astana-view

Жемісті іскерлік байланыс орнатқандар көп

2016 жылғы 28 Шілде
7762 просмотров

«Іскерлік байланыс» жобасы бойынша тағы 48 қазақстандық кәсіпкер Германияға барып келді.

Биыл «Атамекен» ҚР ҰКП «Іскерлік байланыс» жобасы бойынша үш топ шетелдік тағылымдамадан өтіп келді. 8 адам Кельнге барды. Әрқайсысы 20 адамдық екі топ Гамбург пен Дрезденде болды.

«Барлық топтар өз оқуларын сәтті тәмамдады. Бәрі де идеямен оралып жатыр. Әркімнің нәтижесі әрқалай: бірі неміс компаниялармен келісімшартқа отырды, бірі неміс сарапшыларын өз кәсіпорындарына шақырды, кейбірі іскерлік хат алмасумен шектелді», – деп атап өтті ҰКП Өңірлік даму департаментінің сарапшысы Ерлан Мұстафин.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер келісімдері туралы үнемі айта бермейді. Қарапайым тілмен айтқанда, көз тиіп кете ме деп қорқады. «Бірақ көптеген кәсіпорындар жақсы нәтижемен оралғанын көріп жүрміз. Кейбіреулері тіпті Германиядағы зауыттарға шикізат немесе бөлшектер жеткізетін болыпты. Нақты нәтижелер бар», – деп атап өтті «Атамекен» өкілі.

Мұстафиннің айтуынша, жыл сайын арнайы конференция өткізіледі. Онда бағдарлама қатысушылары тағылымдамадан алған өз нәтижесін көрсетеді. Ондай конференцияға бұрындары тағылымдамадан өткен сәтті жобалардың иелері де шақыртылады.

Мәселен, «TRANSSCANIA» ЖШС иесі Анатолий Рудьтің жобасын айтсақ болады. Ол «Іскерлік байланыстың» арқасында халықаралық жүк тасымалы үшін өзіне серіктес тауыпты. Көлік паркін жаңғыртудан өткізіп, трал сататын HRD Trailer Engineering-тің Қазақстан мен Орта Азия бойынша эксклюзивті дилерлік келісіміне ие болды.

«КАЗКАУЧУК» ЖШС өкілі Шынболат Байқұлов өз кезегінде қазақстандық-германиялық кәсіпорын ашты. Кәсіпорын егістік суғаруға арналған резеңке түтіктер мен құбырлар өндіреді. Немістердің инновациялық технологиясына сүйене отырып, Қызылордада тораптық өндіріс ашты. Экспортқа Қытайға шығып жүр.

«Іскерлік байланыс» бағдарламасына бұрын қатысқан тағы бір кәсіпкер Сана Жандай. «АДАНАЗ» ЖШС иесі. Ол қағаз қаптамалар өндірісін жолға қойды. Германиядан құрылғы жеткізіп берушіні тапқан. Қағаз пакеттер мен қаптамалар жасайтын түрлі түсті басылымы бар торапты іске қосады. Өндірістік үдерісті ұйымдастырып, енді тамақ өндірушілерді қағаз қаптамамен қамтамасыз етіп отыр.

Мұстафиннің айтуынша, бұрын бағдарлама аясында кәсіпкерлер Жапон елі мен АҚШ-қа барған. Қазір осы елдермен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Олармен байланысты жаңғыртуға ниет зор. Үндістанмен де байланыс орнату бойынша талқылаулар жүргізілуде.

ҰКП «Іскерлік байланыс» бағдарламасы екі сатыдан тұрады. Бірінші сатысында тегін үш апталық біліктілікті көтеруге арналған бизнес-тренингтер өткізіледі. Кәсіпті жүргізудің, маркетинг, іскерлік байланыс орнатудың заманауи тәсілдері үйретіледі. Оны отандық және шетелдік бизнес тренерлер үйретеді. Екінші сатысында Германияда өтетін 4 апталық тақырыптық бизнес тағылымдама өтеді. Онда ұқсас салалардағы кәсіпорындардың жұмысымен танысу, трансферттік технология мен құрылғы сатып алу бойынша шетелдік серіктестермен іскерлік байланыстар орнату, өзара тауар алмасу, қызмет көрсету, франшиза мен лицензия сатып алу, халықаралық және шетелдік гранттар ұтып алу, ортақ кәсіпорын құру бойынша байланыс орнатылмақ.

Жобаның мақсаты – халықаралық және шетелдік ұйымдардың көмегіне сүйене отырып, шетелдік серіктестермен іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік беретіндей шағын және орта кәсіпкерліктің субъектілеріне қолдау көрсету. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер