astana-view

Ауыл шаруашылық өнімдерін дайындаушылар төлеген ҚҚС сомасы өтеледі

2015 жылғы 18 Маусым
9812 просмотров

АӨК саласындағы дайындау ұйымдарына бюджетке төленген қосылған құн салығы сомасын субсидиялаудың жаңа ережелері 2016 жылы әрекет ете бастайды.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен жиналыста ауылшрауашылық вице-министрі Ермек Көшербаев осылай деп хабарлады.

Оның айтуынша, мемлекеттік қолдаудың мұндай шарасы былтырғы жылы Мемлекет басшысы мақұлдаған салық заңнамасына түзетулер қабылдануы нәтижесінде мүмкін болып отыр. Аталмыш жаңалық қайта өңдеу кәсіпорындары мен дайындау ұйымдары бойынша «алғашқы ҚҚС» түйткілін шешуді шамалайды.

«Қазірде қайта өңдеу кәсіпорынары мен дайындау ұйымдары қосылған құн салығын барлық айналымнан төлейді, себебі шикізатты ҚҚС төлеушілер болып табылмайтын жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа/фермерлік қожалықтардан сатып алады. Бұл қайта өңдеушілер мен дайындаушылар соңғы өнімінің қымбаттауына алып келеді, сәйкесінше, олардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Сондықтан да бастапқыда аталмыш АӨК субъектілерін ҚҚС төлеуден босату немесе ҚҚС-ты төмендетілген мөлшерлемемен алу ұсынылды», - деп түсінік берді аграрлық ведомство басшысының орынбасары.  

ҚР Ауыл шаруашылық министрі есептелген ҚҚС шегінде бюджетке төленген қосылған құн салығының сомасын АӨК саласындағы дайындау ұйымдарына субсидиялау Ережесін дайындап, бекітті. Аталмыш құжатты талқылауға «Атамекен» ҰКП сарапшылары да қатысты.

«Ережеге сәйкес, АӨК саласындағы дайындау ұйымдары, яғни ауылшаруашылық өнімін дайындау, сақтау, тасымалдау және өткізу бойынша қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар бұрынғыдай қосылған құн салығын жалпы белгіленген тәртіпте есептейтін болады. Сонымен бірге дайындаушы ұйым бюджетке төлеген ҚҚС сомасы, осындай ұйымның жылдық жиынтық табысының кем дегенде 90 пайызы ауылшаруашылық өнімін өтізуден алынған табысты құраған жағдайда, оған субсидия түрінде қайтарылады», - деп түсіндірді Ермек Көшербаев.

Ол сонымен бірге есептелгеннің шегінде бюджетке төленген ҚҚС бойынша субсидиялауды жергілікті атқаруы органдарында аккредиттеуден өткен дайындау ұйымдары ала алатынын баса көрсетті. Ол үшін есепке қоюға облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, елорда әкімдіктерінің ауылшаруашылық басқармаларына өтініш беру керек.

АӨК саласындағы дайындау ұйымдарын аккредиттеу субсидия алу үшін ғана жүргізіледі және өзге қызметте міндетті норма болып табылмайды.

АӨК саласының аккредиттелген дайындау ұйымдары ҚҚС сомасына субсидияны алу үшін ауыл шаруашылық басқармасына есептік кезеңнен кейінгі жылдың 10 мамырына дейін жыл сайын өтінімдер беріп тұрады.

«Субсидияларды жергілікті атқару органдары төлейді. Сонымен бірге аталмыш бағдарлама аясында субсидиялар төлеу 2016 жылдан басталады, яғни қайта өңдеуші кәсіпорындар немесе дайындау бизнесіне мүдделілер 2015 жыл қорытындысы бойынша 2016 жылы субсидия алу мақсатында қазірден бастап дайындау ұйымдарын құрып, аккредиттеуден өтіп, аталмыш бағдарлама аясында жұмыс жасауды бастай беруіне болады», - деп қорытты ауылшаруашылық вице-министрі.

«Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені комитеті Хатшылығының Хатшысы Рүстем Құрманов атап өткендей, аталмыш қолдау шарасы көптен күтілген еді.

«Жеке қосалқы және шаруа қожалықтарынан өнім сатып алған отандық қайта өңдеушілер, сауда желілері үшін алғашқы ҚҚС түйткілі үнемі болып келді. Ендігі жерде, аталмыш ереже қабылданғаннан кейін, ЖҚШ және ШҚ-дан шикізат сатып алатын дайындаушы және қайта өңдеуші ұйымдар қосылған құн салығына төленген салықты субсидиялауға сүйене алады», - деп қорытты «Атамекен» ҰКП өкілі.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер