astana-view

Сатудан алынатын салық: енгізу керек пе әлде кейінге қалдырған дұрыс па?

2016 жылғы 30 Наурыз
12504 просмотров

«Атамекен» ҰКП-да Ұлттық экономика министрлігі мен Мемлекеттік кіріс департаменті сатудан алынатын салық жөнінде презентация ұсынды

Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Азамат Әмриннің хабарлауынша, сатудан салық алуды тауарларды сатып өткізудің әрбір сатысында, кіріс СаС бойынша есепке алуды көрсетпей, оны өзіндік құнға қосып, яғни каскадтық әдіспен жүзеге асыру ұсынылады. Салықтарды қайтару бұл сызбада болмайды. Сатудан алынатын салық мөлшерлемесі 5%-ды құрайды.

Әмриннің айтуынша, жеңілдіктер тәртібі, қазіргі ҚҚС шеңберінде қолданылатын тәртіпке негізделеді. «СаС-ты делдалдық сипатқа ие емес, әлеуметтік мәнді тауарлар мен жұмыстарды сатып өткізу жөніндегі айналымға салмау ұсынылады: білім беру, медициналық қызмет, халықаралық тасымал және т.б.», – деп мәлімдеді ол.

Бұл жағдайда, дейді ол, кейбір қолданыстағы жеңілдіктер жойылады: ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге арналған ҚҚС бойынша 70 пайыздық жеңілдік; есепке алу әдісімен төлеу; еркін экономикалық аймақ территориясындағы тауарларды сатып өткізу жөніндегі нөлдік мөлшерлеме; түсті және қара металл сынықтарын сатып өткізу жөніндегі айналымды, тұрғын үй қорын басқару, ұстау және пайдалану жөніндегі қызметтерді, еркін қоймалар территориясында өндірілген тауарларды, нотариалдық қызметтерді, адвокаттық  қызметті, лотерея билеттерін, тазартылған, асыл металдарды, тұрғын үй ғимараттарын және жер учаскелерін салықтан босату.

Әмрин сатудан алынатын салықты енгізу ел бюджетіне қосымша 800 млрд теңгеге жуық түсім әкелетінін атап айтты.

Реформаның оң пайдасы ретінде ол есептеудің және әкімшілендірудің қарапайымдығы, бюджетке қосымша кіріс, бақылаудың жақсаруы, сыбайлас жемқорлық құрамдасының болмауы, сондай-ақ, делдалдар санының қысқаруы іспетті қырларын санамалап берді.

«СаС енгізудің міндетті шарты – электронды шот-фактураларды қолдану, онлайн-берілімі бар бақылау-кассалық аппараттарды енгізу, ШОБ және агроөнеркәсіп кешені үшін арнаулы салықтық режімдердің жойылуы», – деп қосты Ұлттық экономика министрлігінің өкілі. 

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов, дөңгелек үстелдің модераторы бола отырып, өз кезегінде, СаС-ты енгізу бизнеске қалай әсер ететінін білу үшін Ұлттық палата алты сала бойынша талдау жүргізгенін атап өтті. Ол ҰКП-ның негізгі түйіндерін баяндады. «Өнімнің өзіндік құны өсіп келе жатқаны түсінікті. СаС-тың 5%-дық  мөлшерлемесі тұсында тауарлар 9-15%-ға қымбаттайды. Біз ШОБ субъектілеріне елеулі қауіп төнетінін көріп тұрмыз. Біздің есептеуіміз бойынша, Қазақстанда кәсіпкерліктің 1,3 млн субъектісі бар, олардың 930 мыңы – жеке кәсіпкерлер. ЖК-нің 41%-ы сауда саласында істейді. Әлбетте, ұсынылатын новациялар бойынша сауда саласы патент салынатын субъектілер санына кірмейді, олар кірістері мен шығыстарын есепке алуға мәжбүр болады. Сәйкесінше, біз, дәл осы буындар қысқаруға түсетін тәуекел аймағында болады деп ойлаймыз. Біз тәуекелдің аса жоғары көрсеткіштерін көріп тұрмыз – 200 мыңдай кәсіпкер», – деген Жүрсінов, реформа отандық экспорттаушылардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетуге әкеп соғатынын айтты.

Мәжіліс барысында Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников те өз пікірін айтты. «Маған бүгінгі айтылған ұсыныстар бизнеспен мүлде пысықталмаған тәрізді ой қалдырды. Біз өзіміздің барлық кәсіпорындарымыздың пікірлерін сұрап білдік, олардың бір де біреуі осы өзгерістер жайында оң пікір айтқан жоқ. Егер бұл жүйені енгізетін болсақ, көптеген кәсіпорындар банкротқа тап болады», – деп мәлімдеді ол.

Алматы Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов өз әріптестерінің Қазақстанда әзірге СаС-қа көшудің қажеті жоқ екендігі туралы ұстанымын қолдады. «Сатудан алынатын салықты енгізудің жағымды қырларының арасында сіздер бизнес құрылымын делдалдар санын азайту және ірілендіру жолымен оңтайландыруды атадыңыздар. Бұның орнына сіздер былай деп тура жазуларыңыз керек еді: шағын және орта бизнесті жою. Өйткені, ірі кәсіпорындардың айналасындағы бүкіл қызметті көрсететін –  ШОБ. Менің көзқарасым бойынша, ҚҚС-тың мүмкіндігі әлі сарқылған жоқ», – деді ол.

Алматы Кәсіпкерлер қауымдастығының президенті  Виктор Ямбаев сатудан алынатын салықты талқылау тақырыбын алып тастау қажет деп тура мәлімдеді. «Қаржы министрлігі қоғам, бизнес пен салықтық құрылымдар жаңа салықты енгізуге дайын емес екендігін батыл түрде айтуы тиіс, ол қоғамды біржола шиеленістіруі әбден мүмкін», – деп атап көрсетті ол. 

«Еуразиялық топ» ЖШС өкілі Марина Бачурина  «сатудан алынатын салық деп шартты түрде аталған салықты айналымнан түсетін салық қағидасы бойынша енгізу ұсынылады» деді. «Кез келген айналымдық салықтар салық төлеушінің айналымдағы қаражатын жуып-шаюға қызмет ететіні белгілі. Егер сізде айналымдық қаражат жуып-шайылатын болса, онда бұл, біздің рентабельділігіміздің төмендеуі, түсімнің азаюы деген сөз, оның өзі инвестициялардың, жалақы төлеудің көзі болып табылады», – деді ол. Сондай-ақ, ол мемлекеттік орган, сатудан алынатын салықты енгізудің әдістемесін ұсына отырып, ұзақ мерзімдік перспективаға тигізетін мультипликативтік әсерін есептеуі қажет. Айталық, бизнесті ірілендіру нәтижесінде, физикалық тұлғалар мен өзін-өзі қамтығандар кіріс көзінен айрылады, импорттың ішкі өндіріспен салыстырғанда ұлғаюы ішкі өндірушінің қысқартылуына, сәйкесінше, ішкі салықтық базаның қысқаруына әкеп соғады.

Сонымен, кәсіпкерлер мен бизнес-қауымдастықтар дағдарыс кезеңінде қандай да бір түбегейлі өзгертулерді енгізуден аулақ болған дұрыс деген ортақ пікірге келді. Экономикалық күрделі кезеңде жаңа салықты енгізу кәсіпкерлерге теріс салдарын тигізуі ықтимал, соған байланысты ҚҚС-ты сақтау мәселесін қарастыру қажет.

Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері сатудан алынатын салықты енгізудің тетіктерін пысықтау жөніндегі жұмыс енді ғана басталғанына сендірді. Сатудан алынатын салықты енгізу қажеттігі туралы соңғы шешім қабылданған жоқ. «Мемлекет басшысының тапсырмасы мынадай: сатудан алынатын салықты енгізу мәселесін егжей-тегжейлі қарастыру», – деп баяндады Әмрин. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі бизнес-қоғамдастықтан ҚҚС-ны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды күтеді.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер