«КЕЗІНДЕ ТІПТІ ӘКІМДЕРМЕН ДЕ ТІРЕСІП ҚАЛҒАНМЫН»
Дінмұхамед ӘБСАТТАРОВ, Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.
- Бұрын «Атамекен» одағы болды ғой, кәсіпкерлер палатасының одан не айырмашылығы бар?
- «Атамекен» одағы бизнес ассоциациясы ретінде 2005 жылы құрылған болатын. Бірақ өзінің белгілі бір бағыты, арнайы заңы болмады. Ал ұлттық палата – заң негізінде құрылған, мақсат-міндеті айқын, коммерциялық та, мемлекеттік те емес, өзін-өзі басқару ұйымы. Кезінде қаржысы барлар өздерінің мүдделі мәселелерін мемлекетпен, үкіметпен тікелей байланысу арқылы шешіп жүрді. Алайда шағын және орта кәсіпкерлік иелерінің мүдделері қорғалмай, тасада қала беретін. Осындай кемшіліктері болған соң және ойдағыдай нәтиже шықпағаннан кейін президенттің шешімімен үкіметке тәуелсіз ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылды. Заңға сәйкес кәсіпкерлер палата мүшесі болуы тиіс және жарна төлеп отырады.
- Құрылған аз уақыт ішінде не бітіре алдыңыздар?
- Жуырда ғана ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовке жүз күндік есеп бердім. Дауысқа салу нәтижесінде сарапшылар жұмысымызды жақсы деп бағалады. Осы уақыт аралығында біз алдымен аймақта кәсіпкерлік саласының неліктен кенже қалып келе жатқанына талдау жасап, проблемаларды анықтап, облыс әкіміне тиісті ұсыныстар жолдадық. Тоғыз айдан бері жұмысы тоқтап тұрған кәсіпкерлерді қолдау орталығының жұмысы қайта жанданды. Кеңес беру жүйесі жолға қойылды. Тек бір айдың ішінде мамандар телефон арқылы кәсіпкерлерге 150 рет кеңес берген. Ал орталық арқылы 1500-ден астам азамат әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар, құқықтық құжаттар, бухгалтерлік есеп, салық мәселелері бойынша консультация алды. Облыстық прокуратура, қаржы полициясы органдарымен меморандумдар жасастық. Соның негізінде мобильді топтар жұмысын бастады. Жобаларды дамыту бөлімі ашылды. Мамандар құны 160 млрд. теңгеден асатын 57 жобаны қарап, 19-ы бойынша әкімшілік кедергілер және тағы басқа проблемалары барын анықтады және көмек қолын созды.
- Қызылордадағы бизнес-климатты қалай бағалайсыз? Аяққа оратылатын мәселелер «мынау», «мынау» деп айтып берсеңіз...
- Бизнес-климат басқа өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Оның себептері өте көп. Біріншіден, әкімшілік кедергілер. Екіншіден, қаржы жүйесінің әлсіздігі. Үшіншіден, мемлекеттік бағдарламалардың бәріне бірдей қолжетімсіздігі. Төртіншіден, ақпараттық қолдаудың жеткіліксіздігі. Осыдан кеп мәселе күрделеніп қалған. Біздің облыста өкінішке орай азаматтарға құқықтық, кәсіпкерлік сауаттылық жетіспейді. Соның кесірінен көптеген әкімшілік кедергілерге ұшырайды да, өзінің бизнесін дамыта алмайды. Осы ретте кәсіпкерлерге арналған оқу курстарын ұйымдастырып тұратын болдық.
- Қызылордалық бизнесмендер қаншалықты ұйымшыл: керек жерінде бір-бірінің сөзін сөйлеп, бір-бірін көтермелей алып жүр ме?
- Біздің негізгі мақсатымыз да – сол, кәсіпкерлердің басын бір шаңырақ астына біріктіру. Елімізде бұрын-соңды мұндай ұйым болған емес. Сондықтан кәсіпкерлер оның жұмысына басында күмәнмен қарағаны жасырын емес. Жиырма жыл бойы тек әкімшілік және мемлекеттік органдар арқылы жұмыс істеуге мәжбүр боп келді, олардың сөзін сөйлейтін бейүкіметтік ұйым жоқ-тұғын. Бүгінде өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің құрамында бизнес саласындағы кемшіліктерді ашық айтып, елдің мұң-мұқтажын сөйлейтін, бірлігі жарасқан азаматтар жұмыс жасап жатыр.
- Мораторий жарияланды, айтыңызшы, бұдан кім не ұтады?
- Меніңше, бұл – ел экономикасында кәсіпкерлік саласының ролі мен маңыздылығын айқындай түсетін қадам. Әйтпесе, неге мемлекеттік органдарды немесе басқа салаларды тексеруге мораторий жарияламайды?! Ондай жоқ қой. Өйткені кәсіпкерлік – экономиканы дамытудағы жетекші күш. Әріптестеріміз мұның дұрыс шешім болғанын айтып, ризашылықтарын жеткізіп жатыр. Мораторий жарияланды екен деп біз қарап отырмауымыз керек. Үкіметке маңызды ұсыныстар әзірлеуге тиіспіз. Сөйтіп, кәсіпкерлік саласына күш беретіндей құқықтық кеңістік құрылады. Сондай-ақ саланың күрделі мәселесін қоспағанда, келер жылдан бастап жоспарлы тексеру деген мүлдем жойылады. Рұқсат беру жүйесін автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Бизнес-омбудсмен ұғымы пайда болады. Ол кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын адвокат сияқты. Қызылордада шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 99 пайызды құрайды. Мораторийдің жариялануы біздің өңір үшін осылайша өте қолайлы боп тұр. Өткен жылы 6 мыңға жуық тексеру жүргізілсе, соның 4 мыңға жуығы – шағын, 1200-дейі – орта, ал қалғаны ірі бизнестің үлесінде. Негізгі кедергілер шағын бизнеске түсіп отырған соң ол қайдан дамысын?! Тәжірибе көрсеткендей, жаңадан ашылған кәсіпкерлік субъектілерінің 95 пайызының ғұмыры қысқа болады екен. Мораторийдің арқасында енді бұл көрсеткіш қысқарады деген болжамымыз бар.
- «Кәсіпкерлік мемлекеттің қолдауынсыз дамитын кезге жеттік» дейтіндерге не айтар едіңіз?
- Солай деп жүр ме?! Жо-о-қ. Кәсіпкерлік пен мемлекет бір-бірінсіз дамымайды. Бір-бірінің ішкі ісіне араласпасын, бірақ бір-біріне жағдай жасап отыруы тиіс.
- Бизнесмен десе, шекесі шылқыған адам келеді көз алдымызға. Мынадай қызметте жүрген соң сіздің де тәуір кәсібіңіз бар шығар, қаншалықты байсыз? Меншігіңізде не бар?
- Әрине, өзімнің кішігірім бизнесім бар. Онда да жеке қонақүй және көлік жуатын орын ғана. Жасырмаймын, Астана мен Қызылордада бір-бірден көлігім, үйім бар. Айлығым жаман емес, шүкір. Бірақ мен байлықты бұлармен емес, бақытпен өлшеймін. Бала-шағамның көйлегі көк, қарындары тоқ болса, жақсы жерден білім алса, міне, сол бәрінен артық. Анам аман-есен, қасымда, Аллаға шүкір. Ал капитал адамның бақытты болуына жағдай жасау үшін ғана керек. Шынымды айтсам, бұған дейін оңай жолмен нан табу туралы ойлап көрмеппін.
- Басы тұнып тұрған идея, жаңа кәсіп ашқысы келеді, бірақ қалтасы жұқа жастарға қалай көмектесе аласыздар?
- Оларды көтермелеу бағытында біз тоқсан сайын арнайы байқаулар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Кәсіпкерлер бұл бастамамызды қолдауға дайын. Өзіңіз білесіз, өңіріміздің бизнес саласында қартаю тенденциясы байқалады. Мен алдағы уақытта жастарға тың серпін береміз деп ойлаймын.
- Шенеунік боп жүргеніңізде де қазіргідей батыл ой айта алдыңыз ба?
- Мемлекеттік қызметте жүргенде менің сөзден тосылып қалған кезім жоқ. Жақын адамдарым «тура айтасың» деп жүреді. Иә, кезінде тіпті әкімдермен де тіресіп қалғанмын. Мен жеке мүдде мен қызметті араластырғым келмейді. Бірақ билікпен әрқашан сыйласып, санасып жұмыс істеуге дайынмын.
- Жұмысыңызға сәттілік, рахмет!
Дерекнамасы: kyzylorda-news.kz
Пікір қалдыру:
Пікірлер: