Кәсіпкерлер мәселесі басты назарда
Ақтөбелік кәсіпкерлерге кесе-көлденеңдеген кедергілермен күрес бойынша кәсіпкерлердің ұлттық палатасының арнайы сайтында «Кәсіпкерлер проблемаларының тізілімі» жобасы ашылды.
Оған кез келген азамат қатысып, мемлекеттік органдарда туындаған кедергілер мен өзге де мәселелері туралы арыз-шағым қалдыра алады. Кәсіпкер Сарманов Аманбай 2009 жылы жеке серіктестік құрып, құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналыспақ болады. Алайда лицензия қолына тек 2 жылдан кейін тиеді. 5 адамды тұрақты жұмысқа алып, мемлекеттік байқауларға қатыса бастайды. Құрылыс жұмыстары кезінде қосалқы мердігер ретінде бригадаларды жұмысқа тартады. 1,5 жыл бірнеше нысанның құрылысына қатысады. Аяқ асты келген тексеру салдарынан кәсіпорын соңғы 2 жылда тұралап тұр.
Аманбай Сарманов, кәсіпкер:
- 1,5 жыл істеп үлгердік, келіп тексеріп, бір жерден қателік тауып, біздің есепшотты жауып тастады. Міне, 2 жыл болды, жұмыс істей алмай отырмын. Ал олар, салық комитетін айтамын, 2 жыл менен ешқандай салық ала алмай отыр. Кәсіпкердің бұл мәселесінен кәсіпкерлердің облыстық палатасы хабардар. Қазір шағым жоғары палатаға жіберілген. Тексеру негізсіз болғанын мамандар дәлелдеп отыр.
Өткен жылдың соңында палатаның ресми сайты ашылған болатын. Сол уақыттан бері ақтөбелік кәсіпкерлерден 100-ден аса талап-тілек түскен. Ал барлық өңірден 1700-ге жуық шағым қабылданған.
Нұрбол Аймағанбетов, Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:
- Оның ішінде 300-ге жуық кәсіпкердің мәселесі анықталды. Бұл проблемалар мемлекеттік және басқа тиесілі органдармен бірігіп шешіледі. Құрылыс, ауылшаруашылығы саласында салыққа байланысты мәселе туындайды.
Мамандар Елбасы орта және шағын кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жариялағаннан кейін, шағымданушылар саны азаюы мүмкін екендігін айтады. Себебі бұған дейін сайтқа келіп түскен шағымдардың басым бөлігі негізсіз тексерістер туралы болған.
Дерекнамасы: 24KZ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: