astana-view

АСТАНА ТВ - ОҚО шаруалары мемлекеттен бөлінетін арзандатылған сұйық отынның ақшалай берілгенін қалайды

2015 жылғы 10 Қыркүйек
4117 просмотров

Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар шаруалары арзандатылған сұйық отыннан қағылып келеді. «Олардың мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудан тыс қалуына бекітілген операторлардың өз ісіне салғырт қарауы себеп болған», - дейді аймақтағы кәсіпкерлер палатасының өкілдері. 

Палатаның дерегінше, бір ғана Отырар ауданының шаруаларына қыркүйек айына 325 тонна дизель отыны тиесілі болған. Бірақ шаруалар оның тек 25 тоннасын алып үлгерді. Шалғайдағы шаруалар мемлекеттен бөлінген арзан отынды қаладан әкетеді. «Тасымал шығынымен қоса есептегенде, сол ауылдағы баға шығады», - дейді шаруалар. Мәселен, дала жұмыстарына деп бөлінген дизель отынының әр литрі 74 теңге болып белгіленсе, егіс басына жеткенше, ол баға кемінде он теңгеге көтеріледі. Мұндай қиындық Түркістан қаласы мен Мақтарал, Сарыағаш, Созақ аудандарының шаруаларына қолбайлау болып тұр. «Сондықтан бұл жерде сұйық отын бойынша мемлекет қолдауын ақшалай беру жағы қарастырылса», - дейді шаруалар. 

Сенбек Жәнібек, шаруа: 

Мысалы үшін, бізге сентябрьде соңғы солярка беріледі. Ал сентябрьде солярканың керегі жоқ. Мысалы, егіс еккен адамға тек жинау үшін солярка керек сентябрьде. Ал ертең ноябрьде, декабрьде жер жырту керек, ол кезде дизель отыны бөлінбейді. Сондықтан субсидияға, егер қосып берілетін болса, әркім өз шаруасын жасайды. Өз жағдайына қарап, ақшасын сақтап отыруы мүмкін. 

Облыс бойынша егін орағы мен күзгі жиын-терімге 44 мың 700 тонна жағармай бөлінген. Оны шаруаларға жеткізуді 15 оператор міндетіне алыпты. Кәсіпкерлер палатасының өкілі, бұл жерде негізгі кемшілік жұмысты ұйымдастыруда жүйенің жоқтығынан болды, деп отыр.  

Тимур Нахыпбеков, ОҚО кәсіпкерлер палатасы әкімшілік кедергілерді азайту департаментінің жетекшісі: 

Ауыл шаруашылық басқармаса осы операторлардың жұмысын нақты қадағалау қажет. Яғни оператор үш жақты меморандум бойынша өзінің мойнына белгілі бір дәрежеде міндеттерді алады. Яғни ауыл шаруашылық құрылымдарына жеткізіп беру, сонымен қатар жанармай бекеттерімен қамтамасыз ету. Осы талаптар бүгінгі таңда орындалмай отыр бірқатар аудандарда. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер