ҚАЗАҚПАРАТ - Шағын бизнесті дамыту - басты стратегиялық мақсат
Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев жұмыс сапарымен Көкшетау қаласында болды.
Ол алдымен Көкшетаудағы іргелі кәсіпорындардың бірі «Көкшетау-сүт» зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшысы Елена Михайлованың айтуына қарағанда, зауыт ультрапастерленген А3/Flex сүтін өндіру бойынша екі бірдей технологиялық желімен жабдықталған. Жақында зауытта тағы бір жоғары температурада сүт өңдейтін желі іске қосылды. Сондай-ақ, алдағы уақытта швед әдісі бойынша қышқыл сүт өнімдерін, грек жабдықтарымен «стефарт» йогуртын, финдердің әдісімен жапсырма қағазы мен көлемі 1-2 литрлік шиша шығаратын жаңа желілерді іске қосу жоспарланған.
- Кәсіпорынның қазіргі заманғы озық технологиялық әдісті қолдануы өндіріс көлемін едәуір арттырып, жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндік беруде. Өнім негізінен, Қазақстанның ішкі нарығына жөнелтілуде. Алдағы уақытта Ресей мен Түрікменстан елдеріне экспортқа шығару көзделіп отыр, - деді өндіріс орнының басшысы.
Бұдан кейін Т.Құлыбаев өңірде кәсіпкерлікті дамытудың тиімді бағыттары мен түйткілді мәселелерін шешудің жолдарын қарастырған кеңейтілген кеңес өткізді. Оның жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров, облыстық департаменттер, басқармалар мен ведомстволардың басшылары облыстық мәслихаттың депутаттары, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері қатысты.
- Бүгінгі таңда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде кәсіпкерлікті дамыту бағытында «Бизнестің жол картасы-2020» тәрізді мемлекеттік бағдарламалар мен ауқымды жобалар қолға алынған. Осының нәтижесінде республикамызда кәсіпкерлік кең өріс алуда. Астаналық облыс Ақмола өңірінде де ірі кәсіпорындармен қатар, шағын және орта бизнес даму үстінде. Бүгінгі біздің басты міндетіміз кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасында жиі кездесетін түсініспеушілік пен әкімшілік кедергілерді азайту болып табылады, - деді Тимур Құлыбаев өз сөзінде.
Кеңес барысында өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Қазыбек Ескендіров шағын және орта бизнесті дамыту бағытында қолға алынған жұмыстар туралы баяндады. Атап айтқанда, облыс бойынша Индустрияландыру картасына 15 жоба енгізіліп отыр. Оның ішінде 10 жоба ауыл шаруашылығы саласында, яғни, сүт және ет өнімдерін өңдеу, күрке тауық өсіретін кешен және тауарлы-сүт фермасын салу, мал азығын өндіру бойынша қолға алынған.
- Өңірлік палата 2015 жылдан бастап кәсіпкерлерге сервистік қызмет көрсетуде. Былтырғы жылы 1677 кәсіпкер 2500-ден астам сервистік қызметті пайдаланды. Оған қоса, «Бизнес-мектеп» жобасы бойынша 1000-нан астам адам арнайы курстан өтті. Бұл 150 адамның өз кәсібін ашып, 324 жобаның жүзеге асырылуына мүмкіндік берді, - деді Қазыбек Ескендіров.
Кеңес отырысы барысында субсидия алу, іскерлік топ өкілдерін қорғау және елдегі тексерулер мен қадағалау органдарының санын қысқарту тәрізді мәселелер де қозғалды.
- Қатысушылар тарапынан қойылған сауалдардың көбі осыған дейін талай рет айтылған және тиісті мемлекеттік құрылымдардың бақылауында тұр. Ел экономикасын дамытуда шағын және орта бизнестің белсенділігі артып келеді. Аталған құрылым көптеген әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына ұйытқы болуда. Бүгінгі күні олардың құқы мен мүддесін ұлттық кәсіпкерлер палатасы сияқты институт қорғайды. Бұдан былай мемлекет пен бизнес бір-біріне түсіністікпен қарап, барлық мәселені келісе шешетін болады, - деді кеңесті қорытындылаған президиум төрағасы.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: