astana-view

Қазақстандық туристер шетелде далада қалмайды

2016 жылғы 03 Маусым
9735 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасында туроператорларға, турагенттіктерге және туристік қауымдастықтарға «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры таныстырылды

Естеріңізге сала кетсек, бұрынырақ ҰКП алаңында сыртқа шығу туризмі саласындағы азаматтардың құқықтарын кепілдендіру жүйесі қызметін атқаратын заңды тұлғаны анықтау мәселесі талқыланған еді.

«Туристік Қамқор» корпоративті қорының таныстырылымы ҚР Сыртқы істер министрлігі Туризм индустриясы департаментінің, ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің, әкімдіктердің, туристік қауымдастықтардың, туропраторлар мен турагенттіктердің өкілдерінің қатысуымен видеоконференция түрінде өтті.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева атап өткендей, «нарықтың барлық мәселелерін кең көлемде тыңдау қажет».

«Туристік Қамқор» қорын таныстыра отырып, оны әзірлеуге қатысқан Инна Рей қордың қандай мақсатта құрылғандығын түсіндіріп өтті. «Біз арнайы құрылым – қорды шекара асқан азаматтарды қорғау мақсатында құрдық», – деді ол.

Инна Рей қатысушыларды қордың құрылымымен таныстырып өтті. Қордың құрылтайшысы – Қазақстан Республикасы Туроператорлар қауымдастығына қарайтын ірі туроператорлар. Сондай-ақ, ол сыртқа шығу туризмі қызметі барысында нарықта туындайтын тәуекелдер мен осы мәселедегі «Туристік Қамқор» қорының рөлі туралы айтып, қордың алдында тұрған мақсат, міндеттерді айқындады.

«Қордың мақсаты – туристік өнімді жүзеге асыру жөніндегі міндеттерін орындау мүмкін болмаған немесе орындауға жатпайтын жағдайларда уақытша барған елінің аумағынан шығару бойынша турист ретінде саналатын ҚР азаматтарына жедел көмек беру. Қор мен оның қызметкерлерінің алдында тұрған нақты міндеттер – туроператорлардың, туристік кеме жалдаушылардың, турагенттердің, жүзеге асырылған турөнімдердің тізілімін жүргізу, күрделі жағдайға тап болған туристерді орналастыру және тамақпен қамтамасыз ету, сол елден жедел шығару, жедел көмек беру», – деді И. Рей. Одан бөлек, таныстырылымда құрылымды ұйымдастыру жөніндегі мәліметтер, қордың сақтандыру мүмкіндіктерін бағалау, қордың бюджеті мен штаттық құрылымы, қордың қалыптасу кезеңдері, инвестициялық шығындар мен қордың түрлі жағдайларды елеу механизмдері көрсетілген.

Одан әрі қарай талқылау «сұрақ-жауап» түрінде өтті. Қазақстаның туристік агенттіктер қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаеваны банктік кепілдерді ұстау мәселесі неліктен талқыланбайтындығы қызықтырды. «Бұл да жеке қор бола алады. Нарық бірқалыпты емес, сондықтан бұл мәселе төңірегінде де түсіндерме қажет», – деді ол.

Бұл сұраққа ҚР СІМ Туризм индустриясы департаменті директорының міндетін атқарушы Т.Тырмышев жауап берді: «Банктік кепілдемелерді екінші деңгейлі банктер ұстайды, «Туристік Қамқор» қорына кіру үшін туроператорда банктік кепілдеменің болуы шарт, заңнамада басқа қор қарастырылмаған».

Қазақстанның туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова ҚТҚ келіспей отырған бірнеше жайтты атап өтті. «Бірінші – байқау нәтижелеріне шағымданған хатымызға келген жауап бізді қанағаттандырмайды. Енді біз бұл мәселені ҚТҚ Кеңесінде талқылап, содан  кейін мүшелердің басым көзқарасына қарай әрекет етеміз. Екіншіден, біздің пікірімізше, мұндай көлемдегі банктік кепілдемелер көптеген туроператорларды жарға жығады, бұл шара ойыншылардың басым бөлігін нарықтан лақтырып тастауы мүмкін. Одан әрі таныстырылым бойынша: ұйымдастырлған қор құрылымы, біздің ойымызша, өсіріп көрсетілген. Мәселен, үш басқарушының қажеті қанша? Штаттық бірлікті азайту қажет. Екі бірдей кеңестің (жедел жағдайлар жөніндегі кеңес, қорғаншылық кеңесі) керегі не? Қорғау кеңесінің құрамына сақтандыру нарығының өкілдерін қосуды ұсынамыз. Барлық салалық қауымдастықтарға тең квота беру. Қор неліктен соншама тізілімді жүргізбек? Бүгінде уәкілетті органдар жүргізіп отырған тізілімдер бар. Міндеттерді қысқартып, барынша азайту қажет», – деген пікірін білдірді ҚТҚ басшысы.

Инна Рей түсіндіріп өткендей, «қазірше ұйымдастырылған құрылымның жобасы ұсынылып отыр, алайда, ол процесс барысында сөзсіз өзгертіледі, әрі нарықтың өзі анықтап береді». Ол сондай-ақ, «қандай да бір қызметтер қор жұмыс істей бастағанда қысқартылуы мүмкін» екенін айтты. «Тізілімге келер болсақ, бұл жерде сөз қорға қатысушылар жайында болып отыр, сондықтан қор өз қатысушыларын ескеруге міндетті. Квотаға қатысты пікірмен келісемін, міндетті түрде ескереміз», – деп жауап берді ол.

Банктік кепілдеме турасында министрлік өкілі Т.Тырмышев түсініктеме беріп өтті. «Егер туроператордың турөнімді банктік кепілдемесіз жүзеге асыру дерегі анықталса, бұл жағдайда заңда лицензиядан айыру қарастырылған», – деп мәлім етті ол.

«Атамекен» ҚР ҰКП Туристік сала жөніндегі комитетінің төрайымы Роза Асанбаева: «Бүгінде, көптеген туроператорлардың туроператор деген аты ғана бар екені белгілі, шын мәнінде агент бола тұра, қаржылық жағынан ешқандай қамтамасыз етілмеген».

«Мұндай дүниеге байланысты сұрақтың тууы сөзсіз, – деді модератор Юлия Якупбаева. – Салымдарды кепілдендіру қорының, сақтандыру нарығының мысалдарын қарауды ұсынамын. Онда Қор басқармасының құрамына барлық негізгі қауымдастықтар мен мемлекеттік органдардың өкілдері енгізілген. Активтерді басқару кәсіби тұрғыдан жүргізілуі тиіс болғандықтан, «Туристік Қамқор» қорының құрамына Ұлттық банк өкілдерін енгізуіміз мүмкін. Және қаулыда өз жұмысын қордың өзі емес, қорды Қоғамдық кеңес басқаратындығын ескеру қажет», – деп сөзін жалғады ол.

Сақтандырушылардың көкейіндегі сұрақты Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығының басқарушы директоры Е.Бурабаев қойды. «Банктік кепілдеменің мөлшері қалай анықталады? Сатылымдар санын кім бақыламақ? Егер елдер турпакет қаражатын төлеп, сыртқа шықпаған жағдайда, қор тарапынан қандай көмек беріледі?», – деп сұрады ол.

Инна Рей түсіндіріп өткендей, «банктік кепілдеме сомасы қаулы жобасымен анықталған, шет елдерге шықпай қалғандарға келсек, бұл заңнама деңгейінде шешіледі». Ал СІМ өкілі туристер шет елдерге бармай қалған жағдайда, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырудың күшіне енетіндігін айтты.

ҰКП Басқармасы төрағасының орынбасары «банктік кепілдеме сомасы мәселесіне қатысты күмән бар» екенін атап өтті. «Барлық туроператорлар үшін қатып қалған соманың болуы мүмкін емес. Бұл айналымға қарай сараланған тәсіл болуы қажет. Біз осы жоба бойынша қаулыны қабылдауға қатысты пікірлердің мақсатқа сәйкестігін қарастырамыз, және нарықтың тереңдігіне байланысты ұсыныстар енгіземіз», – деп ойын қорытындылады Юлия Якупбаева.

Әсел Нүркебаеваның мәлімдеуінше, «бүгінде көптеген шағын туроператорлар банктік кепілдемеге бола лицензияларынан бас тартуда». «Қанша туроператордың қызмет ететінін санау немесе табу, сондай-ақ олардың сауда көлемін шамалау мүмкін емес. Бүгінде қор қажет. Бұл таныстырылымға бір ұсыныс – сызбаны мейлінше жеңілдету», – деген ұсыныс білдірді Қазақстанның туристік агенттіктер қауымдастығының президенті.

«KAZUNION» туроператорлық компаниясының директоры Лаура Галиева әріптесіне қолдау білдірді. «Біз өткен жылы ҰКП қабырғасында барлық сомаларды т.б. талқыладық, енді әрекет етуіміз керек», – деді ол.

Банктік кепілдемеге қатысты И.Рей «барлық туроператорда банкроттық жағдай туындауы мүмкін, сонда ол барлық мүлкіне жауап беретіндігін» атап өтті.

«Eurasian Express» туроператорлық компаниясының директоры Н.Жұланова атап өткендей, «тіпті 10 миллион теңгелік банк кепілдемесін қалтасы көтере алмайтын ірі туроператорлар бар». «Мұндай банктік кепілдемені қамтамасыз ете алмайтындықтан, біз қор қатысушысы бола алмаймыз», – деді ол.

«Біз сіздерден банктік кепілдеме сомасы бойынша жай сөз ғана емес, нақты ұсыныстар күтеміз», – деді Т.Тырмышев. «Натали Турс Казахстан» компаниясының директоры Ю.Соболь айналым мен сатылым тереңдігіне қарай сараланған есеп жүргізуді ұсынды.

«Гелиос» туроператорының директоры А.Сәтжанова қарсы пікір білдірді: «10 млн теңге деген туроператорлар үшін тіпті аз кепілдеме болуы мүмкін. Қаражатың болмаса, туроператорлық қызметпен айналыспай-ақ қой».

«Қазтур» туроператорының директоры С.Омарова «уақыт тығыз болғандықтан», әріптестерінен тезірек шешім қабылдауды сұрады. «Маусым басталып кетті, енді ұшатындар ештеңемен кепілдендірілмеген. Қор ұсынып отырған сақтандырушылар сақтандыруды бастасын», – деді ол.

Отырысты қорытындылай келе, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева бір аптаның ішінде айтылған ескертулер негізінде қордың таныстырылымын толықтыруға тапсырма берді. «ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып жинақтап, толықтыру үшін Қауымдастықтардан жиі қойылатын сұрақтарды жіберулеріңізді сұраймын. Оларды ақпарат түрінде сайттарға шығарамыз. Сонымен бірге, сақтандырушылар мен Ұлттық банктің қатысуымен сақтандыру және банктік кепілдеме мәселелеріне қатысты жиын өткізіледі», – деді Ю.Якупбаева.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер