astana-view

ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУҒА ЕНГЕН 61 ЖОБАНЫҢ 14 СЕМЕЙГЕ ТИЕСІЛІІ

2014 жылғы 13 Наурыз
2658 просмотров

Өткен аптада қалалық әкімдікте аймақ кәсіпкерлігі саласының жағдайы мен даму болашағы тақырыбында жиын өткен болатын. Жиынға облыстық Кәсіпкерлік және   индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтығұтов,  Кәсіпкерлер палатасының   Шығыс Қазақстан облысы аймақтық кеңесінің төрағасы Әсемхан Досқожанов, "Даму" қорының аймақтық филиалының директоры Бақыт Мұсаев пен қала прокуроры Тәжиден Найманов, кәсіпкерлер мен құқық қорғау және бақылаушы органдарының өкілдері қатысты.

1 триллион теңге! Шығыс Қазақстан 2013 жылдың қорытындысында өндіріс көлемі бойынша тұңғыш рет осындай жоғары көрсеткішке қол жеткізген екен.  "Қазіргі таңда аймақтағы кәсіпкерлікпен айналысатын тұрғындардың үлес салмағы 31 пайызға жеткен. Бұл да айтарлықтай жетістік. Дегенмен, болашақта кәсіпкерлікпен айналысатын тұрғындардың санын ең кемі 50 пайызға жеткізуіміз керек. Аймақ жұмысының басты көрсеткіші - инвестициялар болып отыр.  Егер 2009 жылы Шығыс Қазақстанға 133  млрд. теңге инвестиция тартылса, былтыр  бұл көрсеткіш 301 млрд. теңгені құраған. Яғни, инвестиция деңгейі артып отыр деген сөз. Демек, кәсіпкерлікті дамыту саясаты дұрыс бағытталып, әкімшілік тосқауылдарды төмендету жұмысы айтарлықтай жүргізілуде.  Индустриаландыру картасы аясында жұмыстар қолға алынған-ды. Көлемді бағдарламаға қатысқан 61 жобаның 37-сі сәтті аяқталды.  Соңғы жылдары аталғандардан 300 млрд. теңгенің өнімін алдық. 37 жоба бойынша инвестиция сомасы 200 млрд. теңгеден асады. Семей қаласы, осы орайда, жақсы жұмыс атқаруда. 61 жобаның 14-і Семейге тиесілі"- деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтығұтов. Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген жұмыстар атқарылғанын айтқан ол орта және шағын бизнес саласындағы жобаларды қолға алуға бөлінген қаржы көзі жеткілікті екендігін тілге тиек етті.  "Жол картасы - 2020" бағдарламасы бойынша да жұмыс алға басуда. Жол картасы бойынша біздің аймақ үздік үштікте екен. Төрт жылға жуық уақыт аралығында біздің кәсіпкерлер 4,6 млрд. теңгеге субсидия алған. Сондай-ақ,  Ш.Бұқтығұтов кәсіпкерлерді қала және облыстағы инфрақұрылымдарының құрылысына тапсырыстар беруге шақырды. Аталған мақсатқа қаржы көзі қарастырылып отырғанын жеткізді. Сонымен қоса, "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы аясында белсенді жұмыс істеу керектігін баса айтып өтті. "Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Семейде облыс орталығы болмаса да, ақпараттық-кеңестік қызмет көрсететін кәсіпкерлікті қолдау орталығы бар. Несие алу мәселесі қиындық тудыруы мүмкін. Осы орайда, арнайы кепілдік беру механизмі бар екенін айта кету керек. Яғни, несиенің мөлшерлемесі 14 пайыз болса, оның 7 пайызын мемлекет төлейді. Егер, Семей моноқалалар қатарына енетін болса, кәсіпкерлік жобаны жүзеге асыруға алынған займның 11 пайызы мемлекет тарапынан өтелетін болады", - деді Шәкәрім Бұқтығұтов.

Жиында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселесі де сөз болды. Қала прокуроры Тәжиден Найманов кәсіпкерлер құқығының бұзылғанына қатысты фактілер бойынша тез арада тексеру жүргізіп, кінәлілерді анықтау мақсатында аумақтық прокуратуралардың жанынан арнайы жедел топтар құрылғандығын айтты. Қадағалау ведомствосы құзырлы мемлекеттік органдардың бизнес нысандарын тексеру жоспарларын бақылап отырады. Айталық, 2013 жылы мемлекеттік бақылау бөлімі, облыстық экология департаменті, ветеринарлық инспекция, төтенше жағдайлар басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық станция өздерінің тексеріс жоспарларына 37 кәсіпкерлік субъектісін тексеруді заңсыз енгізгені анықталған екен. Былтыр  кәсіпкерлер үшін арнайы ашық есік күндері өткізілгенімен, бизнес өкілдерінің құқықтық сауаттарын ашуда енжарлық танытып келе жатқаны айтылды. Өз кезегінде, Әсемхан Досқожанов кәсіпкерлерге белсенділік таныту керектігін айтты: "Мемлекет біздерге - кәсіпкерлерге талай мүмкіндіктерді жасауда, тек соны біз өз игілігімізге жарата алмай отырмыз! Семей - жеңіл өнеркәсіптің қаласы. Кезінде соны өзіміз құртып алдық, енді қайта жандандыруымыз керек!  Қыруар қаражат көзі қарастырылуда, бір де бір елде кәсіпкерлікке осыншама қолдау жасалмауда. Жиһаз өндірісі, машина құрастыру қарқынды дамуда қаламызда.  ШҚО кәсіпкерлер ұлттық палатасының аймақтық кеңесі қазіргі таңда үкіметке кәсіпкерліктің дамуы үшін аймақтағы экологиялық төлемдерден босату туралы ұсыныспен шығып отырмыз. Еңбек демалысы мен экологиялық қосалқы төлемдерді біздің кәсіпкерлер өздері төлеуде, бәлкім, мемлекет осыны өз мойнына алады".

Ал, Семей қалалық Салық басқармасының басшысы Қанат Әділбаев кәсіпкерлік объектілеріне салық салу жүйесіне қатысты елімізде орта және шағын бизнес өкілдеріне салық төлеу тұрғысында көптеген жеңілдіктер жасалып жатқанына тоқталды. Айта кетерлігі, бүгінде қосымша құн салығы 20-дан 12%-ға, жеке табыс салығы 10%-ға дейін, әлеуметтік салық 11%-ға дейін, жеке кәсіпкерлер үшін мүлік салығы 0,5%-ға дейін төмендетіліп отыр. Сондықтан, бизнес өкілдерін еліміздің салық заңнамасын бұзбай, барлық салықтарды уақтылы және бекітілген тәртіппен төлеп тұруға шақырды. "Кейде билік тарапынан тексерістерге шектеу қойылған кезде кәсіпкерлердің тым еркінсіп кететіні бар. Сондықтан, бизнес өкілдеріне осы жылдың сәуір айынан бастап күшіне енетін мораторий салықтық міндеттемелерін орындаудан босатпайтынын ескерткім келеді", - деді қалалық Салық басқармасының басшысы.

Дерекнамасы: BAQ.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер