astana-view

Заңдарды дайындау кезінде кәсіпкерлердің ұсыныстары есепке алынады

2016 жылғы 18 Сәуір
8403 просмотров

Ертең Қаскелеңде Мемлекет басшысы қол қойған «Құқықтық актілер туралы» жаңа заң күшіне енбек

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы НҚА сараптамасын үйлестіру департаментінің директоры Лаура Мерсәлімованың айтуынша, заңды жасау кезінде «Атамекен» Палатасының бірқатар ұсыныстары есепке алынған. «Жекелей алғанда, Ұлттық палата бизнестің заң жобасын даярлау қызметіне «бастапқы кезеңнен» бастап қатысуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдарға сарапшылық қорытындыларды алу үшін заң жобаларының концепцияларын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолдауды ұсынған болатын. Сонымен бірге, заңда, егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері мен Кәсіпкерлер палатасы белгіленген мерзім аралығында (10 жұмыс күнінен кем емес) сарапшылық қорытынды ұсынбаған жағдайда нормативтік құқықтық акт жобасы ескертпе жасалмастан келісілген болып саналады», – деді ҰКП өкілі.

Сонымен бірге, оның сөзіне сенсек, «Атамекеннің» мемлекеттік орган ҰКП мен аккредиттелген бірлестіктер жасаған сараптамалық қорытындысымен келіспеу себептері негізделген ұсыныс білдіруіне қатысты пікірі де назарға алынған. «Бүгінге дейін, тиісті негіздеме ұсыну туралы заңнамамен бекітілген талапқа қарамастан, мемлекеттік органдар ҰКП-ға толық жасалған НҚА жобасы мен тиісті сарапшы қорытындысымен келіспеу себептерінің негіздемелерін көп жағдайда ұсынбай жатады. Нәтижесінде ҰКП-ға НҚА  жобалары бойынша өз ескертпелері мен ұсыныстарының назарға алынған-алынбағаны жөнінде ақпарат жетпейді. Мұның салдарынан нормалар жасау қызметіне қатысу арқылы бизнес мүддесін қорғау жөніндегі қандай да шараларды уақытында іске асыру мүмкіндігі де болмай отыр. Осылайша, жекелеген жағдайларда бизнес мүддесіне қатысты нормативтік құқықтық актілерді сараптау институты тек ресми қызмет етіп келген», – деді Лаура Мерсәлімова.

Жаңа заңға енген қосымшалар бойынша, құқықтық актілер 2 топқа бөлінген: нормативтік құқықтық және нормативтік емес құқықтық. Нормативтік құқықтық актілер қатарына қазіргі уақытта қолданыста бар нормативтік құқықтық актілер мен олардың жаңа заң енгеннен соң өз күшінен айрылатын «Нормативтік құқықтық актілер туралы» заңда қарастырылған түрлері жатады.

Нормативтік емес құқықтық актілер тобына нормативтік  актілерді ресми түсіндіру актілері, мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілер, сондай-ақ «Әкімшілік процедуралар туралы» заңмен реттелетін жеке қолданыстағы құқықтық актілер  жатады. Заң қабылданға дейін актілер тек «Әкімшілік процедуралар туралы» заңмен ғана регламенттелетінін айта кету керек.

Заң жобалауды жоспарлау қызметінің жаңа түрі – Заң шығару жұмысының концептуалды жоспарын енгізуді қарастырады. Ол Парламенттің шақырылуы кезеңіне есептелген және бұған дейін қолданыста болған Перпективті жоспардың орнына әрекет етпек.

Сонымен бірге, нормативті құқықтық актінің жаңа түрі – шоғырландырылған заң қарастырылған. Бұл – сипаты бойынша кешенді болып саналатын,  келесі салаларда қоғамдық қатынастарды реттейтін заң:

1) мемлекеттік мүлік;

2) жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін өзі басқару;

3) білім беру мен ғылым;

4) азаматтық қорғаныс;

5) тұрғын үй қатынастары;

6) қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу, бақылау және қадағалау;

7) көлік;

8) рұқсаттар мен ескертпелер;

9) қалпына келтіру мен банкротқа ұшырау;

10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс;

«Заң ұқсастығы» және «құқық ұқсастығы» түсініктері де енгізілген.

Нормативтік құқықтық актілерді ресми түрде түсіндіру институты анағұрлым егжей-тегжейлі регламенттелген. Нормативтік құқықтық актілерді ресми түсіндіру актілері нормативтік емес құқықтық актілерге жатқызылды.

Заңға сәйкес, нормативтік құқықтық актідегі нормаларды ресми түрде түсіндіру нормативтік құқықтық актілердегі кемістіктер мен түрлі түсініксіздік тудыратын тұстары анықталған, олардың қолданылуы кезінде қайшылықтар туындаған жағдайларда берілуі мүмкін.

Нормативтік құқықтық актілерді ресми түсіндіру актілері құқық нормасын бекітпейді және Қазақстан Республикасы заңнамасындағы олқылықтар орнын толтырмайды.

Нормативтік құқықтық актінің ресми түсіндірмесі тек қана құқық нормаларының мазмұнын анықтау, нақтылау мақсатында ғана беріледі және құқық нормасының мәнін өзгерту мен түсіндірілетін норма шегінен шығуға мүмкіндігі жоқ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер