astana-view

Абылай Мырзахметов: «Салық кодексі қарапайым әрі түсінікті болуы керек»

2016 жылғы 17 Қараша
13263 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП бизнес-қауымдастықтың көзқарасын негізге ала отырып, жаңа Салық кодексін әзірлемек

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы салық мәселелері төңірегіндегі қоғамдық пікір-таласты назарға ала отырып,  жаңа Салық кодексі жобасын әзірлеу және оны кеңінен талқылау бағытында жұмыс бастамақ.

 

Қосымша құн салығының шекті мөлшерін төмендету қоғамда қызу талқыланғаны белгілі. Алдағы уақыттағы шағын және орта бизнеске салынатын қосымша салық жүктемесіне қатысты Қазақстанның танымал экономистер тобы ортақ пікірлерін жариялаған да болатын. Салық заңнамасының күрделене түсуі мен оны орындауда бизнеске салынатын алымдардың өсуі салдарынан еңбекақы қорында да жүктеменің артуына қатысты туындайтын сұрақтар өз алдына бөлек мәселе.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аталған сұрақтың кәсіпкерлер үшін маңыздылығын ескере отырып, экономистердің пікіріне қолдау танытуда.  Бизнестің мүддесін есепке ала отырып, жаңа Салық кодексін 2017 жылдың 1 мамырына дейін әзірлеу туралы бастама көтерді. Ораз Жандосов, Рахым Ошақбаев, Мұхтар Тайжан, Мұрат Темірханов, Меруерт Махмутова, Жарас Ахметов, Ғалым Хұсаинов, Расул Рысмамбетов және басқа да сарапшылар  аталған топтың құрамына кіруге келісім берді. Сондай-ақ аталған топтың жұмысына Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары мен Ұлттық палатада аккредиттелген бизнес-қауымдастық өкілдері қатысатын болады.

«ҚР Үкіметінің қолдауымен бізге алғаш рет бизнестің көзқарасын есепке ала отырып, Салық кодексі сияқты маңызды құжатты талқылауға және әзірлеуге мүмкіндік беріліп отыр. Уәкілетті органдармен қызу пікірталас болатыны сөзсіз, біз олардың дәйектерін тыңдап, қоғамның да көзқарасын түсінуге дайынбыз. Нәтижесінде конструктивті, үйлесімді құжат әзірленеді деген ойдамын», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөйлеген сөзінде.

«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы қамқоршылық кеңесінің басшысы Рақым Ошақбаевтың пікірінше, ҚР салық заңнамасы негізсіз күрделендірілген. Ол берген мәлімет бойынша, бүгінде Қазақстанда салықтың 13 түрі, басқа міндетті аударымдардың 16 түрі және 7 бюджеттен тыс аударым бар екен. Барлығын қосқанда 36 түрлі салық пен басқа да міндетті төлемдер бар. «Біз салық заңнамасының айтарлықтай күрделендірілгенін көріп отырмыз, олай болмауы тиіс, өйткені экономикамыздың құрылымында мұндай күрделілік байқалмайды. Тіпті 2001 жылы Салық кодексін бірыңғай жүйеге біріктіргеннен кейін оның көлемі 3 есе артып кетті», – дейді ол.

«Салық кодексінің философиясын ауыстыру қажет. Ол кәсіпкерлерге кеңес беріп, оларға көмектесіп, жұмыстарын жеңілдетуі тиіс», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

Журналистер қойған сұрақтарға жауап бере отырып, Ұлттық палатаның басқарма төрағасы Салық кодексін әзірлеу кезінде шетелдік тәжірибе ғана зерттеліп қоймай, еліміздің ерекшелігін ескере отырып, жеке зерттеулер де жүргізілетіндігін айтты. «Сарапшы топ міндетті түрде зерттеу жүргізу керек деп есептейміз. Кеше ғана осы зерттеу жұмыстарын жүргізуге дайын әлеуетті демеушілерімен келіссөздер өтті. Еліміздің ерекшелігі есепке алынуы тиіс. Бізде түрлі салалық секторлар, экономикамыздың өзіндік құрылымы бар. Бізде шағын бизнестің үлкен сегменті бар, олар өздерін жеке кәсіпкерлік арқылы жұмыспен қамтып отыр. Ол жаққа қарапайым, түсінікті тетік қажет. Оларды ҚҚС есебіне қойып, жұмыстарын тұралатып, кедергілер жасаудың қажеті жоқ. Біз жүргізген зерттеулердің бірі көптеген қазақстандықтар өз бизнесін бастағылары келсе де, бірақ оны іске асыруға батылдары жете бермейтінін көрсетті», – деді ол.

Сондай-ақ Абылай Мырзахметов Салық кодексіне енгізілетін түзетулердің бірі салық апелляциясына қатысты болатындығын еске салып өтті. «Кәсіпкерлердің шағымданып барар жері жоқ екенін көрдік. Сіз ауданға шағымданасыз, аудан – облысқа. Осымен шеңбер тұйықталады. Одан кейін сотқа барасыз. Статистика сот шешімдерінің 10%-дайы ғана салық төлеушілердің пайдасына шығарылатындығын көрсетіп отыр. Қазір бұл институт та Салық кодексіне енді. Келесі жылдан бастап ол Мемлекеттік кірістер комитетінен Қаржы министрлігіне беріледі. Тәуелсіз сарапшылардан тұратын бұл салық комиссиясын «Атамекен» жасақтайтын болады», – деп түсіндірді ол.

ҰКП Басқарма төрағасы, сондай-ақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаңа Салық кодексі жобасының негізгі қағидалары мен мәтінін ашық түрде талқылау мақсатында Facebook әлеуметтік желісінде «Бизнеске тиімді Салық кодексі» арнайы тобын құрғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, кәсіпкерлер мен сарапшылар үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының www.palata.kz ресми сайты және 59-79-60 нөмірі бойынша барлық байланыс құралдары ашық болмақ.

Абылай Мырзахметов барлығын сарапшы топтың жұмысына қатысуға шақырды. «Еліміздің кез келген тұрғыны өз ұсынысын енгізе алуы үшін, біз мұны ашық түрде жүзеге асырмақпыз», – деді ол.

«Жаңа Салық кодексінің тұжырымдамасында шағын бизнеске арналған қарапайым нормалар болады, Үкімет бізге құлақ асып, біздің ұсыныстарымыз қолдау табады деген үміттемін», – деді Қазақстан кәсіпкерлер форумының атқарушы директорының орынбасары Гүлнар Қуанғанова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер