astana-view

Шешімін тапқан 8 іс

2017 жылғы 06 Қаңтар
6510 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, өз қызметінде, нөмір бірінші стратегиялық басымдық ретінде кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды басты орынға қоюда. Осы орайда назарларыңызға былтырғы 2016 жылы оң шешімін тапқан игілікті істердің үздік сегіздігін ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

Минаков мәселесі

Аталған оқиғалардың басында Е.Минаков жетекшілік ететін жалған кәсіпорын контагенттерінің өтініші бойынша ҚР Бас прокурорының наразылық танытуы тұр.

«Біз бірнеше рет Қылмыстық кодекстен «Жалған кәсіпкерлік» бабын алып тастауды ұсындық. Себебі бұдан жалған кәсіпкер деп нұсқалған компанияның контагенттері болып жұмыс істеген адал кәсіпкерлер зардап шегіп жатыр. Бас прокурор бұл бастамамызды қолдап, бүгінде 4 кассациялық қарсылық енгізді. Ең атышулысы, қызметіне жауапты бизнесмендер тарапына, 14,5 млрд теңгеден астам соманы төлеу қажеттілігі жайлы салықтық ескертпелер келген Минаков ісі екені аян. Ал тиісті кәсіпкерлік субъектілері ел қазынасы алдындағы міндеттемелерін толық орындаған», - деп әңгімелейді «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко.

Қазіргі уақытта, сарапшылардың айтуынша, кезінде Минаков ісі бойынша қатерге іліккен бизнесмендер жоғарыда келтірілген қыруар қаржыны төлеуден босатылған.  

«Қазполиметалл» кәсіпорнын құтқарғанда

2014 жылы «Қазполиметалл» тау-кен және металлургиялық комбинаты түрік фирмасынан қымбат тұратын құрылыс техникасының 4 бірлігін сатып алған. Өкінішке қарай, соңғы құрал-жабдықтың ақысын төлеу кешіктіріліп, қарыз көлемі 460 мың АҚШ долларынан асып кеткен. Төлем мерзімі бұзылғаннан кейін, сатушы жақ барлық техниканы қайтарып, берешекті өндіріп алу талабымен сотқа жүгінген. Бұл дегеніңіз, 820 мыңнан астам АҚШ доллары.

Бірінші сатыдағы сот арызды жартылай қанағаттандырып, соңғы төртінші техникаға қатысты қарыз бен өсім, мемлекеттік баж салығын өндіру үкім етілген. Бірақ, апелляциялық сот, бұдан бөлек машинаның өзін де қайтару керектігін ұйғарған.

«Салдарында сот шешімімен қазақстандық кәсіпорыннан тек сатып алынған тауарды ғана емес, түгелімен құнын даулап алған теңдесі жоқ дерек қалыптасты. Жоғарғы сот істі қараудан бас тартып, «Қазполиметалл» ЖШС мүлкін қорғау өтінішімен Бас прокуратура мен Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілге жүгінуге мәжбүр болды. Бизнес-омбудсмен дербес ұстанымын Бас прокуратураға жеткізіп, оның наразылығын Жоғарғы сот қабыл алып, нәтижесінде 460 мың АҚШ доллары отандық кәсіпкерлік субъектісінде қалды», - дейді Кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко.  

Дәрі-дәрмек нарығындағы дау ушықпады

Бірден атап өтерлігі, «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС, тегін медицициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында медициналық мақсаттағы дәрі-дәрмек құралдарымен және бұйымдарымен халықты қамтамасыз етудегі жалғыз дистрибьютор болып саналады. Дегенмен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, бірқатар өнім жеткізушілер өткен жыл бойы «СҚ Фармация» компаниясына қатысты шағым түсірумен болған. Өйткені, сәйкес дистрибьютор, болмашы олқылықтар себебінен кәсіпкерлерді өз ісіне жауапсыз деп тануға тырысқан. Оған жаз айларында «СҚ Фармацияның» 14 қазақстандық фармацевтикалық компания тұрғысында қуынғаны айқын дәлел. Бұлардың ішінде жаңа өндірістер құрылысына миллиардтаған теңге инвестиция құйған отандық тауар өндірушілер бар.

«Атамекен» іске араласқаннан кейін, аталмыш даулар сотқа жеткізілместен шешімін тауып,  14 кәсіпкерлік субъектісі жауапсыз жеткізушілер тізіліміне қосылмаған.  

Сот орындаушысының заңсыз әрекетіне тоқтау салынды

«Гибкий камень» ЖШС директоры Бизнес-омбдусменге, істін аражігін ажыратпай жатып, құқығын белден басқан жеке сот орындаушысының әрекетіне шағымданған. Мәселен өндіріп алу қажет болған сома небары 9910 теңгені құрағанымен, сот орындаушысының қаулысымен барлық жылжымалы, жылжымайтын мүлікке тыйым салынған және де бұл қисынсыздық атқару өндірісі тоқтағаннан кейінгі де үш ай бойы күшін жоғалтпаған. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау уәкілі Әділет министрлігі мен ҚР Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасына тиісті шараларды қолға алу қажеттігі туралы хат жазып, нәтижесінде жоспардан тыс тектеріс тағайындалған. Тексеріс қорытындысында сот орындаушысының заңды бұзғаны анықталған.      

Есеп дұрыс жүргізілмеген

Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан, «Сағатова» жеке кәсіпкерлігі, жүк көлігінің білігіне түсетін ауыртпалықтың асып кетуіне байланысты есептелетін 2 817 571 теңге соманы қайта санау жайлы көмек сұраған. 

Маңғыстау көлік прокуратурасының жүргізген тексерісінен кейін, расында есеп-қисаптың бұрыстығы белгілі болып, алым мөлшері 300 мың теңгеге дейін азайтылған.       

Кәсіпкерге қарызы қайтарылды, дегенмен...

«ТОП ЛТД» ЖШС ұзақ уақыттан бері мемлекеттік сатып алу шарты шеңберінде жүзеге асқан құрылыс жұмысына төлемін ала алмай келген. Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі кәсіпкерге 130 млн теңгеден астам сомада қарыз болған. Мәселе Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің Ақмола облысында өткен көшпелі отырысында талқыланып, бүгінгі таңдағы ақпаратқа сүйенсек, мемлекеттік мекеме «ТОП ЛТД» ЖШС алдындағы берешегін толық өтеген

«Алайда бұнымен оқиға әлі шырқау шегіне жеткен жоқ. Басқа міндеттемелер бойынша жергілікті атқарушы билік серіктестікке 270 млн теңге қарыз. Ұлттық палата кәсіпкерлік субъектісінің мүддесін тыңғылықты қорғап шығып, аталмыш соманың облыстық бюджетке енгізілгені жайлы хат алдық. Тағы бір қызық жайт, Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі компанияны мемлекеттік сатып алулардың жауапсыз қатысушысы ретінде тану туралы сотқа жүгініп, алғашқы отырыс өтіп үлгерді. Жағдайды қырағы назарда ұстап отырмыз», - дейді құзырлы департамент жетекшісі. 

Салық «жырының» бір қыры

2014 жылы, «Яссы Групп» ЖШС, ҰКП-ға трансферттік баға түзілімі жайлы заңға сай, салық орындарының үстеме соманы заңсыз есептегені жайлы шағымданады. Жалпы қаражат мөлшері – 194 млн теңге!

18 мамырда Жоғарғы сот бұл мәселеге біржола нүкте қойып, «Яссы Групп» ЖШС пайдасына шешкен. «Атамекен» өкілдері, аталған ұйғарым, болашақта да мақта бизнесін дамытуға оң әсерін тигізеді деп үміттенеді.

Жұмыс істелді ме, ақыны толық төлеу керек

«ЭКСПО-2017» көрмесі нысандары құрылысының бас мердігері «АДС» компаниясы мен «Севстальконструкция» ЖШС арасында темір құрылымдарын жеткізу жайлы шарт жасалады. Жеткізуші ретінде «Севстальконструкция» ЖШС өз міндетін толығымен орындағанымен, тапсырыс беруші уағдаластықтағы 622 млн теңгенің 106 млн теңгесін ұстап қалады.

Қоғамда қызу пікірталас туғызған аталған келеңсіз жайт бойынша бүгінде «Севстальконструкция» ЖШС барлық қарыз сомасы жабылған. 

Естеріңізге салсақ, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жалпы үш жарым жыл ішінде кәсіпкерлерден 15 430 өтінім келіп түскен. Ал, 2016 жылы келіп түскен 5 419 өтінім негізінде бизнесті қорғау мәселесі қаралып, оның ішінде 40%-ы оң шешімін тапты. Осылайша, 41,7 млрд теңгеден астам сомада кәсіпкерлердің мүліктік құқығы қорғалды.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер