astana-view

Кәсіпкерлерді қолдауға арналған сайт ашылды

2014 жылғы 13 Наурыз
2732 просмотров

Қазақстандық тауар өндірушілердің кәсібін дөңгелетуіне тағы бір мүмкіндігі туды. 

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық өнімдерді интернет арқылы саудалауға жол ашатын арнайы сайт жасады. Бұл жаңалыққа қуанғандардың бірі – Қостанайдағы «Қазақ саңыраулар қоғамы». Өйткені аталған мекеме өздері дайындаған өнімдерді өткізудің жолып таппай отыр. Олар сайт жұмысымызға жан бітіреді деген үмітте.

Саңыраулар қоғамына қарасты кәсіпорын 1951 жылы ашылған. Қазір онда 70-ке тарта адам еңбекке етуде. Солардың бірі – Күлаш Шаяхметова. Оның мұнда жұмыс істегеніне 27 жыл болған. Ол нағыз кәсіби тігінші. Еңбекақысы жұмыс көлеміне байланысты болғандықтан, тапсырыс түссе, ерінбек емес.

Күләш Шаяхметова, кәсіпорын тігіншісі:

- Бұрын жұмыс жақсы болатын, биыл қыста жұмыс аздау. Желтоқсан айында жұмыс жақсы болды. Бізде жұмыс артса, еңбекақымыз да көбейеді. Бәрін сапалы істейміз.

Жаялықтан жиһазға дейін 80 түрлі өнім шығаратын кәсіпорын былтыр 185 мың теңгенің тауарын саудалаған. Биыл жағдай мәз емес. Киім-кешектерді кесіп-пішетін цех жартылай ғана істейді. Ал тігу бөлімі тіптен тұралаған, өйткені тапсырыс аз.

Кәсіпорын жанынан ашылған жиһаз цехының жұмыс істей бастағанына биыл 4 жыл болды. Мүгедектер барынша сапалы өнім дайындағанымен, нарық заңы қатал, бәсекелестік мықты. Мүмкіндігі шектеулі жандар бұйымдарын өткізуге ұлттық кәсіпкерлер палатасы ашқан сайттың септігі тиеді деп үміттенеді.

Владимир Воронин, Қостанай облыстық қазақ саңыраулар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорнының директоры:

- Біздің өз нарығымыз жоқ, тапсырыс берушілерді де табу қиын. Сайтқа қосымша ақпарат көздерін табу мақсатында тіркелдік. Ол біздің тынысымызды кеңейтеді. Көпшілік біз туралы да біледі.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінің айтуынша, сайтқа барлық өңірдегі бизнес өкілдері тіркеле алады. Бұл кәсіп иелеріне жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

Роберт Юсупов, Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- Біз жіті қадағалап отырмыз, өткен аптадан бері күн сайын кемінде 10-12 фирма тіркелуде. Бұл өз кезегінде жұмыстың белсенді жүріп жатқандығын көрсетеді.

Қазірге қостанайлық мүгедектер тауарларын Қазақстанның 4 облысына саудалай алады. Ал болашақта кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жұмыс істеп, өнім өткізу аймағын кеңейте түспек.

Дерекнамасы: 24KZ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер