүйелі жұмыстар жүргізіліп келе жатқанын атап көрсетті. Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты өз қызметінде осы мәселелерді құқықтық тұрғыда қамтамасыз етудегі қызметіне ерекше назар аударылатыны айтылды. 2014 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Одан басқа, «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заң да қабылданды.

Кәсіпкерлік қызмет сапасын реттейтін құқықтық базаны одан әрі жетілдіру мәселелеріне қатысты сенатор қазіргі кезде Парламентте Кәсіпкерлік кодексінің жобасы кеңінен талқыланып жатқанын, онда қазақстандық кәсіпкерлік қызметтің және мемлекетпен өзара іс-қимылының негізгі қағидалары бекітілгенін айтты. «Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін көптеген мәселелер осы заңнамалық актіні қабылдағаннан кейін өзінің шешімін табатынына сенемін. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ және осыған байланысты көрші елдегі тауар өндірушілермен бәсекелестік жағдайында қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелерін талқылау орынды», деді Т.Абайділдин.

Шағын және орта бизнесті қолдаудағы дағдарысқа қарсы шаралар туралы баяндай келіп, Абылай Мырзахметов Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірқатар шараларды, атап айтқанда, ішкі нарықты қорғау жөніндегі жекелеген шараларды, бюджеттік ұйымдарға, ұлттық компанияларға және ірі жер қойнауын пайдаланушыларға тауарлар, жұмыстар және қызмет көрсетулер сатып алуда жергілікті өнімдер деңгейін ұлғайту, Тапсырыстармен қамтамасыз ету орталығын құру, табиғи монополиялар субъектілеріне қызмет көрсету тарифтерін 2014 жылғы деңгейде сақтау, АӨК кәсіпорындарын қолдауды ұсынып отырғанын айтты.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі кәсіпкерлердің өзекті мәселелері туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіп комитетінің төрағасы Иван Сауэр хабардар етті. Ол инвестициялық салым жасаған кезде агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері жоғалтатын шығыстарын қайтаруды субсидиялау мәселелерін көтерді.

Кездесу соңында сенаторлар ұсыныстарды заңнамалық деңгейде жедел түрде іске асыруға жан-жақты жәрдемдесуге әзірлігі туралы айтты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Дерекнамасы: Егемен Қазақстан


Еншілес ұйымдар

Серіктестер