astana-view

Бақылау-кассалық машина: миллион және бір түйткіл!

2015 жылғы 29 Шілде
22749 просмотров

Бизнесмендерді шығын шығаруға мәжбүрлеп, бұрын сатып алған бақылау-кассалық машиналарын қайта жабдықтауға тыйым салынуда

Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-кассалық машиналарды енгізу түйткілдері бойынша жұмыс жиналысы өтті.

Жиналысқа ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс департаменті, «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері, БКМ дистрибьютор-компаниялары және бақылау-кассалық машиналарға техникалық қызмет көрсету орталықтары өкілдері қатысты.

Отырыста талқыланған тақырыптар айтарлықтай кең көлемді қамтыды: БКМ пломбалау, түрін таңдау және қосу, шот беру, төлеу, шот-фактура алу процедуралары және басқа да техникалық, процедуралық мәселелер. Күн тәртібіндегі басқа да мәселелермен бірге бұрыннан қолданылып жүрген бақылау-кассалық машиналарды жетілдіру мүмкіндігі, оларды заңнама талаптарына сай бейімдеу мәселелері де талқыланды.

Отырысқа қатысушылар Қазақстан аумағында қолдануға рұқсат етілген бақылау-кассалық машиналар тізбесі – БКМ Тізілімі жайлы мәселеге де назар аударып өтті. Шілде айында онда шағын бизнес субъектілеріне арналған бірде-бір жаңа аппарат кіргізілмеген.

Дей тұрғанмен, бизнесмендер маусым-шілде айларында жедел тәртіпте барлық орнатылып қойған БКМ тестілеу өтеді деп күткен еді. Және де оның нәтижесі бойынша кәсіпкерліктің Қаржы министрлігі мен «Қазақтелеком» ұсынғандар арасынан ғана емес, балама өндірушілердің де онлайн тәртіпте дерек беретін бақылау-кассалық машиналарын таңдау мүмкіндігі пайда болады деп ойлайды.

БКМ нарығында біршама қолайлы бағадағы аппараттардың бар екенін айта кету керек. Атап айтқанда, Ресейде шығарылғандар. Алайда олардың барлығы қандай да бір күрделі техникалық себептермен тестілеуден өте алмайды.

Екінші, дәл сондай күрделі әрі әзірше шешімін таппай отырған мәселе техникалық талаптарға қатысты болып отыр. Нормативтік құқықтық актілерге әлі күнге дейін пайдаланылып жүрген БКМ үшін өзгерістер енгізілмеген. Атап айтқанда, деректер берудің бір арналы бақылау-кассалық машиналарын қайта жабдықтау жайлы сөз болды.

«Атамекен» Ұлттық палатасы сарапшыларының сәйкес өзгертулерге оң қорытынды бергеніне қарамастан, жұмыс тобының кейбір мүшелері үзілді-кесілді қарсы шықты. БКМ өндірушілер, техникалық қызмет көрсету орталықтары және «Қазақтелеком» мамандары қайта жабдықталған БКМ жұмысының дұрыс боларына қауіп білдіріп отыр. Олардың ойынша, зауыт жағдайында өндірілген жаңа кассалық аппараттармен, өндіруші зауыттардың сәйкес кепілдіктерімен түйткілдер туындамайды әрі түзету әлдеқайда аз болады.

Алайда бизнес қайта шығындануды онша қалап отырған жоқ. Егер ертеңгі күні Қаржы министрлігі БКМ «рухани тұрғыдан ескірді» деп шеше салса, не істейміз? Қайтадан әмиянымызды ашамыз ба?


Еншілес ұйымдар

Серіктестер