astana-view

Қарағанды түрмелерінде жазасын өтеп жатқан мыңдаған адам жаппай еңбекке тартылады

2014 жылғы 19 Ақпан
2685 просмотров

Бұдан былай Қарағанды түрмелерінде жазасын өтеп жатқан мыңдаған адам жаппай еңбекке тартылады. Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті өзара ынтымақтастық жөніндегі екіжақты келісімге қол қойды.

Мамандардың мәліметінше, қазір облыс аумағында барлығы 12 түрме болса, соның сегізінде макарон өнімдерін шығаратын, металл мен ағаш өңдейтін түрлі цехтар жұмыс істеп тұр. Ал, мыңға жуық жазасын өтеп жатқан әйелдер колониясында тігін фабрикасы бар. Өкінішке орай, Кеңес заманынан бері келе жатқан бұл көне цехтардың бүгінде қондырғысы әбден тозған. Енді екіжақты меморандумға сәйкес, қылмыстық атқару жүйесі департаменті кәсіпкерлерге өндіріс алаңдары мен жұмыс күшін ұсынады. Бұған қоса энергия көзімен, жылу, сумен қамтамасыз етеді. Ал, кәсіпкерлер өз қондырғысын әкеліп орнатып, дайын өнім шығарады. Кәсіпорында еңбек ететін жазасын өтеушілерге 20-25 мың теңге шамасында жалақы төленеді. Сонымен қатар, мемлекетке қосымша салық түседі. Қазірдің өзінде бұл бастамаға қызығушылық танытып отырған кәсіпкерлер бар, - дейді палата директоры Ермек Әбілдин.

Ермек Әбілдин, Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:
- Меморандум бойынша, біз темір тордың артында отырған адамдарды жұмыспен қамту үшін кәсіпкерлерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз. Меморандумның несі жақсы, әрбір кәсіпкер түрмелерге өз өндірістерін қойған кезде оларға жарық, су, жылу дайын болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер