astana-view

Ұлттық компаниялардағы сыбайлас жемқорлық бір жарым есеге артқан

2016 жылғы 05 Желтоқсан
7890 просмотров

Бұл жөнінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов мәлімдеді

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының маусым айында өткен III Съезінде «Қазақстан кәсіпкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы Хартиясы» құжаты қабылданған еді. Бизнес-қауымдастықтың хартия қабылдауының басты себебі, ҚР Президентінің Ұлт жоспарында экономикалық дағдарыс жағдайындағы жемқорлыққа қарсы заңнамалық базаның жаңартылуы болды. Жаңа заңның басты ерекшелігі, ол кәсіпкерлік қызметті жемқорлықтан қорғауға кепілдік беріп қана қоймай, кәсіпкерлерді жемқорлыққа қарсы әрекет ететін субъект ретінде таниды. Демек, бизнес иелері енді жаңа заң бойынша, жемқорлыққа қатысты заңбұзушылықтардың орын алуына жол ашатын себептер мен жағдайларға тойтарыс беретін шараларды қолға ала алады. 

«Хартияның негізі мақсаты – бизнестегі жемқорлыққа көз жұма қарамау және жемқорлыққа қарсы әрекеттерде кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі сияқты басты қағидаттарға қол жеткізу болып табылады. Әрине, ол қысқа мерзімде еңсерілетін міндет емес. Алайда, жемқорлыққа қарсы күрес және ескерту тетіктерінің заңмен бекітілмеген, қосымша ережелерді енгізу бойынша, отандық бизнестің ерікті міндеттіріне негізделе отырып әзірленген Хартия ережелерін жүзеге асыру,  аталған мақсатқа қол жеткізуімізге жол ашады», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне арналған республикалық форумда Қайырбек Сүлейменов.

Квазимемлекеттік саладағы жең ұшынан жалғасқан парақорлық деректерінің өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есеге артқанына алаңдаушылық білдірген ол, Хартияда корпоративті басқару, сауда жасау барысындағы клиенттермен, контрагенттермен және әріптестермен өзара байланыс, сондай-ақ, мемлекеттік органдармен қарым-қатынас салаларындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша нақты шаралар  қамтылғанына тоқталды.

Кеңес төрағасы Хартияда қарастырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі тетіктері туралы баяндады. Біріншіден, оның айтуынша, ол корпоративті жемқорлыққа тойтарыс беру; екіншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске компания қызметкерлері мен акционерлердің жаппай тартылуы; үшіншіден, мемлекеттік сатып алулардағы сыбайлас жемқорлықпен күрес.

Бұдан бөлек, Қайырбек Сүлейменовтың айтуынша, құжат, квазимемлекеттік және жекеменшік  мекемелерде шешім қабылдау процесін ашық ететін тетіктерді жаппай енгізу жолдары арқылы корпоративті жемқорлыққа қарсы тұруды қарастырады екен. Яғни, бұл ретте, корпоративтік құрылымдар  қызметін регламенттеу, қаржылық есепті жариялау, аудит өткізу және тағы басқалар туралы сөз қозғалып отыр.

«Бизнес-процестерде шешім қабылдаудың ашықтығы жемқорлыққа қарсы күрестің басты әрі тиімді талаптарының бірі болып табылады. Хартия корпоративті басқарудың құрылымдық бөліміне қатысты, жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ішкі бағдарламалар енгізуді қарастырады. Бұл бағдарламалар мен жоспарлар мекеме және оның қызметкерлері жұмысындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, мүдделер тартысы мәселесін регламенттеу, этикалық стандарттарды сақтау, қызметкерлерді оқыту, тәуекелдерді басқаруда теңбе-тең жүйе және әділ бәсекелестік орнату сияқты тағы басқа шаралардан тұруы тиіс», – деді ол.

Жемқорлыққа қарсы кеңес төрағасы бағдарламалар мен жоспарларды қабылдау, мекеменің жемқорлыққа карсы күрес қызметіне нақтылықты алып келеді деген пікірді алға тартты. Шағын және орта бизнес субъектілері қызметіне ашықтық қағидаттарын енгізу үшін, ең алдымен, оларды ынталандыру керек деді ол.

«Мәселен, заң бойынша 2007 жылдан бастап, «қоғамдық компания» түсінігі, «қоғамдық компанияны» растауға қатысты мемлекеттік қызмет бойынша стандарт бекітілген. Алайда, қоғамдық компания мәртебесіне ие болған мекеме үшін, әлі күнге дейін ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Сол себепті, аталған институт дамымаған. Сондықтан, компанияларды осы мәртебеге қол жеткізу үшін, ынталандыру керек. Мысалы, жемқорлыққа қарсы күрес процедураларын енгізген компаниялар үшін, несие алу  немесе компания үшін жеткізушілерді таңдауда басымдық беретін ережелерді сатып алу барысында жеңілдіктер берген жөн. Бұл процесс тапсырыс берушілерге де, сонымен бірге, жемқорлыққа карсы күрес принциптерін енгізу арқылы объективті нарықтық басымдыққа ие болатын жеткізушілерге де тиімді болады», – деді Қайырбек Сүлейменов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер