astana-view

Әйелдер кәсіпкерлігіне рең беру

2016 жылғы 24 Мамыр
- Павлодар облысы
14831 просмотров

Павлодар облысындағы өңірлік Кәсіпкер палатасы жетекшілерінің Екібастұздың кәсіпкер ханымдарымен кездесуі барысында әйелдер кәсіпкерлігінің мәселелері көтерілді

«Құрылыс материалдарының сапасына сәйкестендірілген сертификат алу, электр энергиясын қолданудың екі тарифті тәртібіне өтудегі қиындықтар» және басқа да мәселелер Кәсіпкерлер палатасы басшылығының Екібастұз қаласында өткізген көшпелі жиынында сөз болды.

Мәселен, «Сабырова» ЖК құрылыс материалдарының сапасына сәйкес берілетін сертификаттың құны тым қымбат екендігін айтады. Кәсіпкер бір ғана өнімнің (берік төсемтас) сараптамасына 800 000 теңге төлеуге мәжбүр, солай бола тұра, мұндай қажетті өнімнің саны 10-нан асқан.

Өңірлік кеңестің төрайымы Райхангүл Сатабаева атап өткендей, өндірілетін өнімге тиісті сертификат алу ең алдымен кәсіпкерлердің өздеріне тиімді. «Сертификат өндірілген өнімнің бәсекелестікке қабілеттілігін арттырады. Тұтастай алғанда, сәйкестік сертификатын алу – бизнеске кедергі келтіріп, көптеген кәсіпкерлердің басты мәселесіне айналып отыр. Осы орайда, кәсіпкерлермен ақылдасып, оларға көмек көрсететін жайымыз бар», – деп байыптап өтті Р.Сатабаева.

«Казнауиев» ЖК микроэлементтер және дәрумендермен байытылған макарон өнімдерін шығарады. Цех кешенде орналасқан. Ол шығындарды оңтайландыруға байланысты электр энергиясын пайдаланудың екі тарифті тәртібіне көшуге мұқтаж болған. Сол тұста «Горэлектросеть» ЖШС бұл кешеннің қожайынына тиімсіз ұсыныс жасайды. Яғни, барлық кешенді ауыстыруды талап етіп, болмаған жағдайда екі тарифті режимге ауыстырудан бас тартпақ екен. Осыған орай, Палата бөлімшесі «Горэлектросеть» ЖШС басшылығына арнап хат жолдағалы отыр және бұл бағыттағы жұмыс өз жалғасын табуда.

«Бұл сапардың негізгі мақсаттарының бірі екібастұздық кәсіпкер әйелдермен кездесу болатын. Екібастұздағы кәсіпкер әйелдердің мәселелерін, сұрақтарын және талап-тілектерін өздерінен естіп-білгіміз келді. Мәселелерді бірлесе шешу үшін тез арада кәсіпкер әйелдердің басын біріктіру қажет. Тәжірибелі кәсіпкер ханымдар мен жаңа іс бастаған нәзік жандардың арасында өз тәжірибесімен бөлісе отыратын сабақтастық болуы тиіс. Өңірде әйелдер кәсібінің мәселелерін көтеретін Іскер әйелдер кеңесін құру қажеттілігі әлдеқашан пісіп-жетілген», – дейді Серік Байсеитов.

Адам капиталын дамыту бөлімінің бастығы Бақытжан Ильясовтың сөзінше, өткен жылы ӨКП жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесіне жылдың бір ширегінде 32 әйел түрлі жобаларын ұсынған. Соның ішінде, бизнестің түрлі саласынан 18 жоба жүзеге асырылды. Олар – ешкі сүті өндірісі, қозғалысты дамытуға негізделген балалар ойыншығы, жүгері таяқшалары, оқу орталығын құру, қызмет көрсету саласы және сауда. Әрбір өңірде Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы сайланады. Ол барлығының басын біріктіре алатын, әйелдер кәсіпкерлігіне рең бере алатын, оң көзқарастағы тұлға болуы шарт.

«Іскер әйелдер кеңесінің басты міндеті кәсіп бастағысы келетін нәзік жандарды өз қатарларына тарту. Осы үшін, Палатада  төртінші бағыт – бизнеске қаржылай емес көмек көрсету қарастырылған. Әйелдерді кәсіпкерліктің түрлі саласына қарай көптеп тарту – Іскер әйелдер кеңесінің негізгі идеясы. Ал, Кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдердің бизнес-ахуалды жақсартуға негізделген жұмыстарын қолдауға, жүзеге асыруға жан-жақты көмек көрсетуді жалғастыра береді», – деп атап өтті Райхангүл Сатабаева. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер