ОҚО: Кәсіпкерлер палатасы мен бағбандар қауымдастығы арасында меморандумға қол қойылды
Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық бағбандар ассоциациясы бірлесіп «Бақша егіншілігінде заманауи интенсивті технологияларды қолдану» тақырыбында семинар өткізді, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі облыстық Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңісбек Дулатов, «Аlatau Fruits Engineering» ЖШС директоры Талғат Жалғасбаев, Италия, Түркия, Украина елдерінің бақша өнеркәсібінің өкілдері, Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, сондай-ақ диқандар қатысты.
«Бұл семинардың басты мақсаты – бақша егіншілігіндегі заманауи интенсивті технологиялардың пайдасын жергілікті диқандарға жеткізумен қатар, бақша өнеркәсібінде жұмыс жасайтын кәсіпкерлерді біріктіру, облыстан шығатын өнімдерді халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру, олардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру болып табылады», - деді Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңісбек Дулатов.
Жиында Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық бағбандар қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Аlatau Fruits Engineering» ЖШС бас директоры Теміржан Жалғасбаевтың айтуынша, интенсивті бақ әлемде кең таралған. Бірақ бұл Қазақстанда бизнестің жаңа түрі болып табылады. Үлкен инвестициялық жобалардан кәсіптің үшінші жылынан бастап-ақ салымдарды ақтап, ары қарай таза пайда табуға болады.
Интенсивті бақта бір гектар жерге 1500-2500 тал егіледі. Мұндай бақшалардың басты ерекшелігі – арнайы көшеттер егіп, 2-3 жылда жеміс алуға болады. Еуропа елдерінде бұл тиімді бизнес ретінде кеңінен таралған, арнайы жылыжайларда егілген көшеттер оларға бірінші жылдан бастап-ақ табыс әкеледі. Елімізді жеміс-жидекпен тұрақты қамтамасыз ету үшін инновациялық интенсивті бау-бақша технологиясын ендіру аса қажет. Бұл туралы да семинарда сөз болды.
Семинарға қатысушыларға Қазақстандағы қолданып жатқан технологияларды қайта қарап, отырғызылатын көшеттердің түрлері мен оларды суару технологиясы, зиянкестерден қорғау, жеміс-жидектерді өткізу мәселелеріне қатысты толыққанды ақпарат берілді.
Дерекнамасы: Bnews.kz
Пікір қалдыру:
Пікірлер: