astana-view

ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН - Астана кәсіпкерлер қаласына айналып келеді

2017 жылғы 13 Ақпан
1552 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, Астана тұрғындарының 63%-ы шағын және орта бизнес субъектілерінде еңбек етсе, саланың бюджетке түсірген қаржысы былтыр 1 трлн теңгеге жеткен.

Халықтың жартысынан көбі кәсіпкерлердің қолында еңбек етеді

Астана кәсіпкерлерінің конференциясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев 2017 жылға арналған негізгі жұмыс бағытын атап көрсетті.

«2017 жылы өңірлердегі бизнес-қоғамдастықты дамытуға ден қоюымыз керек.  Бұл жұмысты Астанадан бастап отырмыз. Астана тұрғындарының 63% шағын және орта бизнес саласында еңбек етіп, 1 триллионнан астам сомада бюджетке түсім жасады. Елорданың бас жоспарында да бизнес мүддесі қарастырылған. Айталық, индустриалдық аймақ жұмыс көрсеткіші жоғары, ауданның 90% игерілген. Жақсы нәтижелер бизнес пен әкімдік арасындағы дұрыс қойылған байланыстың көрінісі. Сондықтан өзге өңірлер де осы бағытта жұмыс істеуі керек», — деді Тимур Құлыбаев.

Сонымен қатар, Тимур Құлыбаев бизнес-қоғамдастықтың  Астана әкімдігімен бірге «1000 сауда орны» жобасының жүзеге асырылғанын, кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Өткен жылы бизнесті дамыту бағытында  жоспарланған 27 іс-шараның  25-і жүзеге асырылған.

«Мемлекет басшысы Жолдауда бизнестің құқығы мен мүддесін қорғауға назар аударды. Кәсіпкерлер палатасы осы міндетті жүзеге асыру жұмыстарын жүргізеді. Бас прокуратурамен, мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша қызметін жалғастыра бермек. Сондай-ақ заңнамаларды жетілдірумен айналысатын боламыз. Салық салушылар тарапынан бизнес-қоғамдастыққа қысым келтірілетіні белгілі. Салық кодексін кәсіпкерлерге түсінікті, ыңғайлы етуге өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін комиссия құрылды. Барша бизнес өкілдерін салық кодексіне қатысты ұсыныстарын Кәсіпкерлер палатасына жолдауға шақырамын», ­– деп жұмыс жоспарларын нақты атап өтті.

Кәсіпкерлер палатасының жұмыс жоспарында мемлекеттік сатып алуларда жергілікті қамту үлесін бақылау, отандық тауар өндірушілерді қолдау, отандық өнімдерін ұзақмерзімді келісімшарттар арқылы қамтамасыз ету мәселелері маңызды. Сонымен қатар жекешелендіру мәселесі де 2017 жылғы жоспардағы айрықша мәнге ие жұмыстың бірі.

«Бүгінге дейін бизнеске ұтымды  емес активтер шығарылған. Коммуналдық мекемелердің бизнеске қажеттілері әкімдік балансынын шығарылуы керек. Мемлекеттің үлесінде қалуға тиісті 15% нысандарды анықтауымыз керек. Әсіресе, медицина саласындағы мекемелер бәсекеге қабілетті ортаға берілуі керек. Жалпы осы салада бірлесе нәтижелі жұмыс жасаймыз», – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

Шағын және орта бизнес субъектілері 100 мыңнан асты

Астана кәсіпкерлерінің жыл сайынғы конференциясында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов шағын және орта бизнесті дамыту бағытында өткен жылы жоспарланған іс-шаралардың 92% орындалғанын жеткізді.

Басқарма Төрағасы орынбасарының айтуынша, Астанада шағын және орта бизнес субъектілері жыл сайын артуда. 2016 жылдың қаңтары мен  2017 жылдың қаңтардағы көрсеткішті салыстырсақ,  ШОБ 1,1% артқан, яғни бүгінде бас қаладағы ШОБ субъектілерінің саны 100,2 мыңды құрап отыр. Осылайша Астана қаласының жалпы ішкі өнімі 1% артқан. Ел экономикасының ЖІӨ 11,8%-ын  Астана қамтамасыз етіп, Алматы қаласынан кейін екінші орынды иеленді. Сонымен қатар өткен жылы инвестиция көлемі 837,7 млрд теңгені құрады, осылайша 2015 жылмен салыстырғанда 8,4%-ға артқан.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Астана қаласы әкімдігімен, мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысының нәтижесінде билік пен бизнес арасында қарым-қатынас беки түсті. Осылайша Кәсіпкерлер палатасы мен Астана әкімдігі мемлекеттік сатып алуда жергілікті қамту үлесін арттыру бағытында былтырғы жылдың мамыр айынан бастап арнайы комиссия құрып, бизнестің қатысуымен 6 отырыс ұйымдастырған.

«Мемлекеттік сатып алуларда отандық үлесті арттыру біз үшін маңызды. Арнайы комиссия жұмысының нәтижесінде жақсы жетістіктерді көруге болады. Мысалы, 2015 жылмен 2016 жылдағы сатып алуларды салыстырар болсақ, жергілікті қамту үлесінің мөлшері айтарлықтай өскен. 2015 жылы 11,8% болса, 2016 жылдың 11 айы ішінде 36,9% құраған. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауында айтылған жекешелендіру мәселесіне көңіл бөлуіміз керек. Бұл мақсаттың орындалу қарқыны Астанада жақсы, бүгінде 3,5 млрд теңге көлемінде 6 нысан бәсекелестік ортаға берілді», – деп атап өтті Төлеміс Шотанов.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасын жүзеге асыру бизнес үшін негізгі мүмкіндік деп көрсете отырып, бас қаланың әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасы бірлесіп 31,5 млрд теңге тұратын 13 жобаны жүзеге асыратындығын жеткізді. 2016 жылы Палатаның қатысуымен 13 сараптама қорытындысы шығарылып, жекеменшік әріптестердің тізімі жасалған.

Сонымен қатар Басқарма Төрағасының орынбасары Кәсіпкерлер палатасындағы маңызды жоба ­– Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасына Елордадағы 3,9 млрд теңге сомасындағы 24 инвестициялық жоба енгізілгенін мәлімдеді. Онымен қоса, Кәсіпкерлер палатасы көрсететін қаржылай емес қолдау қызметіне де тоқталды. Астанадағы кәсіпкерлерге  көмек көрсету орталығының қызметіне өткен жылы шағын және орта бизнестің 3229 өкілі жүгініп, оларға 4558 қызмет көрсетілгенін атап өтті.

Басқарма Төрағасының орынбасары мамандар сұранысын анықтайтын автоматтандырылған бағдарлама жасаудың қажеттілігіне де тоқталды.

«Мұндай жүйе ең алдымен мамандарға сұраныстың шынайы көрсеткішін анықтауға, екіншіден,  нарық қажеттілігінің орнын шұғыл толтыруға зор септігін тигізер еді. Сондай-ақ жұмыспен қамту орталықтарының қызметін жеке меншік агенттіктерге тапсырылса…», – деп ұсыныс білдірді Төлеміс Шотанов.

Соңғы жылдары Астанада техникалық мамандық иелері, атап айтқанда құрылыс, сауда және қызмет көрсету салаларында біліктілігі жоғары мамандардың тапшылығы сезіледі. Астанада 490,2 мың экономикалық белсенді тұрғындардың 191,3 мың жұмысшысы аталған салаларда еңбек етуде, ал 30,3 мың адам өндіріс саласында, 76,1 мың адам құрылыста, 36,4 мың адам саудада, 48,5 мың адам қызмет көрсету саласында жұмыс істейді.

Төлеміс Шотанов бірқатар ұсыныстарды атап өтті. Оның ішінде, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын мақұлдау процедурасын барынша ықшамдау жұмысын жалғастару, МЖӘ жобаларын мемлекеттік қаржылай қолдау құралын кеңейту, коммуналдық меншіктерді бәсекелестік ортаға беру, бизнесті қаржылай емес қолдауды автоматтандыру, білім беру мекемелері мен бизнестің байланысын нығайту, секілді бірнеше бағыттағы жұмыстарды атап өтті.

Кәсіпкерлерге қамқорлық күшейді

Астаналық әкімдік мен кәсіпкерлер палатасы басшыларының  мүдесі ортақ – қалалық бизнес-ортаны жетілдіруде айтарлықтай  нәтижелерге қолжеткізген.

Бизнесті дамыту бағытында өткен жылдың қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП Астана әкімдігімен бірге жоспарланған 27 іс-шараның 25-сін жүзеге асырған. Оның ішінде кәсіпкерлікті дамыту жол картасының маңызы жоғары. Қаланы көркейту, экономикалық тұрғыдан нығайту, кәсіпкерлерді қолдау арқылы жүзеге асқан нәтижелі жұмыс туралы Астана қаласының әкімі  Әсет Исекешев мәлімдеді.

«Қолайлы бизнес-ортаның негізгі басымдықтары экономика салалары бойынша көрініс тауып отыр. Бүгінде бас қала республиканың ең негізгі қаржы доноры іспеттес: барлық негізгі экономикалық мәселелер мен сұрақтар, осы жерден шешім табады, ілгерілейді, ірі іскерлік шаралар өткізіледі. Қаланың дамуына «Атамекен» ҰКП мен «Даму» қорының үлесі, атап айтқанда,  «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының маңызы орасан зор», – деді Астана әкімі Әсет Исекешев.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Астана әкімдігі, Прокуратура, Сәулет басқармасы және басқа да мемлекеттік ограндармен бірлескен жұмыс нәтижесінде 10 әкімшілік кедергі алып тасталды.

Сауда саласында да іргелілеу бар. 1000-ға дейін жаңа сауда орындары ашылып, сауда орындары 3,5 есеге артты, сондай-ақ, жалға алу мерзімі 1 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. Жеке меншік балабақшаларды субсидиялау 45%-ға артты, субсидия арқылы төлем көлемі азайтылды.

Қала жолдарындағы қауіпсіздік пен тұрғындар қажеттілігін орындау үшін қалада такси қызметі жақсартылып жатыр.  «Даму» қорымен таксопарктерді қаржыландыру жүргізілуде,  осы арқылы қолданыстағы 475 көлік санын 2 млн-ға өсіру көзделген. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қала әкімдігі мен ҰКП бірлесіп, Астананың сол жағалауында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашпақ.

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетовтың айтуынша,  2016 жылы бизнесті қорғау бойынша түскен 302 өтінімнің  93-і оң шешім тапқан, ал 29 өтінім қарастырылуда. Астаналық кәсіпкерлік палатасы  қала прокуратурасы, мемлекеттік органдармен  бірлесіп жұмыс істеуінің нәтижесінде 2,47 млрд теңге  сомада кәсіпкерлер құқығы қорғалған.

«Қазіргі таңда бизнестің Консультативтік-кеңесу органдарына қатысуы 25%-ды құрайды. Бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізу туралы бас қала әкімдігімен өзара келісім жасалған. Палата өз кандидатураларын ұсынып отыр, оларды таңдау-таңдамау әкімдік құзырында.  Мәселен, Қала құрылысы кеңесінде бизнестің үлесі 68,75%-ға, Үдемелі индустриалды даму бойынша үйлестіру кеңесінде 50%-ға жеткізілді. Өкінішке орай, жер учаскілерін бөлу комиссиясы мен мемлекеттік мүлікті сенімді басқаруға беру комиссиясы сынды Консультативтік-кеңесу органдарына бизнес үлесі тым төмен», – деді Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетов.

Ғани Тасмағанбетовтың айтуынша,  тұрғын үйге арналмаған орын-жайлардың функционалдық қызметі бойынша заңнама талаптары бизнес өкілдеріне тым өзекті болып тұр. Мәселен, атқарушы, бақылаушы органдар кәсіпкерлерден тұрғын үйге арналмаған орын-жайларын «азық-түлік дүкені», «сән салоны» деп нақты рәсімдеуді талап етеді, бұл үдеріс қосымша шығынды, әурешілік пен уақытты талап  етіп, кәсіпкерлердің құқығын шектейді. Осы тұрғыда Кәсіпкерлер палатасы тұрғын үйге арналмаған орын-жайларды кез келген коммерциялық мақсатқа қолдануға болады деп санайды. Сонымен қатар адал салық төлеушілерді ҚҚС бойынша тіркеу есебінен ескертусіз жүйелі түрде шығару мәслелері күн тәртібінде тұр. Салық органдардың негізсіз тексерулері мен кәсіпкерлік субъектілеріне қойған қатаң талаптары шағын бизнесті кенжелетіп отыр. Бұл мәселемен палатаға көп шағымдар түскен. Аталған мәселелерді түбегейлі шешу үшін Палата Салық органы ҚҚС бойынша есептен шығаруды тек сот арқылы шешіп, оны заңдық тұрғыда бекіту керектігін ұсынып отыр. Сондай-ақ, МЖӘ жобаларын мақұлдау рәсімін барынша қысқарту жұмысын жалғастыру, МЖӘ жобаларын қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламасын енгізу бойынша алдағы уақытта елордада бизнестің барлық саласын дамыту туралы Кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары айтылды.

Астана қаласы әкімі Әсет Исекешев қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің маңызын атап өтті.  Әкімідікпен тұрмыстың сапасын көтеру бойынша нақты 20 қадам бекітілген. Денсаулық сақтау, қоғамдық көлік мәселесі, такси қызметі іспетті негізгі бағыттардың дамуына басымдық берілген. МЖӘ секілді жаңа тетік арқылы астаналық бизнес-орта нығая түспек.

«Астана қаласы еліміздің солтүстік аймағы, қарды уақтылы тазалау, тұрғындардың жүріп-тұруына жағдай жасау басты міндет. Осындай мәселелерді нәтижелі шешуге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімдер көмекке келеді. Еордадағы балабақшалар, бейнебақылау нысандары сынды қызмет түрлері МЖӘ-ға беріледі, бүгінгі таңда әкімдік байқаулар жариялап жатыр», – деп атап өтті Әсет Исекешев.

Конференция барысында 3 айдан кейін өткізілетін ЭКСПО-2017 халықаралық  шарасы да бизнес тұрғысынан талқыланды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бас қаланың туризм әуелеті жан-жақты қаралуын тілге тиек етті.  Мәселен, әуежай тасымалдарының тарифтерінің қымбаттығы ЭКСПО-ға келетін қонақтар санына кері әсер етуі мүмкін.

«Биыл Астанада ЭКСПО шарасы өтеді. Осы тұрғыда қалалық мейрамханалар мен қонақ үйлердің сапасын жетілдірумен тығыз айналысып жатырмыз. Ас мәзірі, бағаларды бекіту, ағылшын тілін меңгерген мамандарды тарту басты нысанда.  Жоспар бойынша ЭКСПО науқанында Астанаға 2 млн турист келеді. ЭКСПО-дан кейін де біз жыл сайын осынша туристерді қабылдауымыз керек», – деді қала әкімі Әсет Исекешев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер