astana-view

Оралдық кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлық кең етек жайған мемлекеттік органдарды атап берді

2016 жылғы 07 Сәуір
- Батыс Қазақстан облысы
9355 просмотров

БҚО кәсіпкерлері мен Қазақстанның бизнес-омбудсмені арасында болған кездесуде «Іскерлік климат» рейтінгісінің қорытындылары айтылды

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтің айтуынша, зерттеуді «Атамекен» ҚР ҰКП-ның тапсырыс беруімен Ұлттық экономика министрлігінің экономикалық зерттеулер институты жүргізген.

«Сауалнама бүкіл Қазақстан бойынша жүргізілді, әрі бұл кәсіпкерлердің өздері берген шынайы сипаттама», – деп атап өтті бизнес-омбудсмен.

ҚР ҰКП Қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің директоры Ербол Өстеміровтың айтуынша, Ұлттық палата жұмысының басты бағыттарының бірі кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруға кедергі келтіретін әкімшілік бөгеттер мен жүйелік мәселелерді анықтау және жою. «Жайлы бизнес-ортаны анықтаудың тиімді құралы – «Іскерлік климат» рейтингісі. Ол жергілікті мемлекеттік органдардың бизнеспен өзара қарым-қатынастағы жұмысына баға беруге мүмкіндік береді», – деді Өстеміров.

ҰКП өкілінің мәліметінше, 2015 жылдың рейтінгісі бойынша Батыс Қазақстан облысы 16 орынның ішінде 13-орынға табан тіреген, 2014 жылмен салыстырғанда, рейтинг бір орынға жоғарылаған.

«13-орын жергілікті атқарушы органдардың жайлы бизнес-орта қалыптастыруда атқарып жатқан шараларының жеткіліксіз екендігін көрсетеді. Бағалау бес өлшем бойынша жүргізілді: әкімшілік реттеу, мемлекеттік қолдау, жылжымайтын мүлік, адами ресурстар, қаржылық ресурстар, – дейді Ербол Өстеміров. – Сонымен бірге «Іскерлік климат» рейтінгісі шеңберінде кәсіпкерлер көзімен өңірдегі сыбайлас жемқорлық деңгейіне баға берілді. Бұл рейтінгіде Батыс Қазақстан облысы жетінші орынды иеленді».

Есеп беру кездесуіне қатысқан мемлекеттік органдардың өкілдеріне өңірлік кәсіпкерлердің мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлығы туралы не ойлайтындары ашық айтылды. Рейтинг бойынша әр үшінші жауап беруші жемқорлық деңгейінің артып бара жатқандығын айтқан. Кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлық кең етек жайған органдар ретінде кеденді, ТЖД-ні, СЭС-ті, жергілікті атқарушы органдарды атаған.

«Бизнес-климаттың кәсіпкерлердің құқықтары және мүдделерімен, сондай-ақ кәсіпкерлік белсенділікті арттырумен өзара байланыста екендігі айқын. Сондықтан да жергілікті атқарушы органдарға да, Өңірлік палатаға да атқарар жұмыс жетерлік», – деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер