astana-view

Өз мүддеңді қорғай біл!

2016 жылғы 16 Қараша
- Қарағанды облысы
7956 просмотров

Облыс кәсіпкерлеріне мемлекеттік сатып алудың жаңа ережелері жайлы ақпарат берілді

ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен 2017 жылы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік сатып алу ережелеріне жаңа өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы облыстағы жеткізушілер бұл жаңалықтан тыс қалмас үшін, апта сайын кездесулер ұйымдастырып, жаңа өзгертулерге қатысты  түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. 

Жалпы алғанда кәсіпкерлер жаңа өзгерістерге риза – тәжірибелі қатысушыларға нақты жеңілдіктер мен артықшылық берілген: жеткізіп берушілерге сатып алу нарығындағы әр жылына шартты түрде 1% жеңілдік ұсынылатын болды. Бұрын жеңілдік мөлшері екі есе аз болатын.

Түсіндіру жұмыстарын Қарағанды облысы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мемлекеттік сатып алу жөніндегі кеңесші-менеджері Ақбота Жанпейісова жүргізеді.

«Жеткізіп берушінің еңбек тәжірибесі көп жыл болуы мүмкін, сондықтан бұл талаптың байқауына қатысудың шартты пайыздық үлесі 10%-дан аспауы тиіс. Мүмкін кейбір жандарға жаңадан қатысушылардың мүдделеріне қысым жасалғандай көрінер. Дегенмен, олар қосалқы мердігерлікте істеп жүріп тәжірибе жинай алады. Біріншіден, бұл ережелер келісімде көрсетілген талаптарды орындай алмайтын, үш қаламы мен үстел үстіндегі принтерінен басқа ешбір қоры жоқ бір күндік фирмалардың жеңуіне жол бермейді. Осындай фирмалардың жеңісі жиілеп кеткені құпия емес, тендерді ұтып алады да, барлық жұмысты қосалқы мердігерлерге тапсырады», – деді маман.

Өңірлік кәсіпкерлерге мемлекеттік сатып алу бойынша жаңа ережелерді түсіндіру семинарлары облыстық палата филиалында апта сайын селекторлық байланыс түрінде өтеді. Ірі моноқалаларда көшпелі семинарлар өткізілмек, олардың алғашқысы Теміртауда өтті. 

Кәсіпкерлер Ақбота Жанпейісоваға көңілде жүрген түйткілді сұрақтарын қойды.

«Қандай жағдайда жеткізіп берушіні жауапсыз орындаушылар тізіміне енгізеді?»

«Қазіргі таңда баға ұсынымын беріп, электронды сандық қолтаңба қоясыз – яғни, келісім бойынша тапсырыс берушінің талаптарын, техникалық ерекшелігін қабылдайсыз, сондықтан мойныңызға жауапкершілік ілінеді. Қазір бәрі де электронды түрде жүреді, қағаз қолданбайды. Келісімнің кез келген шартын бұзу – жауапсыз орындаушылар тізіміне тіркеуге себеп болады. Сосын мемлекеттік сатып алуға екі жыл қатарынан қатыса алмайсыз».

«Тапсырыс беруші келісімді бұзып, қол қойылған келісімшарттарды өзгерте ала ма?»

«Иә, әрине, тек жеткізушінің мақұлдауымен бұза алады. Кей жағдайда көрсетілетін қызметтің, тауардың қажеті болмай қалады. Мәселен, балабақшалар мен түзету мекемелерінде адам саны құбылмалы болады. Егер бастапқыда балабақшада 500 бала болса, содан соң саны азайып қалуы мүмкін, бюджеттік қаржыны артық жұмсай берудің қажеті жоқ. Осындай жағдайда өзгерістер енгізіледі, жеткізіп беретін заттар саны кемиді, яғни соған сай ақшасы да азаяды».  

«Тапсырыс беруші келісімге қол қойылмай тұрып, ауызша түрде заттарға тапсырыс бере ала ма? Жеткізуші тапсырысты орындаған соң, тапсырыс беруші одан бас тарта  ала ма?».

«Мұндай күрделі мәселемен көптеген кәсіпкерлер бетпе-бет келіп жүр. Заттарды келісімге қол қойылған соң, не қойылмай тұрып жеткізіп беру әр кәсіпкердің өз ісі. Бұл мәселеде ешкім сізді қадағалап, мәжбүрлей алмайды, өйткені заң бойынша жеткізуге 15 күн беріледі. Сондықтан бар мәселе тапсырыс берушімен сіздің қандай қарым-қатынас орнатқаныңызға байланысты. Мен өз тарапымнан, келісімсіз ештеңе жасамауға кеңес берер ем. Кейбір жағдайда тапсырыс беруші келісімге отырып алып, оны орындамастан бұзып жатады, бұзуға келіспеген жеткізіп берушіні жауапсыз орындаушылар тізіміне енгіземін деп қорқытады. Осындай жағдайға тап болсаңыз, тапсырыс беруші кәсіпкерлік ісіңізге қауіп төндірсе, дереу қаржылық бақылау комитетіне шағым жазу керек, олар ҚР «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңның 47-48 баптарына сай (тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алудың жалғыз ұйымдастырушысының, комиссияның, сарапшының, мемлекеттік сатып алудың жалғыз операторының шешімі, әрекетіне (не әрекетсіздікке) шағым түсіруіне болады) шағымданса, тиісті шаралар қолданылады».

2016 жылы Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік сатып алу бойынша 25 шағым түсті. Көбінесе шағым иелері жеткізіп берушіні жауапсыз орындаушы ретінде танып, оны мемлекеттік сатып алуға қатыстырмау тізіміне енгізуге көмек сұрайды. Кәсіпкерлер ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алу саласындағы заңды бұзады деп шағымданады. Ауызша кеңес сұраушы кәсіпкерлер саны күн өткен сайын артып келе жатқандықтан, Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасының филиалы мемлекеттік сатып алу заңнамасындағы жаңа өзгерістерді түсіндіру семинарларын бастап кетті.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер