astana-view

Қазақстан биыл Қытайға ет өткізе бастайды

2016 жылғы 29 Тамыз
11026 просмотров

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қытай Халық Республикасына ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға қатысты жағдайды түсіндіріп өтті

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифингте ведомствоның вице-министрі Гүлмира Исаева мен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Дана Жүнісова Қытайға ет пен басқа да агроөнімдерді жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздер барысынан хабардар етті.

Вице-министр бүгінде процестің алғашқы екі кезеңі, яғни құжаттамалық талдау мен аудиттеу рәсімі өткендігін мәлімдеді. Одан бөлек, Қазақстанға екі кезеңді қатар өткізуге рұқсат беріп отыр. Олар: тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау жүйесін бағалау және нақты кәсіпорындарды тексеру. Сондықтан, тексеру қорытындылары бойынша, отандық кәсіпорындардың бір бөлігі Қытай Халық Республикасына өнімдерін жеткізуге нақты рұқсат алмақ.

«Өнімдерді жеткізу 2016 жылдың екінші жартысында жүргізілетіндігін жақсы түсініп отырмыз. Екі айдың ішінде аталған рәсімдер аяқталып, фермерлеріміз өнімдерін жеткізе бастайды деп күтудеміз», – деп мәлімдеді ол.

Исаева қазақстандық еттің Қытайдың алып нарығында бәсекеге төтеп бере алатындығын атап көрсетті. «Бізде артықшылығымыз – премиум-санаттағы еттерді жеткізе аламыз. Ол үшін өндірісті сертификаттау жүйесі қажет. Еттеріміз органикалық өнім ретінде өтуі үшін, бұл жұмысты жедел жүргізуді қалап отырмыз. Сонда олар Қытай дүкендеріндегі премиум-санаттағы өнімдер орналастырылатын сөрелерде тұратын болады. Қытайда ет  $6-8 тұрады, бұл қазақстандық өндірушілер үшін өте жақсы әрі тартымды баға. Ал «органикалық» деген белгісі болса, еттің бағасы 2-5 есеге дейін қымбаттайды», – деді ол.

Сондай-ақ, вице-министр Қазақстан Қытайға ауылшаруашылық өнімдерін «Qazaq organic food» деген бірыңғай брендпен жеткізетіндігін мәлімдеді. «Қолшатыр» бренд неліктен қажет? Жалғыз фермерге Қытай нарығына кіру қиын болады, алдымен Қытай тұтынушысының сеніміне кіруі қажет. Ал бірнеше жылдардан кейін, қытай халқы үйреніп алған соң, өз бетінше шыға беруіне болады. Қытай нарығына қарқынды түрде кіреміз деуге ерте. Шектеулерді алып, табалдырықтан аттау дегеніміз, барлық қазақстандық фермерлер Қытайда табысты болады деген сөз емес. Жоқ, әлемдік ойыншылар көп ол жақта, бәсеке жойқын», – деді ол.

Исаеваның айтуынша, осы жылдың төртінші тоқсанында Қазақстан Қытайға бал тасымалдай бастайды. Сондай-ақ, вице-министр 30 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қазақстанға бал жөніндегі Қытай инспекциясы келіп, бал жинау процесін, омарталарды, бал өңдейтін кәсіпорындарды зерттейтіндігін айтты.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Дана Жүнісова Қытайда шетелдік жеткізушілерге қойылатын талаптардың көптігін, сондықтан қазіргі таңда «Атамекен» ҰКП Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірігіп, сол ұғымдарды аударумен және жеңілдетумен айналысып жатқандығын атап өтті. «ҰКП міндеттерінің бірі – түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Палата заңнаманың барлық талаптарын кәсіпкерлер түсінуі үшін ресми тілден түсінікті тілге аударуда. Сондықтан ҰКП алаңында өткен аптада Гүлмира Сұлтанбайқызы қатысқан жиналыс өтті. Кездесудің қорытындысы жөніндегі материалдар сайтымызда жарияланды», – деді ол.

«Атамекеннің» Басқарма төрағасының орынбасары Қытаймен арадағы келіссөз процесінің өте ерекше ауқымды жұмыс екендігіне назар аудартты. Соған қарамастан, оның айтуынша, ҰКП мамандары ортақ іске белсенді атсалыса отырып, келіссөздердің барлық кезеңдеріне қатысып келеді.

 «ҰКП бизнестің топтастырылған пікірі негізінде ұстанымдар даярлауда. Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуетті мүмкіндіктерді тәжірибелік тұрғыдан іске асыруға қатысты, бал тасымалдағымыз келе ме, жалпы алғанда қандай номенклатураға басымдық беріледі деген Палатаның пікірін бағдарға алып отыр. Қазір талқыланып жатқан номенклатура толығымен бизнестің пікірінен алынған. Бұл процесс толығымен транспарентті. Бәлкім, БАҚ үшін емес шығар, алайда бизнес үшін ол нақты», – деп мәлімдеді ол.

«Бүгінде басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарға ҰКП алаңында қауымдастықтармен және барша кәсіпкерлермен біріге отырып, ортақ жұмыс тобын құру туралы ұсыныс білдіруге келістік. Жұмыс топтары әр өнімге қатысты құрылады: бал, құс еті және сиыр еті – бұлар дәл қазіргі уақытта басымдыққа ие өнімдер. Осы жұмыс топтарының аясында Қытай тарапының талаптарын зерттейміз. Бұған қаншалықты жауапкершілікпен қарайтындығымызды көрсету үшін, оларды ұлттық стандарттар дәрежесіне дейін көтеруді ұсынып отырмыз. Әрі кәсіпкерлерде екі тілдегі талаптар тізімі болады. Бұл біздің жұмысымыз, біз әрдайым олар үшін осы ұғымдардың барлығын жеңілдетуге тырысып келеміз», – деп сөзін жалғаған ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, БАҚ өкілдеріне Қазақстан мен Қытай арасындағы келіссөздер барысынан маңызды ақпараттарды тұрақты түрде ұсынып тұруға уәде берді.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, Қытайға ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауда кездесетін шектеулер мен кедергілерді алып тастау мақсатында қызу жұмыс атқаруда. ҰКП алаңында мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін қатыстыра отырып, арнайы жұмыс тобын құру арқылы аталған мәселелер талқылануда.

Отандық өнімдерді ҚХР нарығында одан әрі ілгерілету мақсатында ҚР ҰКП Агроөнеркәсіп кешені комитетінде ұсыныстар жинақталып, талқылануда. ҚХР-ға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға қатысты барлық сұрақтар бойынша мына телефон нөміріне хабарласуға болады: 8 (7172) 919-325.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер