astana-view

Еңбекпен тапқан нан тәтті

2016 жылғы 23 Қыркүйек
- Қостанай облысы
9697 просмотров

Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай облысы ауыл шаруашылығы саласының әлеуетіне баға беріп, жергілікті зауытта құрастырылатын электромобильді сынақтан өткізіп көрді

Өңірге жасаған іссапары барысында Елбасы «Өтеулин» жеке шаруашылығына барды. Онда Президент кәсіпорын жұмысымен, өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің дамуымен және жиын-терін науқанымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Қостанай облысы тұрақты түрде ауыл шаруашылығы өндірісінің жоғары мөлшерін көрсетіп келеді. Ол тәуелсіздік жылдары агрокешеннің ілгері дамып, шаруалардың заманауи техникаларды пайдаланатындығын атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы осы жылдың мол өнімі ел тәуелсіздігінің қоржынына салынатын тағы бір үлес екенін де тілге тиек етті.

«Қостанай облысы ауыл шаруашылығы тауарларын ең көп өндіретін өңір. Мемлекет ауыл шаруашылығына бұдан ары қарай да қолдау көрсетеді. Саланы ғылымның заманауи жетістіктері мен алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибені негізге ала отырып жетілдіру қажет. Бұл ауыл шаруашылығын сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы өзінің іссапары шеңберінде «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасына барып, жаңа бисквит цехының жұмысымен танысты. Аталған өндірісті ашу үшін компанияға 3,6 млрд теңге қажет болса, сол қаражаттың жартысы Қазақстанның Даму банкі ұсынған арзан несие, ал қалғаны Ауыл шаруашылығы министрлігінің субсидиялары. Оның ашылуы 45 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді, кеңейген жағдайда қызметкерлер саны да артады.

«Біз әрдайым өзіміздің қарағандылық кәмпиттерді мақтан тұтып келдік, енді ең үздік кондитерлік өнімдер сіздерде, яғни Қостанайда өндіріледі», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қостанай өңірінде Елбасы тамақ және өңдеу өнеркәсібінің ірі кәсіпорындары өнімдерінің экспозициялық қатарын аралады. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС шығаратын «JAC» электромобильдері Президенттің ерекше назарын аударды. «AllurGroup» компаниясы Директорлар кеңесінің мүшесі Андрей Лаврентьев мәлімдегендей, 2030 жылдан бастап-ақ көптеген автомобиль шығаратын зауыттар іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктер шығаруды доғарады. Бұл ретте Қазақстанда электрокарлардың сериялық өндірісіне тиісінше инфрақұрылым қажет. Қостанайлық өндірушілер сол инфрақұрылымды құру мен дамытуда мемлекеттің қолдауына үміт артып отыр.

«Қазіргі таңда біз шағын жүк көлігін қосқанда, 20 электромобиль шығардық. Олардың бірегейлігі – жылдам қуаттандығында. 15 минуттың ішінде батарея қуатын 80%-ға жеткізуге болады. Онда май мен беріліс қорабы жоқ. 33 кВт электроқозғалтқышы бар автомобильдеріміздің бастапқы бағасы 8 млн теңге», – дейді  Лавреньтев.

Көрмемен танысқан Нұрсұлтан Назарбаев Қостанайда жиналған электромобильді өзі сынап көрді. Сапар соңында Президент облыстық филармонияда жергілікті жұртшылықпен кездесті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер