astana-view

Германия тәжірибесі отандық кәсіпорындарда қалай қолданылуда?

2016 жылғы 11 Қараша
9154 просмотров

Астанада Қазақстан мен Германия ең бір табысты жобаларының бірі – «Іскерлік байланыстар» жобасының қорытындылары шығарылды

Германияның Халықаралық әріптестік жөніндегі ұйымы (GIZ) мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Астанада Басқарушы мамандарды дайындау бағдарламасы мен «Іскерлік байланыстар» жобасының түлектеріне арналған конференция өткізді. Бағдарлама түлектері – әріптестер іздеу және неміс кәсіпкерлерімен экономикалық байланыстар орнату мақсатында әртүрлі кезеңдерде Германияда төрт апталық тағылымдамадан өтіп келген қазақстандық кәсіпорындардың басшылары.

Басқарушы мамандарды дайындау бағдарламасы Қазақстанда 2014 жылдан бері жүзеге асып келеді. 2016 жылдың қаңтар айынан бастап «Атамекен» ҰКП жобаның серіктесі атанды. Бағдарламаны Германияның Экономика және энергетика федералды министрлігі қаржыландырады.

Конференцияны Ұлттық палатаның Өңірлік даму департаментінің директоры Мәріпбек Шәкербек ашты. Ол биыл Германиядан 48 кәсіпкер тағылымдамадан өтіп келгенін айтты. Қатысушылар арасынан 3 топ жасақталған: бірінші топта 8 адам, қалған екеуінде 20 адамнан болған. Алғашқы екі топ тағылымдамадан осы жылдың 10 сәуірі мен 5 мамыр аралығында Кельн және Гамбург қалаларында өтіп келіпті. Үшінші топ осы жылдың 6 маусымы мен 1 шілдесі аралығында Дрезден қаласында тағылымдамадан өткен. ҰКП өкілінің айтуынша, бағдарлама қабылданғалы бері 3 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік басшылары бизнес-тренингтерден өтіп, өздерінің басқарушылық біліктілігін арттырған. Шетелдік тағылымдамаға 500-ден астам бизнесмен жіберілген.

«Жылы лебіздер мен қол жеткізілген нәтижелерге қарап, бұл бағдарламаның тиімділігі жоғары екенін білуге болады. «Атамекен» Қазақстанағы кәсіпорын басшыларының кәсіби-әлеуметтік және мәдениетаралық біліктіліктерін арттыру арқылы «Іскерлік байланыстар» құралын тиімді іске асыра бермек», – деді Мәріпбек Шәкербек.

Конференцияда сөз алған Германияның Қазақстандағы елшісі Рольф Мафаэль «Іскерлік байланыстар» Қазақстан мен Германия әріптестігінің үлгі тұтарлық бағдарламасы ретінде атап өтті.

«Шәкербек мырза атап өткен сандар керемет әсер береді екен. Бағдарламаға қатысушылар аталған бағдарламаға адал болып қалады және соның аясында ұйымдастырылатын келесі бір шараларға белсенді қатысады деп сенемін», – деді Рольф Мафаэль.

Елші Қазақстанның экономикасын дамытуда осындай бағдарламалардың маңызды екенін атап өтті. «Қазақстан үкіметінің ел экономикасын дамытуға бағытталған ауқымды жобалары бар, 30 бәсекеге қабілетті елдердің қатарына ену туралы мақсат бар. Осындай мықты әртараптандырылған экономика құру үшін, тұрақты шағын және орта бизнестің болуы маңызды. Осы бағдарламаның қатысушысы ретінде сіздер – мемлекеттің осы маңызды тапсырмасын іске асыратын басты тұлғасыздар», – деді елші.

Рольф Мафаэль Германияда 60-70 жылдары шағын және орта кәсіпкерліктердің дамуы нәтижесінде болған экономикалық өсімді «Рейн ғажайыбы» деп атады. «Сіздердің алдарыңызда «Рейн ғажайыбын» «Есіл ғажайыбына» айналдыру тапсырмасы тұр. Бұл күрделі тапсырма. Бірақ мен осы уақыт аралығында көптеген қазақстандықтармен таныстым, олар өте жігерлі және өр мінезді. Олар бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құру тапсырмасын өте жақсы орындап шығады деп ойлаймын», – деп сөзін жалғастырды елші.

Басқарушы мамандарды дайындаудың Орталық Азиядағы жетекшісі Анжела Леке өткен жылғы бағдарламаға қатысушылар арасында жүргізілген сауалнаманың қорытындылары туралы айтып берді.

Оның айтуынша, қатысушылардың 14%-ы жоғары лауазымға ие болған, 9%-ы жеке кәсіпорын ашқан, 5%-ы неміс экономикасының Қазақстандағы өкілі қызметін атқара бастаған.

Анжела Леке сауалнама бойынша бағдарламаның шынайы экономикалық нәтижелерін айтып өтті. «Сауалнамаға қатысқан 45 адам неміс кәсіпорындарымен 12 келісімшартты толығымен іске асырғандарын мәлімдеді. Бұл бағдарламаға қатысушылардың 25%-ына тең әрі өте жақсы нәтиже, алда тағы 7 келісімшарт іске асырылмақ», – деп мәлімдеді ол.

Сонымен қатар, Германияда тағылымдамадан өтіп келгендер сапаға баса мән бере бастаған. Қатысушылардың  58%-ы жаңа жабдықтар сатып алған. «Тағылымдама кәсіпорындардың ішкі атмосферасына да әсерін тигізген. Қатысушылардың 56%-ы шешім қабылдау процесіне жұмысшыларды да тарта бастағандарын айтқан. Олар басқарудың мұндай басқаша стилі Германиядан көріп келді», – деді Анжела Леке.

Тағылымдамадан өтіп келген кәсіпкерлердің өздеріне де сөз берілді. Олар бағдарламаға қатысқаннан соң германиялық тәжірибені қалай қолданып жатқандары туралы айтып берді.

Захида Мұсабекова Штудгард қаласында тағылымдамадан өткен. Ол көгалдандырумен айналысатын компанияда жұмыс істеген. Германияға салат жапырақтарын өсіруге арналған жылыжай салу кооперациялық жобасымен барған.

«Қазір жеке компаниямда технолог-агроном болып жұмыс істеймін. Тағылымдамадан кейін көгалдандыру бойынша екі жаңа компания аштым. Алматыда жылыжайымыз бар, онда гүл өсіреміз», – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер тұқымдар мен қылқанды бұталар жеткізу бойынша екі германиялық  компаниямен әріптестік орнатқан.

«Тағылымдама нәтижесінде жалпы ойымыз өзгерді, бизнесімізді басқаша қабылдай бастадық. Бізде қосымша мамандар тартуға, Ресейге экспорт жасауға мүмкіндік пайда болды», – деп ойын түйіндеді бизнес-ханым.

Нұрбану Иманғазиева да бағдарламаға қатысқаннан кейінгі жеткен жетістігі туралы айтып берді.

«Германияда тағылымдамадан өткенге дейін HoReCa саласындағы бірнеше компанияларға басшылық еттім. Германияға компаниямыздың тапсырмасы бойынша бардым. Біз сыра қайнататын жабдықтар сатып алуымыз керек еді. Тағылымдамадан кейін не болды дейсіз ғой? Мен біліктілігім мен өзіме деген сенімді арттырып келдім, нәтижесінде ағамның бизнесінен кетіп, өзімнің жеке бизнесімді аштым. Енді жартылай дайын өнімдерді шығаратын цехым бар. Компаниямның ашылғанына үш-ақ ай болды, бүгін өзімнің алғашқы келісімшартыма, яғни «Рамстор» гипермаркетіне өнімдер жеткізіп тұру туралы шартқа қол қойдым. Мен 10 жұмыс орнын құрдым. Компаниямның өнімділігін арттыру үшін, жаңа жабдық сатып аламын», – деді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер