astana-view

ҚЫЗЫЛОРДАДА ӨҢІРЛІК КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

2014 жылғы 05 Наурыз
2601 просмотров

Бүгін Қызылордада Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов және облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен өңірлік кәсіпкерлер палатасының отырысы өтті.

Абылай Мырзахметов сапарының мақсаты – аймақтарда ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесін ұлғайту, кәсіпкерлік деңгейін көтеру және жергілікті кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі Елбасы Жарлығын жүзеге асыру. Жуырда теңге девальвациясына байланысты отандық кәсіпкерлікті қолдау үшін мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық қордан 1 трлн. теңге бөлінді. Одан бөлек, ірі қаржы институттары тарапынан қосымша қаражат қаралмақ. Басқарма төрағасы шағын және орта бизнесті дамыту саласында бірлесе жұмыс жасауға дайын екендігін айтты.

Аймақ басшысы облыстың өткен жылғы жетістіктері туралы айтып берді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 19 пайызға өссе, тікелей инвестициялау көлемі 40 пайызға ұлғайды. Облыстың 2014 жылға арналған бюджет 167 млрд. теңге мөлшерінде бекітілді, оның ішінде өңірлік даму бюджеті 51 млрд. теңге көлемінде (өткен жылы – 31 млрд.) және бюджетті нақтылау барысында одан да артылуы мүмкін.

- Елбасы шағын және орта бизнес субъектілер санын арттыру және отбасылық бизнес, яғни әкеден балаға мұра боп қалатын шағын кәсіпті дамытуды тапсырды. Әсіресе, ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамыту өте маңызды. Біз ісін ашып, кәсіп істеймін деген азаматтарға барынша қолдау көрсетіп, тәрбиелеуіміз керек, - деді облыс әкімі.

Облыстағы шағын және орта бизнестің үлесі ЖІӨ бар болғаны 8,5 пайызын ғана құрайды, сондықтан оның көлемін арттыру бойынша жұмыс жасау керек. Ол үшін зор мүмкіндігіміз де бар: «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында шағын несие беру үшін Қызылорда облысына өткен жылы – 3 млрд. теңге, биыл – 4 млрд. теңге бөлінді. Оған қоса, аймақта «Ақниет» әлеуметтік бағдарламасы жүзеге асырылады, биылдан бастап грант негізінде қаржыландыру басталмақ. Өңір басшысы кәсіпкерлерді бар мүмкіндікті бүкіл облыс халқының игілігіне пайдаланып, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Дерекнамасы: kyzylorda-news.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер