astana-view

Кәсіпкерлікке кедергі келмесін

2014 жылғы 02 Наурыз
5399 просмотров

ЕЛБАСЫ ЖАРЛЫҒЫН ҚЫЗУ ҚОЛДАҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ОРТАҚ ОЙЫ ОСЫНДАЙ

Ел тәуелсіздігінің елең-алаңында-ақ өз кәсіптерін бастап, бүгінде республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген  қазақстандық бизнесмендер әркезде де Елбасының өздеріне деген үлкен қамқорлығын сезініп келеді. Үстіміздегі жылғы ақпанның 27-сі күні Мемлекет басшысының кәсіпкерлерді қолдау туралы жасаған мәлімдемесі мен «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Жарлығы біздің осы айтқанымызға дәлел. Президенттің кәсіпкерлерге қолдау жасау тұрғысында осы жылғы 2 сәуірден бастап 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін кәсіпкерліктің көптеген түрлеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялауы және бизнес жолында кездесетін кедергілерді жеңілдету жөнінде Үкіметке нақты тапсырмалар беруі отандық бизнес өкілдері тарапынан кең қолдауға ие болуда.

 

АДЫМДЫ АШТЫРАТЫН АЙҚЫН ЖОЛ

Ырза Тұрсынзада,  «Алтын орда» авторлық дизайн үйі директоры:

– Елбасы жариялаған мораторий шағын және орта бизнестің дамуына жаңа қарқын береді. Бұл шырмалып отырған бизнес мәселелерін шешудегі дұрыс жол. Тексеру құралдарының келесі жылдан бастап дүниежүзілік стандартқа көшірілуінің өзі отандық кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Қазақстандық бизнес заманауи жаһандық кәсіпкерлік ортада тең құқылы болмақ. Бұл мораторий әр кәсіпкер үшін жасалынып отырған қолдау, бұл қолдауды кәсіпкерлер қуана қарсы алды. Мұндай қадамдар шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесінің артуына жағдай жасап, елімізді өркендететініне сенімдімін.

Евгений Сорока, Рудный қаласындағы «Сеул» ЖШС-нің құрылтайшысы:

– Әрине, бұл Президент тарапынан жақсы бастама болып табылады. Тек­се­рістердің, көп жағдайда, бизнес­ке ке­дер­гі келтіретінін ескерсек, жаңа жүйені қа­был­дау жұмысты жеңілдетеді деп сенеміз.

Константин Мякотин, «Север Птица» АҚ басшысы:

– Менің ойымша, бұл өте дұрыс, ал бастысы – уақытылы шара. Егер біз бүгін еліміздің инвестициялық тартымдылығын аттыруға және бизнесті дамытуға қолайлы жағдайларды жасауға тырысатын болсақ, онда оған өте араласпауды да қамтамасыз ету қажет. Бастысы – кәсіпкерлік субъектілерінің заңға мойынсынушылығы және бақылаушы органдардың тапсырмаларын тиісті орындауы.

Сергей ЕРМОЛаЕВ, Қостанай қаласының кәсіпкері:

– Еліміздің жаңа экономикалық бағытын іске асыруда шағын және орта бизнеске үміт арта отырып, барынша қолайлы жағдайларды жасау өте маңызды. Кәсіпкер түрлі инстанцияларға барып, бақылаушы органдардың шешімдерін даулаудың орнына, табыс алу мен лайықты бәсекелестік туралы ойлануы тиіс.

Асқар МАХАМБЕТОВ, «Best-servise LTD» ЖШС директоры:

– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шағын және орта бизнесті жоспарлы тексерулеріне жариялаған мораторийі кәсіпкерлерге жасалып отырған артық әкімшілік жүктемелерді алып тастауға мүмкіндік жасайды. Расында бұл еліміздің кәсіпкерлерінің көптен күткен жаңалығы десе де болады. Бұл кәсіпкер ретінде біздің де бизнесімізге үлкен жеңілдік болып табылады. Жұмысы жүріп, құжаты түгел болған кәсіпкердің мазасын ретсіз алу – экономикамыздың күретамыры болып отырған бизнеске айтарлықтай зиянын тигізеді.

Абдулла ҚҰРМАНТАЕВ, «Гофротара зауыты» ЖШС директорының орынбасары:

– Бұл біз, кәсіпкерлер қауымы үшін өте қуанышты жаңалық. Елбасы қол қойған Жарлық бизнеске жаңа серпіліс әкелмек. Кәсіпкерлікті дамытуға қолай­лы жағдай жасау бойынша маңызды шаралар қамтылған аталған құжатқа артылар сенім де жоғары. Бизнес осы тектес өзгерістерді талайдан күткен еді.

Елбасы кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жариялады. Жоспарлы тексеріс жүргізу тәжірибесі тоқтатылатын болады. Бұл уақытылы әрі ұтымды қабылданған шешім болды. Себебі, мемлекеттік органдар тарапынан келетін толассыз тексерулер бизнесті жүргізуге көп кедергі келтіретіні белгілі. Бір қарағанда, егер сенің жасыратын ешқандай құпияң болмаса, қорқудың да негізі жоқ сияқты. Дегенмен, кез келген тексерулер бизнес үшін әртүрлі күтпеген қиындықтар тудыруы мүмкін. Онымен қоса, көп уақыт алады.

Сондай-ақ, жүздеген рұқсат беру қағаздары, лицензиялар электронды түрде берілетіні туралы ақпарат қуантты. Соның арқасында әкімшілік кедергілер, қағазбастылық едәуір азая түседі деген сенімдеміз. Ендігі кезек бизнесте. Табысты еңбек етіп, ел игілігі жолында аянбауға тырысамыз.

Атап өтерлігі, «Гофротара» зауыты өндірістік қуатын жыл санап арттырып келеді. Мысалы, былтыр «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жаңа цех іске қосқан болатынбыз. Соның арқасында кәсіпорынның өндірістік қуаты 2,5 есеге артты. Бүгінде айына 2 миллионнан астам шаршы метр гофрокартон шығару мүмкіндігіне ие болдық. Мемлекет қолдауының арқасында әлі талай белестерді бағындырарымызға сенім мол.

Қыдырқожа БИСЕНҒАЛИЕВ, «Рекон-Ақтау» ЖШС басқарма төрағасы:

– Шағын және орта бизнес субъек­тілерін тексеруге мораторий жариялау қазіргі таңда елімізде бизнестің дамуына жол ашатыны айдан анық. Мәнсіз және көптеген тексерулер кәсіпкерлердің мазасын қашырып, кәсіпкерлікпен айналысқысы келіп жүргендердің санын азайтуда. Елбасының мораторий туралы Жарлығы жарияланып, үкіметтік құрылымдарға тиісті тапсырмалар беріліп, жағдай жақсарып кететініне сенімім мол.

Кәсіпкерлік кодексінің қабылдануы, жоспарлы тексеріс жүргізу тәжірибесінен бас тартылуы және кәсіпкерлердің құ­қы­ғын қорғауға арналған бизнес-ом­будсмен жүйесінің енгізілуі кәсіп­керлер қатарының ұлғаюына ықпа­лын тигізеді. Әсіресе, Маңғыстау өңірін­де мұнайға тәуелді тұрғындар кәсіп­керлікпен айналысуға бет бұрып, ауыл шаруашылығы туризм, қызмет көрсету салаларының дамуына өз үлестерін қосуға толық мүмкіндіктер алады.

Кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша Үкімет Кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен әріптескен түрде тығыз жұмыс жасау керек деп тапсырып отыр Нұрсұлтан Әбішұлы. Шағын және орта бизнесті дамытуға арналған барлық өзгерістер түбінде Қазақстанның дүние жүзіндегі 30 дамыған ел қатарына қосылуына ықпал етеді деп сенемін.

Айболат АМАНГЕЛДІ, кәсіпкер:

– Қазақстанда қазір шағын және орта бизнес үшін көп мүмкіндік жасалып жатыр. Президент міне, тексерулердің барлық түріне тосқауыл қойды. Бұл біз үшін үлкен жаңалық. Өйткені, тексерулер біздің көп уақытымызды алатын. Ешқандай заң бұзушылық табылмаса да жүйкемізді тоздыратын. Ал қазір осындай жағдайда бизнеспен айналысатын адамдардың да саны көбейетіні сөзсіз. Өз кәсібін ашамын деген азаматтар үшін де бұл жақсы жаңалық болды. Ал біреулер тексерулерсіз тауардың сапасы нашарлап кетеді деген ой айтып жатыр. Мен онымен келіспеймін. Біздің ең бірінші тексерушілеріміз – халық. Біз әрқашан оның көңілінен шығатындай жұмыс жасауымыз керек.

 

ЕРКІН ТЫНЫСТАУҒА КЕҢ МҮМКІНДІК

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Заңғар Ноғайбай мен Астана кәсіпкерлері палатасының директоры Мейірбек Мәжитов баспасөз мәслихатын өткізді. Онда Елбасының бұрнағы күні кәсіпкерлерді қолдау туралы жасаған мәлімдемесі туралы айтылды.

Брифинг өткізушілер шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында Елбасының ағымдағы жылдың 2 сәуірінен бастап, келер жылдың қаңтарына дейін қырықтан астам мемлекеттік тексеруші органдарға мораторий жариялағанын бизнес қауымдастығы жылы қабылдағаны жөнінде әңгімеледі. «Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдап, оларды тексеруге мораторий жариялаған Мемлекет басшысының шешімі саланың дамуы­на жасалған революциялық қадам болды деп есептейміз. Бұл шешім кәсіпкерлердің еркін тыныстануына мүмкіндік берері анық. Ал кәсіпкерлікті қолдауға бөлініп отырған 1 трлн. теңге саланың дамуына серпін береді. Жалпы, бұл Жарлық кәсіпкерлік саласындағы ахуалды түбегейлі түрде өзгертеді. Сондай-ақ, шектеу кәсіпкерлер тарапынан жауапкершіліктің артуына да ықпал етеді», деді З.Ноғайбай.

Дегенмен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мораторий кезінде кәсіпкерлерді мемлекеттік тексерістерге дайындауды көздеп отырған сияқты. «Біз бизнесті осы мораторийді өз құзыретін көтеру үшін мүмкіндік ретінде пайдалануға шақырамыз. Осы бағытта біз тексеруші мемлекеттік органдармен бірлесіп бірқатар жүйелі іс-шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның мақсаты мемлекеттік органдардың талаптары мен нормаларына қатысты кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру болып табылады», деді М.Мәжитов.

Оның айтуынша, мораторий нәтижесінде кәсіпкерлер тексерістердің талаптары бойынша ақпаратқа қанық болады. «Талдау жүргізіледі, ол тек кәсіпкерлердің ұлттық палатасының ғана күшімен емес, Өңірлік даму министрлігімен байланыста жасалуы тиіс», деп жалғады сөзін палата директоры.

Біз бұл кезеңде жай отырмаймыз, белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Рұқсат берулер мен ескертулер туралы заң жобасы дайын. Өз қызметін реттейтін ұйымдар туралы заң жобасы жасалуы мүмкін. Ал омбудсменге қатысты ұсыныс бар. Биылғы жылы осы мәселелерді мемлекеттік органдармен жан-жақты пысықтауымыз қажет, деп қосты Заңғар Ноғайбай.

Әйткенмен кәсіпкерлер өз тараптарынан бұл үлкен жауапкершілік екендігін түсінуі қажет көрінеді. Егер келесі жылдан бастап кәсіпкерлерге жоспарлы тексерулер жүргізілмейтін болса, бұл оларға ерік берілгендігі. Бұл кәсіпкерлер өз жұмысына өздері жауапты екендігін білдіреді. Тиісінше, әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілік талаптары да жоғары болады екен. Десек те, бұл шара кәсіпкерлерге даңғыл жол ашары анық.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».

 

ӨНДІРІСТІ ӨРГЕ ШЫҒАРАР ШАРА

Қазақстан экономикасының өркендеуінде кәсіпкерліктің үлесі молайып келеді. Бұған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауы өзіндік септігін тигізіп отыр. Бұл күндері өз кәсібін шағын және орта кәсіпкерліктен бастаған отандық кәсіпкерлердің арасында ірі жобаларды іске асыратындай  шоғыр қалыптасып үлгерді. Экономиканың әр саласында, соның ішінде Атырау өңіріндегі мұнай-газ өнеркәсібінің қарқынды дамуына серпін берген ірі халықаралық жобалардың сәтті жүзеге асуына атсалысып жүрген кәсіпкерлер де бар. Рас, бастапқыда шетелдік кәсіпорындар қатысуымен қолға алынған жобаларға мердігер болу қиындық келтірді. Міне, осындай сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік инвесторларға отандық кәсіпкерлерді жобаға тарту арқылы  қазақстандық үлесті молайту қажеттігін жүктеді. Сол кәсіпкерлер отандық өндіріске заманауи талапқа сай жаңа технологияларды енгізіп келеді.

Қазір атыраулық кәсіпкерлер сан алуан өнімдерді өндіреді. Бұрын өңіміз түгілі түсімізге де кірмеген пластикалық терезелер, медицинада көп қолданылатын бір жолғы шприцтер мен күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларын шығаруды  кәсіпкерлеріміз шырқ үйіріп әкетті. Біздің өңірде балық өнімдерінің бірнеше түрін шығару қолға алынуда. Бұдан өзге кірпіш шығаратын, қамыстан тақтайша жасайтын, шетелдік кәсіпорындар қызығушылық танытатындай өнімдер шығаратын кәсіпорындар құрылып жатыр. Мұның бәрінде жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылып отыр. Енді кәсіпкерлер ашқан  өндірістердің келешегі кеңейе түседі деуімізге толық негіз бар. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялап отыр. Жыл аяғына дейін созылатын бұл кәсіпкерлік қызметтің кең көлемде қанат жаюына толық мүмкіндік ашады деп ойлаймын.

Президент осыған орай өз мәлімдемесінде жоспарлы тексеріс тәжірибесінен бас тартудың қажеттігіне тоқталды. Сөйтіп, алдағы уақытта әлемдік талаптарға негізделген тексерістерді анықтайтын жүйені әзірлеуге басымдық беріліп отыр. Мұның өзі кәсіпкерлік қызметтің жаңаша дамуына түбегейлі өзгеріс жасайтыны даусыз. Мемлекет басшысының осындай қолдауынан кейін біздің кәсіпкерлеріміз өзінің бизнесін жүргізуде ашықтық қағидасын ұстанады деп сенемін. Ұлттық экономиканы өркендетуге үлес қосуды ойлаған әрбір қазақстандық кәсіпкер салықтан жалтару секілді әрекеттерден аулақ болады. Енді бұдан былай  кәсіпкерлер заңның барлық талаптарын орындайтын болса, тексеруші  органдар оған мүлде бармауға тиіс дегені баршамызды қуантып отыр.

Бизнес-омбудсмен институты құрылатындығы  кәсіпкерлер тарапынан кең қолдау табуда. Себебі, бұл институттың ең басты міндетіне кәсіпкерлер құқығын қорғау жатады. Демек, кәсіпкерлер бұдан былай осы институтқа арқа сүйей алады. Сонымен қатар, құрылыс нысандарын салуға рұқсат беру, инженерлік жүйелерге қосылу ресімін 50 пайызға дейін азайтылатындығы да кәсіпкерліктің еңсе тіктеуіне ықпал етпек. Кәсіпкерлер осының бәрін отандық өндірісті өрге шығарар ең маңызды шара ретінде қабылдап отыр.

Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы кезге дейін кәсіпкерлерді қолтығынан демеп, үлкен қолдауын көрсетіп келеді. Міне, елін сүйген, елі сүйген Елбасы тағы бір рет кәсіпкерлерді қанаттандырған маңызды шараны қолға алды. Осының өзінен Елбасының отандық экономиканы қарқынды дамыту үшін барлық мүмкіндікті жасауда батыл қадам жасайтынын байқадық. Біз – кәсіпкерлер қауымы Елбасы артқан сенімнің үдесінен шығуға бекіндік, осы мақсатта тәуелсіз Қазақстанымыздың әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына еніп, қуатты мемлекет атануына лайықты үлесімізді қосамыз.

Әлия БЕКҚОЖИЕВА, Атырау облысы кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының төрайымы. Атырау облысы.

 

БІЗ ОСЫЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙМІЗ

Әлемдегі қай елді алып қарамаңыз, негізгі тірек – шағын және орта бизнес өкілдері саналады. Қарапайым халықтың кәсіпкерлікпен еркін айналысуына жағдай жасалып, ешқандай кедергіге тап болмай, жұмысын жүргізуге жан-жақты мүмкіндік қарастырылған мемлекеттің экономикасы мықты, әлеуметінің әлеуеті зор. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанның орта кәсіпкерлікті дамытуға басымдық бергені де сондықтан. Елбасы жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында, стратегиялық бағдарламаларында, оның сыртындағы түрлі кеңес-жиындарда шағын және орта бизнесті өркендетуге жағдай жасауды ұдайы тапсырып, назарда ұстап отыратыны сөзіміздің айғағы болса керек. Шыны керек, ел кәсіпкерлері Елбасының қамқорлығын үнемі сезініп келеді. Сол себепті елімізде кәсіпкерлік кең қанат жайып, өрлеп өсіп жатыр. Міне, Мемлекет басшысы күні кеше шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жасауға мораторий жариялады. Елбасының бұл Жарлығы еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін беріп қана қоймай, экономикамыздың өсіп-өркендеуіне жаңаша жол ашады деп ойлаймын.

«2 сәуірден бастап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге мораторий жариялаймын. Мен қазақстандықтардың бизнес жүргізуіне қажетті жағдайды әрі қарай жақсарта түсу мақсатында Үкіметке бірқатар нақты шаралар қабылдауды жүктедім. Бақылау қызметі саласында: біріншіден, жоспарлы тексеріс тәжірибесінен бас тартамыз. Мемлекеттік органдар менің Әкімшілігіммен келісе отырып, объективті, әлемдік талаптарға сай тексерістерді анықтау жүйесін әзірлейді. Бұл жүйе бойынша, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап тек шынымен де заңды бұзу ықтималдығы жоғары кәсіпкерлер тексерілетін болады. Егер кәсіпкер заңның барлық талаптарын орындайтын болса, тексеруші органдар оған мүлдем бармауға тиіс! Екіншіден, тексерісті жүргізу форматы кәсіпкерлерге қойылатын барлық артық талаптарды алып тастайтындай етіп, түбегейлі қайта қаралады. Нәтижесінде талаптардың жалпы саны 30 пайыздан артық мөлшерге азаяды. Ол үшін Үкімет барлық тексеріс жүргізу регламенттерін қайта қарауы қажет. Үшіншіден, тексерістерге балама ретінде үшінші тұлғаның алдында ерікті түрде сақтандыруды заң жүзінде бекіту қажет»,– деді Президент.

Бұдан қандай ой түйеміз? Ең бірінші, бұл – шағын және орта бизнестің даму деңгейін арттыруға жасалған қадам. Жалпы, соңғы жылдары тексеріс азайып келеді. Ал мына Жарлық елде бар аз-кем тексерудің өзін тоқтатады. Екінші, ешқандай көзбояушылық жасамай, заңды бұзбай жұмыс істесең, сенімен ешкімнің шаруасы болмайды деген сөз. «Алаған қолым береген» деп, бармақ басты, көз қысты әрекетпен пайда табуға иекемді кәсіпкерлердің барын да жасырмаймыз. Ендігі жерде жұмысын адал атқаратын бизнес өкілдері мен қитұрқы жолмен қаржы табуды көздейтін адамдардың аражігі ажыратылады. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген. Сол сияқты, елімізде қабылдаған заңнамаларға қарама-қарсы әрекетке бармай, ісін адал атқаратын кәсіпкерге де енді ешкім көлденеңнен келіп тиіспейді. Үшіншіден, шағын және орта бизнесті тексерудің түрі өзгереді. Ол да әлемдік өркениеттің озық тәжірибелерін басшылыққа ала отырып жасалады.

Елбасының Жарлығына сәйкес кәсіпкерлікке қатысты заңнамаларда да өзгеріс болатынын білдік. Бұл да көңілге қуаныш ұялатты. Одан бөлек, Қазақстанда жаңадан Бизнес-омбудсмен институты құрылады. Ол кәсіпкерлердің құқын қорғаумен айналысады. Бизнесті жаңадан бастаған адам өз құқын білмей жатады. Ал мына институттың осындай адамдарға көмегі зор болмақ. Қысқасы, мемлекет кәсіпкерліктің дамуы үшін жағдай жасап жатыр. Енді шағын және орта бизнес өкілдеріне тек алаңсыз жұмыс істеу ғана қалып тұр.

Ғалымбек ЖАҚСЫЛЫҚОВ, «Аквалайн» ЖШС директоры. Қызылорда облысы.

 

ІЛГЕРІЛЕУГЕ КЕПІЛДІК

Бүгінде, шамасы келсе, екінің бірі шағын және орта бизнес саласына араласып, мемлекеттің жеңілдікті қаржылық көмектеріне сүйенгісі келеді. Алайда, бұдан бәрінің шаруасы өрге басып, оңғарылып кетеді деген ой тумаса керек. Кейбіреулердің қаражат болса, қалғанын қатырамын деп істің байыбына бармас­тан шолақ ойлайтыны таңдандырады. Өйткені, кәсіпкерлік салада еңбек ету өте күрделі. Қажырлы қимылды, тынымсыз ізденісті қажет етеді. Нарықтың бүгінгідей мың құбылған заманында істің көзін таппасаң, банкрот болу қазір-ақ. Бәсекелестікке қарымды өнім өндіру, оны өткізу, өндіріс орындарын озық технологиялармен жабдықтау қиынның қиыны екенін тәжірибеден анық білемін. Басшылық жасау, табыс табу аса жауапты іс деп отырғаным сондықтан. Ерекше талаптар арасынан кәсіпкердің өз ісіне сай білімінің болуын, зор ұйымдастырушылық және көпшілікпен жұмыс істесе білу қабілеттерін ерекше бөліп айтар едім.

Бірақ қанша алға ұмтылғанмен ілгері басқан қадамымыздың кері кеткен жағдайлары да болды. Бәрінен бұрын қағазбастылық, әкімшілік кедергілер, негізгі тексерістер уақытымызды алатынына ызамыз келгенімен, дәрменсіз едік. Енді, міне, Елбасы еліміздегі кәсіпкерлік қызметтің одан әрі жандануына қажетті жағдайларды жақсарту жөнінде түбегейлі шаралар қабылдап, шағын және орта бизнес субъектілері үшін қолайлы мүмкіндіктер тудырылғанын қанағат сезіммен қарсы алдық. Бұл ауылдарда қоныстанған жергілікті кәсіпкерлердің көптен күткен шешімі еді. Жасыратыны жоқ, мен секілді шалғай елді мекенде тұратындар банктерден ірі көлемде қаражат алуға қауқарсыз. Оны бермейді де. Өйткені, оған кепілдікке қоятын дүние-мүліктері де жоқ. Сол себепті ұтымды ойластырылған бизнес-жоспарлар жасап, Үкімет тарапынан ұсынылатын жобаларды ұтып алуға тырысамыз. Еңсемізді тіктеп, құлашымызды кеңге жая бергенде жөн-жосықсыз кедергілерге тап боламыз. Кәсіпкерлердің құқығын қорғайды деген кей орындардың өздері жоспарлы-жоспарсыз тексерістерге алып, еңбек өнімділігіне кері әсерін тигізіп жатады. Мұндай реніш-өкпелер біздің тарапымыздан жиі айтылып келсе де, заңдастырылмағаннан кейін неге тексересің деп дауласа алмайтынбыз. Бұдан былай кәсіпкерлердің жұмысына қажетті жағдайды ұдайы жақсарту мемлекеттің басты назарына алынуы қуантады.

Біздің өндірісіміз шағын. Шаруа қожалықтарынан сатып алынған бидайды кідіріссіз өңдеп, күніне 90 тоннаға дейін ұн үгеміз. Оны наубайханаларға дайын шикізат күйінде жөнелтеміз. Ең бастысы, өнімдерге деген сұраныс мол. Еңбектің қайтарымы, түпкі нәтижесі деген осы емес пе? 45 адамды жұмыспен қамтудың өзі өндірісіміздің тұрақтылығын аңғартса керек. Сапасы жоғары ұн өнімдерін аудан, облыстан тысқары еліміздің оңтүстік жақтарына да таратамыз.

Маған өз мамандығым ұнайды. Мүмкін анамның еңбек еткен ұжымы болғандықтан ба, үйренісіп қалған ортам өте ыстық. Анамның еңбек эстафетасын жалғастыру – басты мұратым. Алдағы уақытта цехтарды жабдықтау, шикізатпен үзіліссіз қамтамасыз ету, жұмыстың сапалы орындалуына жауаптылықты арттыру үдерісі жалғаса беретін болады. Бұған бақылау қызметі саласындағы түрлі тексерулердің оңтайландырылып, ең бастысы, сүйікті ісіңмен жан-жақты айналысуға қолжетімділік, ілгерілеуге кепілдік беріліп отыр.

Айгүл ӘБДІРАХМАНОВА, «Шахирис» ЖШС-нің жетекшісі. Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша қаласы.

 

БҰЛ – ҮЛКЕН КӨМЕК

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың кәсіпкерлерді қолдау туралы мәлімдемесін ел газеті «Егемен Қазақстаннан» оқып, теледидардан естіп разы болдым. Себебі, осыдан екі жыл бұрын Алматы облысы Жамбыл ауданы Қасымбек ауылында ашқан шаштаразымызда еш алаңсыз халыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік молынан туды. Түрлі құзырлы орындар тарапынан тексеруге тыйым салынғаны бізді қуантты. Көңіл қошымыз көтеріліп, жұмысты тың серпінмен бастадық. Тек біз ғана емес өзге кәсіпкерлер де аталған мәлімдемеден ерекше қуат алған тәрізді. Дәл осы тұста айта кетер бір жайт осыдан бір жыл бұрын ауданымыздың әкімі болып Махаббат Бигелдиев тағайындалып, қызметіне кіріскендегі алғашқы қадамы елді мекендердегі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау болған еді. Сол қолдауға біз де ие болып, ашқан шаштаразымыз Қасымбек ауылында тұратын 3000 тұрғынға толық әрі қанағаттанарлық қызмет көрсете алдық. Нәтижесінде заңнама талабына сәйкес мемлекетке салықты дер кезінде төлей алдық. Оның сыртында өрт сөндіру мекемесі, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау стансасы сынды мекемелер жоспарлы тексеруді үздіксіз жүргізіп, жұмыс істеуімізге өзіндік кедергілер тигізетін еді. Енді міне, Елбасы кәсіпкерлерді тексеруді барлық сала бойынша 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтату туралы Жарлық шығарғанда біріншіден, кәсіпкерлер және қарапайым халық қатты қуанды. Сөйтіп, жұмыс істеуге барлық мүмкіндік туды. Ендігі міндетіміз, халыққа сапалы қызмет көрсету болып отыр. Оған тың серпінмен кірісеміз.

София ЧАЛАБОВА, кәсіпкер. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қасымбек ауылы.

 

БІЗГЕ ДЕ ТИІМДІ

Нарықтық экономиканың демеуші саласы – кәсіпкерлік. Кәсіпкерліктің қанатын кеңге жаюы мемлекеттің дамуына, елдің әл-ауқатының артуына бастайды. Сол себепті Мемлекет басшысы Н.Назарбаев кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аударып, ол үшін қажетті мүмкіндіктерді жүзеге асыруды  тапсырды.

Елбасының кәсіпкерлікті одан әрі дамытуды қолдау  мақсатында сәуір айынан бастап кіші және орта бизнес субъектілеріне қадағалаушы органдардың тексеруіне мораторий жариялаған Жарлығымен бүгін ұжым мүшелері түгел таныстырылды.

Санитарлық тазалық – жалпыға бірдей тәртіп жолы, халық денсаулығының кепілі. Ең бастысы, адам денсаулығына тікелей әсер ететін эпидемиологиялық маңызды нысандарда санитарлық талаптардың жоғары деңгейде сақталып, топтасқан жұқпалы аурулардың індетін таратпау, адам денсаулығына кері әсер етуші факторларға жол бермеу. Сондықтан, тұрғындардың са­ни­­тарлық-эпидемиологиялық са­ламаттылығын сақтау мақсатында, тексеру шаралары тоқтатылса да, кіші және орта бизнес өкілдерінің санитарлық сауаттылығын арттыру мақсатында олармен семинар сабақтар өткізу, кеңес беру жұ­мыстары жүйелі жүргізіліп отырады.

Кіші және орта бизнес өкілдерінің санитарлық жауапкершілігін арттыру мақсатында үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер палаталары, жергілікті кәсіпкерлік және сауда басқармаларымен бірлесіп, кездесулер, дөңгелек үстелдер, сұрақ-жауап отырыстары, т.б шараларды ұйымдастыруды қолға аламыз. Басқа деңгейдегі нысандарды тексеру шаралары жоспарға сәйкес жалғасын табады. Тексерулердің азаюы біздің жұмысымызды жеңілдетіп, жоғарыда айтылғандай шаралар өткізуге жол ашады.

Кәсіпкерлердің бәрі заң талаптарын бұзады деуге болмайды, бірақ кездеспей де қалмайды. Мемлекет басшысының өздеріне жасаған қамқорлығын терең сезініп, құрметпен қабылдап, кәсіпкерлер де өз қызметтерін сапалы, ашық, таза ұйымдастыруы тиіс.

Марал ҚАДЫР, «Қазақстан Республикасы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің Маңғыстау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті» РММ басшысының міндетін атқарушы. Маңғыстау облысы.

Дерекнамасы: Егемен Қазақстан


Еншілес ұйымдар

Серіктестер