astana-view

ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН - Көсегем көгерсін десең, кооперативке кел

2016 жылғы 17 Наурыз
2094 просмотров

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Атамекен» ҰКП АӨК комитеті хатшылығы хатшы­сының орынбасары Дінмұхамед Әбсаттаров баспа­сөз мәслихатын өткізді. Ол ауыл шаруашылығы саласында құрылып жатқан кооперативтер мен ауылды жерлердегі бизнесті дамытуға қатысты мәселелер жөнінде әңгімеледі.

Биыл жыл басында ауыл­шаруа­шылық кооперативтеріне қатысты заң күшіне енгенін айтқан спикер, бұл шара сала­ның дамуына тың серпін бе­ре­тінін жеткізді. «Осы заң кү­шіне енген соң Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына орай, «Атамекен» ҰКП ағымдағы жылдың өзінде 100 кооператив ұйымдастыруды мақсат етіп отыр. Оның 11-і Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігімен бір­ле­се отырып, қанатқақты жоба ре­тінде құрылады. Саланың ма­ңыздылығына орай, палата бас­шылығының бекітуімен ба­сым бағыт болып отырған шара мүмкіндігінше тезірек жү­зеге асырылады. Осыған орай жер­гілікті жерлердің бәрінде кәсіп­керлер палатасының ар­найы өкілдері жұмыс істейтін бо­ла­ды. Олар кооперативтердің жөн-жорығымен қатар, оны әрі қа­рай дамыту жолдары жөнінде заң­­дық кеңес беріп отырады», деді.

Жобаны қолға алмас бұрын Ұлттық кәсіпкерлер палата­сының мамандары бірқатар жұмыс атқарған. Мәселен, үш бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізген. Оның біріншісі – ішкі нарықты зерттеу. Елімізде кең тараған «Рамстор», «Арзан», «Магнум», «Метро» сын­­ды сауда орындарының бас­­шыларымен кездесіп, олар­­дағы мә­селелерді егжей-тег­жейлі анықтадық. Екін­ші, ауылшаруашылық та­уар­­­­ларын өндіріп отырған кә­сі­п­­орындардың қандай қуат­ты­­лықта жұмыс істеп тұрғанын зерттедік. Үшінші, ауыл тұр­ғын­дарымен кездесіп, мұң-мұқ­тажын тыңдап, олардың өнімін арттыру жолдарын талқыладық. Жалпы, жыл басынан бері алты өңірді аралап үлгердік. Олар – Алматы облысы, Алматы қаласы, Ақтөбе, Қызылорда, Оң­­түстік Қазақстан, Жамбыл об­л­ыстары. Шамамен 50-шақ­ты ауданда болып, бар­лық ауылдарға атбасын ті­реп, ауыл тұрғындарымен жүз­бе­-жүз кез­­десіп қайттық. Олар­дың кө­бісін елімізде отан­дық тауар өн­дірушілердің тауар­лары на­рықта көптеп сатыл­май­тын­дығы алаңдатады екен», деді спикер.

Оның айтуына қарағанда, отандық өнімдермен ішкі на­рықты толық қанағаттандыру үшін бірқатар күрделі мәселелер бар көрінеді. Палата мамандары үлкен сауда желілерімен кез­десіп, мәселені талқылағанда, отандық тауар өндірушілер сау­да орталықтарын жыл бойы, яғни 362 тәулікте үздіксіз қам­та­­ма­сыз етіп отыруға қабі­летсіз екені айтылған. Тіпті, Ал­ма­ты­дағы ірі сүт өнімін өн­діруші зауыттардың өзі қыс мезгілінде тек 20 пайыздық қуаттылығымен ғана жұмыс істеуге мәжбүр екен. Себебі, ши­кізат жеткіліксіз. Ал жаз, күз айларында қор жинауға са­палы қоймалар жоқтың қа­сы. Картоп және де басқа көкөніс өнімдерімен де ірі сау­да желі­лерін жыл он екі ай толас­сыз қамтамасыз ету мүмкін емес көрінеді. Себебі, жаздың соңы мен күз айларында арзан бағаға ағылатын бақша өнімдері қыс айларында шарықтап қым­бат­тауы ықтимал. Мұндағы мәселе де арнайы қоймалардың тап­шы­лығына байланысты орын алады.

Д.Әбсаттаров саладағы көп­­­теген түйінді мәселелер жөнін­­де айта келіп, аталған заң осының бә­рін реттейтінін және ауыл ша­руа­шылығының серпінді да­муына жол аша­тынын жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер