astana-view

Бақытжан Сағынтаев: «Атамекен» – пәрменді құрылым

2017 жылғы 30 Наурыз
- Ақтөбе облысы
8215 просмотров

Үкімет бизнес-қауымдастықпен үнемі келіссөздер жүргізіп маңызды мәселелерді шешеді

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР ҰКП-ның төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев қатысқан Ақтөбе облыстық «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер Палатасының Кеңесінде өткізілген кездесу барысында мәлімдеді.

Ұлттық кәсіпкерлер Палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың айтуынша Ақтөбе облысы іс жүзіндегі бизнес саны бойынша жақсы көрсеткіш көрсетуде. Бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп келеді. Бизнес-қоғамдастықтың проблемаларына келер болсақ, мұндай жағдай барлық өңірлердің кәсіпкерлеріне етене таныс. Бұл кәсіпкерліктің дамуын тежейтін өнімді өткізу, сатып алулар, қаржыландыру және т.с.с. мәселелер.

Өңірлік кеңестің төрағасы, «Алтын қыран» компаниялар тобының бас директоры Исламбек Салжанов атап өткендей, Ақтөбе облысындағы бизнестің бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелері қаражаттың қолжетімді болуы, нарық қысымы, инвестицияның және жер қойнауын пайдаланушылардың инвестиция көлемінің азаюына байланысты құрылыс көлемінің төмендеуі және кәсіпкерлердің айналымдағы қаражат мөлшерінің аздығы мен халықтың сатып алу қабілеттілігінің төмендеуі болып табылады. «Бұл аталған факторлар кәсіпкерліктің толыққанды дамуына және өңірдегі іскерлік белсенділіктің көтерілуіне айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан да осы мәселелерді шешу тез арада әрекет етіп, шешім қабылдауды талап етеді», - деді Исламбек Салжанов.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында ҚР Премьер-Министрі мен аймақтық кеңес мүшелерінің кездесуі бірінші рет өткізілді. Сондықтан да Өңірлік кеңес мүшелері бизнесті толғандыратын бірқатар сұрақтарын тікелей қою мүмкіндігін жібермеді. Мысалы Өңірлік кеңес мүшесі, «Дастан» ЖШС-нің басшысы Асхат Айтжанов жалған кәсіпкерлік мәселесін қозғады. «Сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстық іс, қылмыс құрамы бойынша жалған кәсіпкерлікке байланысты істің мән-жайы толық зерттелмейді, яғни контрагенттер арасындағы өзара қарым-қатынас толық тексерілмейді. Нәтижесінде қызметін адал атқаратын кәсіпкерлер автоматты түрде қаулы бойынша қызметін тоқтатуға мәжбүр болады. Сонымен қатар сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін қосымша салынатын салық, айыппұл және өсімпұл төлеп көп шығынға батады. Айтылған жағдайларда көптеген кәсіпорындар бюджетке салынған айыппұлдар, өсімпұлдар мен салықты бюджетке төлеуге шын мәнінде шамасы жетпейді», - деді кәсіпкер.

Өңірлік кеңестің мүшелері жалған кәсіпкермен қарым-қатынаста болған адал кәсіпкерлерге қатысты: сот үкімі арқылы салық, айыппұл, өсімпұл төлеуге мәжбүр болған және адалдығын дәлелдеген кәсіпкерлерге рақымшылық жасауды ұсынады.

Сонымен қатар 2016 жылдың соңына дейін ҚР Қылмыстық кодексінің 215-бабын тиімсіз болғандықтан, ізгілендіру ұсынылды. Жалған кәсіпкерлік – несие алу кезінде заңсыз әрекеттерге бару, салық төлеуден қашу, заңсыз пайда табу тәрізді өзге де қылмыс түрлерін жасауға итермелейтін зор қылмыс. Сондықтан да жалған кәсіпкерлік туралы бапты алып тастауды немесе жалған кәсіпкерлік құруды ғана қылмыс деп тауып, жазалауды ұсынады Асхат Айтжанов.

Өз кезегінде «Актеп» ЖШС-нің құрылтайшысы өңірлік кеңестің мүшесі Нұрлан Сағыналин мемлекеттік органдар жүргізетін тексерулердің көптігін атап айтты. «Талдауға сүйенсек 2016 жылы Ақтөбе облысында 19 бақылау-қадағалаушы органдар жүргізген тексерістер саны 2015 жылмен салыстырғанда 2,2 есеге артқан (2015ж. – 3072 тексеру, 2016ж.- 6625 тексеру). Тексерудің артуына объектілерге тексеру жүргізуге рұқсат ететін Кәсіпкерлік кодексінің 132 бабында көрсетілген нормалар ықпал етеді», - деді кәсіпкер.

Яғни заңды тұлғаның барлық филиалдарында бір мәселе бойынша бақылаушы орган 30 күн тексеру жүргізеді. Нәтижесінде, санына байланысты барлық филиалдарда орта есеппен 9 айға дейін созылатын 6-9 тексеру жүргізіледі. «Сондықтан да мемлекеттік органдардың объектілік қағидаты бойынша қадағалау-тексеруді болдырмау үшін Кәсіпкерлік кодексінің 132-бабына өзгерістер енгізуді дұрыс деп санаймыз. Көрсетілген өзгерістер тексеру уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Тексерудің мұндай түрі өзгерістерден бұрын да болған», – деді Нұрлан Сағыналин.

Агробизнесті толғандыратын тағы бір мәселе – «Бірыңғай жер салығы». Ақтөбе облысының «Сүт және сүт өнімдерін өндірушілер қауымдастығы» ЗТБ-ның төрағасы өңірлік кеңес мүшесі Марат Итеғұлов дәл қазіргі уақытта Ақтөбе облысында «Бірыңғай жер салығы» режимін енгізумен байланысты салық жүктемелерінің мәселелері фермерлерді алаңдатып отырғанын айтты.

«Мәселе мынада – салық кодксінің 439-бабына сәйкес Ақтөбе облысы екінші аумақтық аймақта орналасқан, сондықтан да фермерлердің жер көлемі 3500 га-дан аспауы тиіс. Ал бұл көрсеткіштен асып кеткен жағдайда автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық режимі – 100% салық салу қолданылады», - деді ол.

Сонымен қатар Ақтөбе облысының 12 ауданының 7-еуі (Шалқар, Байғанин, Ырғыз, Әйтеке би, Мұғалжар, Темір, Ойыл) жалпы аумағының 84% құрайтын жері мал шаруашылығында пайдаланылады, ал бонитет балы 14-тен аспайды. Ақтөбе облысы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары тәрізді табиғи-климаттық ерекшеліктері бойынша дала және шөлейтті аймаққа жатады. Сондықтан да бір бас малдың жайылымына орта есеппен 3 тен 34 гектарға дейін жер керек. Осылайша 150 бас ірі қарасы, 300 бас ұсақ малы және 30 жылқысы бар шағын шаруашылыққа жайылым үшін шамамен 4000 гектар жер керек. Бұл шабындықты есептемегенде. Осыған орай Салық кодексінің 439 бабына өзгерістер енгізіп, Ақтөбе облысын 1,2 және 3 аумақтық аймаққа жатқызу ұсынылады.

МЖӘ қатысты сұрақты «Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау Ассоциациясы» ЗТБ-ның басқарма төрағасы, өңірлік кеңестің мүшесі Талғат Хамитов қозғады. «БЖК -2020» бағдарламасы бизнесті қолдаудың жақсы бір шарасы болып табылады, осы бойынша ЕДБ несиелеріне жәрдемақы бөлінеді. Алайда бағдарлама бойынша МЖӘ жобаларына жәрдемақы бөлу оны өзге тұлға пайдалануға алған сәттен бастап тоқтатылады», – деп атап өтті ол.

Мысалы МЖӘ-мен жасалған келісімшарт бойынша ғимарат салынып, мемлекетке физика-математикалық мектеп ашу үшін спортзалымен, асханасымен қоса интернат 5 жылға жалға берілді (бұрын физико-математикалық мектеп ескі балабақшада орналасқан болатын, спортзалы болмаған). Қазіргі уақытта жеке серіктесі жоғарыда айтылған мемлекекттік көмектен кәсіпкер МЖӘ ғимаратын жалға бергендіктен қағылып отыр. «МЖӘ шеңберінде іске асырылған жобалардан шектеулерді алып тастуды ұсынамыз»,- деді сөз соңында Талғат Хамитов.

Сондай-ақ сұйылтылған газдың бөлшек саудасымен айналысатын бизнес өкілдері жанармай мәселесіне келгенде мемлекеттік органдар тарапынан болатын қысымға шағымданады. Бұл ретте олар үнемі кәсіпкерлерді газдың бағасын шарықтатып жіберді деп айыптап, әкімшілік шара қолданып жатады. Енді кәсіпкерлерді тұрғындарды дүрліктіріп, жанармай тапшылығын қолдан жасап отыр деп айыптауда. Алайда Өңірлік кеңес мүшелері мәселені төмендегідей суреттейді.

ҚР энергетика Министрлігінің 2016 жылғы 5 шілдеде шыққан № 301 бұйрығына сәйкес сұйылтылған газдың көтерме бағасы 11 033,91 теңгеден 23 106,45 теңгеге көтерілген. ҚҚС есептемегенде, яғни көтерме баға 209,4% қымбаттаған. Осының нәтижесінде жанармай станцияларында бөлшек сауда бағасы да көтерілген. Алайда тексеру кезінде бұл мәселеге уәкілетті орган да, сот та мән бермеген болып шықты. Осының салдарынан 16 компания жауапқа тартылды. Облыс бойынша айына 7000 тонна газ қажет болса, квота бойынша 5200 тонна ғана газ бөлініп келген.

Сонымен қатар газ станцияларында ұзынсонар кезектің пайда болуы облыстық МСҚБ басқармасы тарапынан бақылаудың күшейтілуіне байланысты, 28 ұялы модульдік үлгідегі газ станцияларының жабылуымен де байланысты. Алайда МСҚБ өкілдерінің ойынша мұндай станцияларда әлі де құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатқандықтан, тиісінше саулет-жоспарлау тапсырмасы керек, жоба сараптамадан өтуі керек және т.б.с.с. Және мұндай жағдай тек Ақтөбе облысында ғана кездеседі. Ақтөбе облысына бөлінетін квота мөлшерін 7200 тоннаға жеткізу ұсынылып отыр. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алуларға байланысты мәселелер де ортаға салынды, көлік мәселелері және ҚҚС қайтару мәселесі талқыланды.

Бұл мәселелердің барлығы бізге мәлім деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев. «Бүгінгі таңда жылдың соңына дейін еліміздегі нормативтік-заңнамалық базаны реттеп, кәсіпкерлікке қатысты көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін өзгерістер енгізуге жағдай жасалып жатыр. Біз «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнесті дамыту және қолдауда шешім қабылдауға әсер ететін әлеуетті құрылым екенін көріп тұрмыз. Билік бүгінде «Атамекен» ҰКП билік пен министрліктер алдында барлық кәсіпкерлердің атынан сөйлеп тұрғандықтан оның пікірімен санасуға дайын және сөзсіз санасады»,– деді министрлер кабинетінің басшысы.

ҰКП жұмысының ашық мысалы ретінде ауылдық кәсіпкер Сұлушаш Қадырова сөз сөйледі. Ол «Bastau Бизнес» деп аталатын ауыл тұрғындарын бизнес ашып, жүргізуге үйрететін пилоттық жобаға қатысқан. 2016 жылы екі айлық курстар өз жемісін берді. Сертификатты былай қойғанда, бұрын бизнеспен мүлде айналыспаған Темір ауданының тұрғыны өз жобасын қорғап шықты. Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы мен әкімдіктің көмегімен қаржыландыруға қол жеткізді. Нәтижесінде несиеге алынған 2 миллион теңгеге ауылдан жылыжай ашты. Осы іс аймақта өте қажет болған екен. Кәсіпкер осындай жоба үшін және өз кәсібін ашуға көмектескені үшін ҰКП-на алғысын айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер