astana-view

Электронды шот-фактура жұмысты жеңілдетеді

2016 жылғы 17 Қазан
9292 просмотров

Құжат айналымының онлайн тәртіпке өтуі салық есебін екі есеге дейін азайтады

Болашақта электронды шот-фактураға толығымен өту Қазақстанның Қылмыстық кодексінен «жалған кәсіпкерлік» бабын жоюға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін Мәжілісте Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин хабарлады. Ол бүгінде салық төлеушілер электронды-шот фактураға ерікті түрде өтіп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, Комитет төрағасы, елдің 60 мыңға жуық кәсіпорны салық төлеудің аталған түріне өткеніне де тоқталып өтті. 

«Біріншіден, ол – кәсіпкер қаржысын үнемдейді, яғни, қағаз, поштамен жіберу, сондай-ақ, салық есебін даярлауға кететін уақытын үнемдеуге жол ашады.  Екіншіден –  салық төлеушінің жасыл санатқа, яғни, біз тексермейтін санатқа өтуіне мүмкіндік береді. Себебі, ол біз үшін қауіпті санатқа жатпайтындардың қатарында болады. Демек, дұрыс жолдағы, таза салық төлеуші болып саналады», – деді Дәулет Ерғожин.

Мұндай жағдайда, МКК төрағасының айтуынша, салық төлеушіге «салықтық бақылаудың қандай да бір шаралары, тексерістер, рейдтік тексерулер жүргізілмейді». Дәулет Ерғожин сондай-ақ, қолданыстағы қауіп-қатерлер жүйесін қайта қарағаннан кейін, «Самұрық-Қазынаның» барлық компаниялары осы режимге өткеніне тоқталды. «Ал, ең алғашқылардың бірі болып «Қазақтелеком» осы жүйеге өтті, қазір оның барлық шот-фактураларының 97,7%-ы электронды түрде беріледі»,– деді.

МКК төрағасының болжамы бойынша, 2018 жылы «барлық бизнес жаңа кезеңге дайын болмақ». Сосын, Д.Ерғожиннің айтуынша, «жеткізушілер мен қосалқы жеткізушілерді дайындауға бір жыл уақыт қажет болса», «2019 жылы осылайша барлық елді қамтымақ». «Иә, дәл сол кезде жалған кәсіпкерлікке қатысты бап туралы мәселе көтеруге болады. Электронды шот-фактураларды толығымен енгізу салық есебін екі есеге, яғни, 50%-ға азайтуға мүмкіндік береді», – деді Дәулет Ерғожин.

МКК төрағасының ақпаратына сүйенсек, осыған дейінгі уақыт аралығында мемлекеттік кірістер органдарымен жалған кәсіпкерлік айыбымен 23 ҰҚТ-ның (ұйымдасқан қылмыстық топтың) қызметі тоқтатылса, бүгінде «17 ҰҚТ-ның ісі қаралып жатыр». Естеріңізге сала кетейік, электронды шот-фактураларды беру 2017 жылдан бастап Қазақстанда ҚҚС төлейтін барлық салық төлеушілер үшін міндетті болмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер