astana-view

«Атамекен» тұрғын үй құрылысы жобалары ережесін қарастырады

2017 жылғы 13 Қаңтар
7797 просмотров

Аталған ереже Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қарауына «Бәйтерек Девелопмент» АҚ жалға берілетін және несиелік тұрғын үй құрылысы операторынан келіп түсті 

2016 жылдың 23 желтоқсанында ҚР Үкіметі «Нұрлы жер» бағдарламасын қабылдағаны белгілі. 2016 жылдың 12 желтоқсанында «Нұр Отан» партиясы фракциясы отырысында, «Бәйтерек Девелопмент» АҚ басқарма басшысының орынбасары Асқарбек Өсербаев мәлімдегендей, операторлардың шешімдері мен барлық процедуралардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында, бағдарлама талаптарын тиімді жүзеге асыру үшін, аталған процеске барлық қоғамдық институттар қатысуы тиіс.    

2014 жылдың 26 желтоқсанындағы Қазақстан Республикасы Президентінің №986 Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясының 3.2. тармағында негізгі бағыттар көрсетілген:

– қоғамдық бақылау институтын енгізу;

– жекеменшік және квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу.

Стратегияның 4.3 тармағында «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, отандық бизнес мүддесін қорғаумен бірге, корпоративтік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекетке қатысты шараларды қолға алып, бизнестің ашық болуына әрі параға сатылмайтындығына өз үлесін қосу керек» деп көрсетілген.

Ұсынылған Ереже келесідегідей негізгі талаптарды қарастырады:

  • жобаға қатысты негізгі талаптар (бір пәтердің жалпы аумағы, соңғы  жөндеу талаптары, жер телімі құқығы жөніндегі талаптар, сараптаманың оң нәтижелері бар жобалық-сметалық құжатнаманың болуы және т.б.);
  • қарауға ұсынылған өтініштерді қабылдау тәртібі (Қоғамның ресми сайтына жариялануы, өтінішке қосымша ретінде қабылданатын құжаттардың толық тізімі және т.б.);
  • жобаларды қарау (құқықтық сараптау, техникалық сараптау, қауіпсіздікті сараптау, тәуекелді сараптау және т.б.);
  • жобаларды қарау ісін тоқтату себептері (кәсіпкерлік қызметті шектеу, тарату, қылмыстық істің орын алуы және т.б.);
  • тек арнайы құрылған Комиссия арқылы шешім қабылдау реті (шешім түрлері);
  • нысан құрылысына инвестиция құю келісімшартының басты шарттары.

Ережеге Қосымша ретінде өтініш-хат және қосымша құжаттар тізімі деп бекітілді.

ҰКП өкілдері Комиссия құрамына тәуелсіз сарапшылар ретінде енетін болады.

Жобағы қатысты өз ұсыныстарыңыз бен ескертпелеріңізді  2017 жылдың 20 қаңтарына дейін a.dosmaganova@palata.kz электронды поштасына жолдай аласыздар немесе +7 7172 91 93 61 (Досмағанова Аспена) телефонына қоңырау шалып, өз ұсыныстарыңызды білдіре аласыздар. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер