astana-view

Ұстазы мықтының ұстанымы берік

2016 жылғы 14 Қараша
9200 просмотров

Әрекетке негізделген сабақтарды қалай әзірлеп, өткізуге болады? Аталған мәселе Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен, ұстаздардарға арналған семинарда талқыланды

Карлсруе қаласы (Германия) Технологиялық институты жанындағы Кәсіптік педагогика институтының профессоры Карл-Отто Дёббер арнайы пәндердің оқытушыларына, колледждердің өндірістік шеберлері мен елордадағы  мемлекеттік органдардың әдіскерлеріне семинар өткізді.

Семинар барысында, Карл-Отто Дёббер қазіргі заманда еңбек нарығы, яғни, кәсіби мамандарды дайындауды ұйымдастыруда көптеген өзгерістер бар екенін айтты. Олар тауар сату, технология, еңбекті ұйымдастыру мәселелері және т.б. қатысты дейді профессор. Сондай-ақ, ол командада жұмыс жасаудың қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. Оның айтуынша, мекемелерде қолданыс аясы тар мамандықтарға деген сұраныс азайып, керісінше, өндіріс орындарында көп салалы мамандардың рөлі артқан. 

«Мысалы, бұрындары, қызметкерге басшылық тапсырмасын орындау жеткілікті болатын. Сол сияқты, білім беру саласында да,  мұғалім не айтса, соны орындау жеткілікті болып саналатын. Қазіргі сұраныс мүлдем басқа.  Бүгінде өндіріс те, білім беру саласы да қателікті түзету, жоспарлау, нәтижелерді бақылау мәселелерін дербес шеше алатындай деңгейге жеткен. Сәйкесінше, қызметкерлерге қойылатын талаптар да өзгеріп, олардың жауапкершілік деңгейі де арта түскен. Бұдан, білім беру жүйесін де өзгерту қажет деген тұжырымға келеміз», – дейді профессор Дёббер.

Мысалы,  болашақ қызметкер жұмыс беруші қоятын талаптарға сай болуы үшін, білім беру мекемесі оған кәсіптік шеберлікке оқытып қоймай, сондай-ақ, әлеуметтік және жеке тұлғалық қасиеттерді де бойына сіңдіре білуі керек екен. 

«Тұлғалық қасиеттерге келер болсақ,  оған жауапкершілік пен тұрақтылық жатады. Ал, әлеуметтік қасиеттерге – даулы мәселелерді шешу, адамдармен тіл табысу сияқты қасиеттер жатады. Мұның барлығы енді оқытушының міндеттеріне жатқызылып отыр. Сол себепті, дуальді білім берудің де маңызы артуда. Өйткені, мұның барлығын тек тәжірибе жүзінде үйренуге болады»,– деді дәріскер.

Профессор еліміздің ұстаздарына аталған кеңестерді іс жүзінде қалай іске асыру керектігін айтып берді. Осылайша ол оқу және оқыту бағдарламаларын жоспарлау құрылымы, сапа менеджменті, ТКБ (техникалық-кәсіптік білім беру) мекемелеріндегі стратегия және сапаны арттыру құралдары, макро және микро деңгейде пәндерді оқыту және жоспарлау үлгілері туралы әңгімеледі.

Семинар барысында, дәріс тыңдаушылар, жоғарыдағы кеңестерді ескере отырып, оқу жоспарын  жасауға қатысты, бірқатар тапсырмаларды орындады.

Естеріңізге сала кетейік, семинар «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы мен Трир қаласы (Германия) Қолөнершілер палатасының кәсіптік білім саласындағы әріптестік жобасы аясында өткізілді.

Тұрақты түрде өтетін семинарлардан бөлек, жоба аясында тағы 50 қазақстандық оқытушы дайындық курстарынан өтіп, кәсіпорындарда өндірістік сабақтар өткізуге және оны ұйымдастыруға құқық беретін, тәлімгер-маман лауазымын растайтын  халықаралық сертификаттар алды.  

«Аталған 50 адамның ішінде бірнешеуі оқуды әріқарай жалғастырып жатыр және алдағы уақытта олар өз өңірлеріндегі кәсіпорын қызметкерлерін тәлімгерлікке баулитын мультипликаторларға айналмақ», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ляззат Шонаева.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер