astana-view

ОТАНДЫҚ ТАУАРӨНДІРУШІЛЕРДІ ҚОЛДАУ ҮШІН

2015 жылғы 18 Сәуір
2280 просмотров

Кеше жұмыс бабындағы сапармен Петропавлға келген ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев өңірлік кәсіпкерлер палатасында бизнесті қолдауға арналған кеңейтілген мәжіліс өткізді. Мәжіліске облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.

Осымен өңірімізге екінші рет арнайы ат басын тіреп отырған Тимур Құлыбаев:

– 2014 жылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерінің 5200-ден астам арыз-өтінішін қарап, кәсіпкерлік субъектілеріне салынған жалпы сомасы 8,4 млрд. теңгеден астам айыппұл мен төлемақы өсімінің алынып тасталуына жағдай жасады. Бұл – кәсіпкерлер палатасының республикалық органдармен, облыстық әкімдіктермен тығыз жұмыс істеуінің нәтижесі, – деді.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өз сөзінде отандық тауарөндірушілерді қорғау үшін қолданылған шаралар және облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе атқарған жұмыс өнеркәсіп өндірісінің – 3,5%, ауыл шаруашылығының – 2,6%, бөлшек сауданың 15,1% өсімін қамтамасыз еткенін атап көрсетті.

– Оған әртүрлі бағыттардағы жүйелі жұмыс, мемлекеттік сатып алуда қазақстандық маз-мұнды көбейту, аграрлық секторды дамыту, әлеуметтік тұрақтылық, бизнесті қолдауға арналған бағдарламаларды жүзеге асыру, дуальдық оқыту, “Қазақстанда жасалған” имидждік науқаны және халықаралық ынтымақтастық игі әсерін тигізді. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығында 32 жоба жүзеге асырылып, 1,5 мың жұмыс орны ашылды. Шығарылатын өнімдер жиынтығы 2 есе өсіп, 2,5 мың атауды құрады. Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығына 24 млрд. теңгенің 29 жобасы енгізілді, олардың 15-і биыл пайдалануға беріледі. Бүгінгі күні тағы 21 жоба қаралу үстінде, – деді Ерік Хамзаұлы.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нелли Кукушкина өзі басқаратын мекемеге бизнес өкілдерінен 2366 өтініш-тілек түскенін, олардың жартысынан астамы – 1323 немесе 56%-ы – құқықтық мәселелер, 331-і бизнесті қорғауға қатысты екенін айтты. Бизнесті қорғауға арналған 214 өтініш (65%) оң шешімін тапты. Кәсіпкерлер палатасының директоры бизнестің дамуына нұқсан келтіретін әкімшілік кедергілерге де тоқталды.

Тимур Асқарұлы кездесудің басты мақсаты кәсіпкерлерге көмек көрсету екенін айтып, “Зенченко және К”, “Сүт одағы”, “Қазтехмаш”, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” сияқты кәсіпорындардың басшылары қойған сауалдарға назар аударды, Үкімет деңгейінде шешілетін мәселелерді селекторлық режімде тиісті министрліктерге қоюға жағдай жасайтындығын жеткізді.

Дерекнамасы: soltustikkaz.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер